Accessibility links

АҚШ-тың экс-президенті Рональд Рейганды кейбір қазақстандық сарапшылар Американың әлемде «басымдылық ету саясатының» негіз салушы деп бағалайды


«Рональд Рейган - Американың ұлы президенті». Ұлттық саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Бөріхан Нұрмұхамедов АҚШ-тың қырқыншы президентін осылай атайды. Оның пікірінше, оған екі дәлел келтіруге болады:«Біріншіден, Рейган Американың экономикасын дамытуға, оның әлемдегі ролін нығайтуға үлес қосты. Сол кезде «рейганомика» деген ұғым пайда болды. Екіншіден, Горбачев екеуі «қирғи-қабақ соғыстың» тәмамдалуына, Кеңес одағының қазіргі заман талабына сай мемлекет болуына үлес қосты. Біздің еліміз соғыспай, өте қатты экономикалық дағдарысқа ұшырамай, демократиялы елдер қатарына қосылды». 80-ші жылдары Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен Болатхан Тайжан Рейган Кеңес одағын тәубесіне келтірді деп есептейді: «Бұрынғы Кеңес Одағы кіжініп, көптеген сорақы әрекеттерге барды. Корей ұшақтарын құлатып, басқа жерлерде де «жұдырығын» көрсетіп отырды. Соған сәйкес Рейган салмақты, жан-жақты саясат құрды».

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Еркін Тұқымов: «Рональд Рейган Кеңестер Одағы мен Америка Құрама Шттарындағы қарым-қатынасты реттеп, соңыра қаруландыруды қысқарту бойынша уағадаластықтарға қол жеткізді», - дегенді алға тартады.

Ал Қазақстанның коммунистік партиясының лидері әрі Парламент Мәжілісінің халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі Серікболсын Әбділдин болса, керісінше АҚШ-тың 40-шы президенті әлемдегі жаппай қаруланудың етек алуына мұрындық болды деп есептейді:

«Ол қарулану жағына көп көңіл бөлді. Бұл Кеңес Одағының көп шығын шығарып, қарсылық әрекеттеріне соқтырды. Сондықтан, ол кісінің заманы дүниежүзін қаруландыруға көп арналды деп ойлаймын». Алайда, бұрынғы дипломат Алтынбек Сәрсенбаев Рональд Рейганның жаппай қаруландыру саясатына оң тұстары бар екендігін айтады: «Рейган - Кеңес Одағының күйреуіне тікелей әсер еткен үлкен саясаткер. Ол жаппай қарулану саясаты арқылы КСРО-ның экономикасын толық қиратты. Қазақстанның ішкі потенциалы Рейган ұсынған қарулану бәскесіне шыдай аламасы анық еді. «Жұлдыздар соғысы» деген бұрын болып көрмеген, жоқ бағдарлама арқылы Кеңес одағының қаржылық мүмкіндігін аямай ысырап етуге мұрындық болды».

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев болса, Рональд Рейган Кеңес Одағына қатысты саясатын ең алдымен Америка Құрама Штаттары мүддесі тұрғызған жүргізгеніне назар аудартады: «Рейганның Кеңес Одағын күйретіп, Американың беделін әлем алдында паш етуде атқарған еңбегі зор. Себебі, ол кезде АҚШ-тың ең бірінші қарсыласы Кеңес Одағы болатын. Ал Одақ күйрегеннен кейін, оны өздерінің жеңістері ретінде қабылдап, басымыдылық саясатын бүкіл әлемге тарата бастады. Қазір, мысалы, Югославиядағы, Ирактағы қақтығыс болсын, АҚШ өз саясатын ешкіммен ақылдаспай жүргізе береді. Бұрын бұл мүмкін болған жоқ. Өйткені, үлкен Кеңес державасы бар еді». Сарапшының пікірінше, сол кезден бастау алған Американың басымдылық саясаты қазір терроризмнің күшеюіне әсерін тигізіп отыр.
XS
SM
MD
LG