Accessibility links

"Қазақгейт" шатағы бойынша алғашқы сот мәжілісі өтті


Нью-Йорк қаласында атышулы "Қазақгейт" шатағы бойынша сот тергеуі басталып кетті. Маусымның 3-де АҚШ Федералды сотында алдын-ала тыңдау өтті. Айыпталушы Джеймс Гиффен 10 миллион долларды кепілдікке қойып, қамаудан босатылған, сондықтан сотқа ол үйінен келіп жүр. Джеймс Гиффен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және бұрынғы бас министр Нұрлан Балғымбаевқа 78 миллион доллар пара берді деп айыпталып отыр. Қазақстан басшылығы Америкадағы сот ісіне ешқандай қатысымыз жоқ деп мәлімдесе де, олай болмай тұр.

Бейсенбі күні Нью-Йорк қаласында, Федералды Сотта, алдын-ала тыңдау мәжілісі өтті. Тергеу мәжілістері 4-ші қазанда басталмақ. Жалпы, америка сотының барысы баяу жүреді Қазақстан соттарымен салыстырғанда. Айыпталушылардың күнәсін дәлелдеу үшін тиянақты зерттеулер жасалады, адвокаттардың жұмысына көп уақыт беріледі. Алайда, 3-ші маусымда тек алдын-ала тыңдау мәжілісі өтті дегенмен, дауға қатысты барлық тараптардың уәждері айқындалды, адвокаттардың да, прокурорлардың да дәлелдері таразы басына қалай қойылатыны белгілі болды. "Қазақгейт" шатағы бес жыл бойы қызылкеңірдекке жем еді, сотқа жеткен алғашқы күннің қысқаша қортындысы осындай.

Нью-Йорктен "Азаттық" радиосының тілшісі Никола Краснев хабарлағандай, алғашқы мәжіліс Гиффеннің адвокаттарын тыңдауға арналды. Гиффенді Нью-Йоркте орналасқан "Крониш, Лейб, Уайнер және Хельман" деген заң компаниясының адвокаттары Стивен Кохен және Уильям Шварц қорғап жатыр. Мәжілісті АҚШ жоғары сотының мүшесі Уильям Полей жүргізді. Адвокаттардың басты уәжі – "Қазақгейт" шатағы Америка Құрама Штаттарының заңына қарасты емес, сондықтан сот тергеуін тоқтатып, істі жабу керек дейді.

Адвокаттар "Мемлекеттік доктрина акті" деген АҚШ-тың заңына жүгініп отыр. Ол доктрина бойынша басқа бір егеменді елдің жерінде болған шаруалар АҚШ сотына бағынбайды. Ал АҚШ әділет министрлігі болса – "Қазақгейт" шатағының шаруалары Қазақстан шекарасынан баяғыда асып кеткен деп бұдан бұрын жариялаған өз дәлелін. Адвокаттар, сол сияқты, Гиффен Қазақстан үкіметінің тапсырмасы бойынша қимыл жасады, және оның қимылдарын Қазақстан үкіметі дұрыс деп қабылдаған, сондықтан бұл жерде АҚШ-тың тағы бір заңы – "Шетелдегі коррупциялық істер актісін" бұзу белгілері жоқ дейді. Адвокаттардың үшінші уәжі – Гиффен Американың тыңшысы болды, ол Қазақстанда көрген-естігенінің барлығын Орталық барлау агенттігіне және Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне жеткізіп тұрды, демек Гифеннің қимылдарын АҚШ үкіметі де мақұлдап тұрды дейді.

Айыптауды сотқа АҚШ аймақтық прокурорының көмекшісі Питер Нейман және арнаулы кеңесші Филип Уровски кіргізді. Прокуратураның айтуынша, Джеймс Гиффен Қазақстан үкіметінің кеңесшісі деген мәртебеге ие болса да, Джеймс Гифеннің қолынан өткен миллиондар не Қазақстан үкіметінің, не Қазақстан халқының мүддесіне жұмсалмаған. Қаржы төлемдері қазақстандық жеке тұлғалардың мүддесіне қызмет етті, іс жүзінде бұл аса үлкен бизнес шаруалары үшін пара болды дейді айыптаушылар. Прокуратура құпия банк есеп-шоттарының тізімін көрсетіп отыр. Қазақстан үкіметінің иелігіндегі есеп-шоттардың бірі Нұрлан Балғымбаевтың атына ашылса, басқалары президент Назарбаевтың иелігінде, дейді прокуратура. Балғымбаевтың қызы Самал Балғымбаева да ақша иесі деп көрсетілген. Президент Назарбаев дүниеден өтсе ақша мұрагері оның үй-іші болады деп көрсетілген делінеді.

"Азаттық" радиосының Нью-Йорктағы тілшісі Никола Краснев сот жайында кейбір сарапшылардың пікірін сұрады. Вашингтонда орналасқан Саяси және экономикалық зерттеулер жөніндегі Халықаралық институттың директоры Ринат Ахметшин Қазақстан үкіметі тергеуді тоқтатуға әу бастан күш салып келеді дейді:

- Қазақстан үкіметі жалдаған адвокаттар АҚШ әділет министрлігіне қайырылды, істің халықаралық маңыздылығын алға тартып, тергеуді тоқтатуды сұраған. Олар мәселені жеке бір комитеттердің шеңберінде шешуді сұрады. Алайда бұдан түк шыққан жоқ, себебі не АҚШ әкімшілігі, не Сенаттың қандай да бір комиссиясы заң тәртібі бойынша өздері ешқандай істі не тоқтата алмайтыны, не бастай алмайтыны анық.

"Қазақгейт" шатағының саяси әңгімесі басым. "Қазақгейт" шатағының саяси мағнасы терең деп Джеймс Гиффеннің де адвокаттары алға тартты. Мұндай іс АҚШ соттарының тәжірибесінде болмаған, Қазақстан АҚШ-тың стратегиялық серіктесі, іске қызмет басындағы президент қатыстырылып отыр, іс тоқталылмаса – болжаудың өзі мүмкін емес саяси салдары орын алуы ықтимал, дейді адвокаттар. Осы тұрғыдан қарағанда, адвокаттармен прокурорлар "Қазақстан халқына адал қызмет ету не?" – деген өлшемді қалай түсінетіндерін ортаға салды. Төреші Уильям Полей іс саяси жағынан өте қиын екенін білемін, саяси салдары алысқа кетуі мүмкін екенін де білемен деп айтты. Төреші Уильям Полей алдағы бірнеше аптада жеке арнайы шешімдерді шығарамын деді. Мұндай шешімдер сот тергеуінің тәртібін реттеу үшін, жалпы, шығарылып тұрады.

Жалпы, тергеу мәжілістері 4-ші қазанда басталмақ. Бірақ, төреші айтқандай, іс өте күрделі болғандықтан шетелдердегі күәлардан түсінік алу керек. Сондықтан, барлық жұмыс кестесі менім үлгеруіме тәуелді,- деді төреші Уильям Пoлей.
XS
SM
MD
LG