Accessibility links

Қырғызстан парламенті жеке намысты таптап, жала мәлімет тарату үшін көрсетілген жазаны алып тастамай қойды


Қырғыз Республикасының қылмыстық кодексінде жеке намысты таптап, жала мәлімет тарату үшін қатаң жаза көрсетілген. Кінәлі деп табылған азамат айыппұлға кесіледі, түзету жұмыстарына жөнелтіледі, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қырғызстан парламенті қылмыстық кодекстен осы баптарды алып тастауға қарсы дауыс берді, президент Асқар Ақаевтың ұсынысы өтпей қалды.

Дегенмен, Қырғызстанда осы айыппен түрмеге отырғызылған журналистің қатары жоқтың қасы болса да, заңды толық күшінде қолданғандардың алғашқысы президент Асқар Ақаевтың өзі болатын. 1997 жылы президент Ақаев "Республика" тәуелсіз газетінің бас редакторы Замира Садықованы сотқа берді. Өз атынан. "Республика" газеті сол жолы айып төледі. Замира Садықова кейінен "Қырғызалтын" мемлекеттік компаниясының директоры Дастан Сарығуловтың талап арызы бойынша тағы сотталып, бірнеше ай түрмеде отырып шықты.

Ар-намысымыз журналистің мақаласында тапталды деген сот талаптары Қырғызстанда, жалпы, Қазақстанда да саяси қудалаудың құралына айналған. Ондаған, жүздеген мың доллар айыппұлдарды төлей алмай, талай тәуелсіз газет, талай оппозициялық газет жабылып қалды. Қырғызстанда келесі жылы президент жаңадан сайланбақ, парламент жаңадан сайланбақ. Науқан қарсаңында президент Ақаев ұсыныс кіргізіп, қылмыстық кодекстегі екі бапты алып тастауды ұсынды, алайда депутаттардың үштен екісі бұған қарсы шықты. Ұсыныстың кейбір баптарына қарсы дауыс берген депутаттардың бірі, "Атамекен" партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев Қырғызстандағы газеттердің көпшілігі үкіметтің бақылауында, сосын мақұл болмадым дейді:

- Сөз бостандығы тек журналистерге қана емес, әр бір адамға тиісті. Сондықтан бұл жерде тек журналистер жөнінде ешқандай әңгіме болмау керек. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі не Ақаевтың үй-ішінің қолында, не үкіметтің қолында.

"Азаттық" радиосына сараптама жасаған талдаушылар Қырғызстандағы жағдай Орта Азия елдеріне ортақ дейді. Парижде орналасқан "Шекара мойындамайтын журналистер" деген құқыққорғау ұйымның маманы Сория Блатманн баспасөз заңдарын бұзу үшін түрме жазасын алып тастау, жалпы, демократиялық қадам боп табылады дейді:

- Қалай болғанымен, журналисттің қолынан тек мақала шықты. Ал мақала жазғаны үшін демократиялық елде журналисті түрмеге отырғызып қою Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ұйғарымдарына, Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымдарына қайшы, ол ақылға сыймайтын жағдай. Еуропаның дәл төріндегі Италия сияқты кейбер елдерде жала жабу үшін түрме жазасы қолданылса да, бұрынғы совет елдері және шығыс-еуропалық елдер Еуропаның демократиялық үлгілерін қабылдау керек.

Қырғызстан парламенті сейсенбі күнгі отырысында, сол сияқты, талап арыз түсіретіндер 5 пайыз баж салығын төлесін деген ұсынысты да қабылдамады. Баж салығының көлемі шартты түрде шамалы болғандықтан "тапталған намыстың" құны жүздеген мың доллармен өлшеніп жатады. Кейбір депутаттар қарсы дауыс бергендерін қарапайым халықтың мүддесін ойладық деп түсіндіреді. Ұсыныстарды қолдаған депутаттар баж салығы шексіз болғандықтан нысанаға тәуелсіз журналистермен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары алынып жатады дейді. Мұндай жағдай Қырғызстанда жиі көрініс табады, ресми тұлғалар сотқа жүгінген соң кедей елдегі өте жоғары коррупцияның айғақтарын жариялаған газеттер жабылып жатады. Мәселен, "Қырғыз Ордо" деген газет былтыр сегіз мың доллар айыппұлды төлей алмай банкрот боп қалған.
XS
SM
MD
LG