Accessibility links

Сәрсенбіде Мәскеуде Ресейдің мұнай алыбы Михаил Ходорковскиийдің сот процесі басталуы тиіс


Қаржылық алаяқтық жасады, салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып отырған Ресейдің ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскийдің егер бұл кінәлары дәлелденетін болса, ол 10 жылға бас еркінен айрылып, еңбекпен түзеу колониясына жіберілуі мүмкін. Бұрынғы Совет Одағының елдерінде, сондай-ақ Ресейде соңғы жылдары Латын американдық көбік опералар кең тарап, уақыт өткізуге ғана жарайтын мұндай фильмдер зейнетке шыққан немесе үй шаруасындағы әйелдердің қызыға тамашалайтын көрсетілімдеріне айналған. Сондай теленовеллалардың бірі "Байлар да жылайды" деп аталғандығы көпшілік көрерменнің есінде болар.

Міне, сәрсенбі күні Мәскеуде басталғалы отырған сот процесіне осы "байлар да жылайды" деген тұрақты сөз тіркесін алғы сөз ретінде қолдануға болады. Өйткені бұл күні Мәскеудің сот залына тергеу орнында қамауда отырған Ресейдің ең бай адамы әкелініп, оның қаржылық алаяқтықты қалай жүзеге асырғаны жөнінде сот төрешісінің сұрақтарына жауап беруіне тура келеді.

Ресейдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған ЮКОС мұнай компаниясының басшысы және ең басты акционері болған Ходорковскийге тағылып отырған айып жетеу, оның ішінде мемлекет қаржысына қол сұқты, қаржылық айла-шарғыға барды, мыңдаған миллион доллар салық төлеуден жалтарды деген айыптар бар.

ЮКОС-тың тағы бір үлкен акционері Платон Лебедевке де дәл осындай айыптар тағылып, ол да сот залында Ходорковскийдің жанынан орын алуы әбден ықтимал. Билік өкілдерінің айтуынша, компанияның тағы да алты менеджеріне қарсы тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

Осыдан сегіз ай бұрын тұтқындалғаннан бері Ходорковский Ресей үкіметіне өзін саяси себептермен ұстап отыр деген айып тағып келді. Ходорковскиийдің айтуынша, Кремль президент сайлауы алдында өз компаниясының іскерлік табысы өсіп, саяси сахнада беделі асып бара жатқанынан үріккен көрінеді. Оның ішінде ЮКОС-тың кейбір саяси партияларды қаржыландыра бастаған нақты қадамдары да бар. Алайда Кремль мұндай айыптауларды жоққа шығара отырып, бұл жерде мәселе Ходорковскийдің қаржылық күмәнді өткені мен оның саудалық кейбір қарым-қатынастары ғана бұндай айып тағуға негіз болған дейді.

Ал сыншылар болса, мұндай болғанда Ресейдің барлық алпауыттарына да осы тәріздес айып тағуға болар еді деген көзқарас-пікірлер білдіреді. Ходорковский болса, өз қылмысы саясатқа араласпа деген пиғылды білдіретін келісімді бұзғандықта болып тұр дейді. Айыпталушының адвокаттарының бірі осы аптада бұл сот процесін "бананды республикаға лайық іс" деп атады.

Ходорковскийдің сот процесіне шетелдік бақылаушылар, әсіресе сот билігінің ел басшыларынан тәуелсіз болатындығына алаңдаулы Батыстың Ресейдегі мұнай жане газ секторындағы инвесторлары көз тігіп, мүдделілікпен бақылағалы отыр. Олар осы аптада Мәскеудің арбитраждық соты судьяны ЮКОС компаниясының пайдасына әрекет етті деген желеумен істі жүргізуден шеттеткенде қатты алаңдаған болатын. Сот өтетін орын Мәскеудің шет жағындағы бір кішірек сот залына көптеген шетелдік журналистердің көзінен тасалау жерге көшірілген.

Гаагадағы РЭНД Европа зерттеу тобының Ресей талдаушысы Стефан Де Спигелер Ходорковский соты советтік дәстүрмен өтетін болады деген ой айтады:

-Біздің қазіргі байқағандарымызға қарағанда, сотқа дейінгі дайындықтың бәрі де құпия жүргізіліп келді және кейінгі оқиғалардың кейбірі бұл соттың советтік дәуірдегі соттың нашар көріністеріне ұқсап өтетіндігін көрсеткендей,-дейді ол.

Сарапшының сөзіне сәйкес, бұл жердегі тәлкектің өзі сол соттан үкіметтің жеңіп шығуы да, болмаса ЮКОСтың жеңіліске ұшырауы да ешкімге де пайда әкелмейді. Оның үстіне Ресейдің мұнай секторы шетелдік инвесторлар үлесін неғұрлым кеңейте түсу жолдарын қарастырып отыр.

Лондондағы ғаламдық энергия зерттеулер орталығының өкілі Жюлиан Лидің айтуынша, Кремль Ресейдің мұнай нарығының кең көлемді және тартымдылығына есеп жасап отыр:

-Күн аяғында ең үлкен деген мұнай компанияларында көлемді жобаларды дамытуға қажеттілік пен соған орай алаңдаушылық туындайды, міне Ресей әлемдегі сондай мүмкіндікке жеткізетін аздаған орындардың бірі,-дейді Жюлиан Ли.

Таяу шығыс пен Латын Америкасындағы, Африкадағы проблемаларға қарағанда қауіпсіздік пен тұрақтылық жағынан Ресей көптеген инвесторлар үшін тиімді болып көрінері белгілі. Дегенмен де ЮКОС-тағы банкроттық жағдай саяси жағынан басқарылар болса, бұл көптеген инвесторлардың энтузиазмін су сепкендей басып тастауы да ықтимал дейді талдаушы. Сот басталғалы тұрған қарсаңда да үкімет пен компания арасындағ теке-тірес жалғасуда. Ходорковскийдің қылмысы дәлелденіп, жаза мерзімі кесілуін көптеген қарапайым адамдар қалайды, дегенмен де мұнай алпауыты еңбекпен түзеу колониясының тұрғынына айналар болса, жылайтындар да табылады. Міне бұның өзі "байлар да жылайтынының" нағыз дәлелі болған болар еді.
XS
SM
MD
LG