Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06-16-2004


Басылымдардың соңғы санындағы мақалалардың басым көпшілігі “Отан” партиясы мен соның төңірегіндегі мәселелерге арналыпты. Егер бір басылым Қазақстан президентінің “Отан” партиясын үгіттеу жұмысын мерзімінен бұрын бастап кеткендігіне назар аударса, енді бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” партиясының кезектен тыс съезінде “сөз бостандығын асыра пайдаланудың алдын-алу үшін” үкіметтен заңнаманы қатаңдатуды талап еткеніне зер салады.

“Аргументы и факты” газеті “Отан” партиясының ең саны көп, құрамына 44 парламент депутаты кіретін фракциясы бар саяси күш екендігіне назар аударады. “Былтырғы жылғы мәслихат сайлауының нәтижесі бойынша барлық депутаттық корпустың 60 пайызынан артығын “Отан” партиясының мүшелері құрады”, - мақала авторы.

“Азат” газетінде Бекен Жапарұлы “Елбасының ресми сөздерінде, сұқбаттарында “Отанды” парламенттік сайлауда жеңдіруге меңзеген нұсқаулар айқын байқалғанын” аңғарыпты. Әсіресе президенттің халықпен телеэфир арқылы сұқбатында елді “Отанға” дауыс беруге шақыруы, яғни, “сайлау белгіленбей тұрып үгітті бастап жіберуі “Сайлау туралы” заңға қайшы”,- дейді мақала авторы. Оның айтуынша, “түптеп келгенде Қазақстанның бір партиялы, яғни, “Отан” үстемдік ететін ел етілетіні айқындала түскендей”. Ал “Парламент, президент сайлауы жақындаған сайын жоғарыдан саяси партияларды “сорттау”, Елбасына жағатындарды барынша қолдап, жақпайтындарын барынша шеттету, ішінен іріту сияқты әрекеттер өрістетілуде”, - деген тұжырым жасайды мақала авторы. Оның пікірінше, оппозициялық бағыттағы “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы, Қазақстанның коммунистік және “Ақ жол” партияларына сайлауда тосқауыл қойылып, “Отан” және “Асар” партияларын жеңдіруге тырысатыны айқын сезіледі”. Сөйтіп, мемлекеттік жүйе түгелімен “Отан”, “Асарға” жегіледі”, - деген тұжырым жсайды Бекен Жапарұлы “Азат” газетінде.

“Литер” газеті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” партиясының кезектен тыс съезінде болашақ Парламенттің үкіметті жасақтаудағы ықпалын арттыру қажеттігін айтқанын хабарлайды. Онда ел басшысы депутаттарға премьер-министр мен министрлер кандидатураларын талқылау мүмкіндігін беруді сөз етіпті.

Ал қазір “Қазақстан үшін саяси плюрализм, көп партиялық жүйе шынайылыққа айналып, ірі, ықпалды партиялардың пайда болғанын, алуан бағыттағы партиялардың тіркелгенін” президенттің мәлімдегенін жазады “Литер” газеті.

“Экспресс К” газеті президенттің съезде сөз бостандығын асыра сілтеп пайдаланғаны үшін жауапкершілікті арттыруды талап еткеніне назар аударады. “Ел басшысы жиында “ұлтаралық араздықты қоздыратын фактілер келтірілген және “ұлттық- рулық басымдылықты” насихаттайтын материалдардың көбейіп кеткендігіне реніш білдіріпті.

“Республика президенті “біреудің жеке мүддесі үшін сөз бостандығын асыра пайдаланудың алдын алу үшін” үкіметтен заңнаманы қатаңдатуды талап еткенін жазады “Экспресс К”.

“Жас алаш” газетінің соңғы санында бұл басылымға президенттің кеңесшісі Ермұхан Ертісбаев пен парламент депутаты әрі “Отан” партиясының өкілі Серік Әбдірахмановтың “ұлт араздығын қоздырып отыр” деген айып тағып отырғаны сөз болады. “Шындығында, қазаққа “ұлтшыл” деп айып тақпағалы 17-18 жылдай уақыт болыпты. Бақсақ, Қазақстаннан Колбиннің де, Камалиденовтің де, Меңдібаевтың да сызы кетпеген екен”, - дейді “Жас алаш” газеті.

Ал “Асар” партиясының бірінші орынбасары Ерлан Қарин “1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ қоғамында, біздің элитаның бойында “ұлтшылдық” ұғымына байланысты бір комплекс пайда болды”, - деп есептейді. Ол керісінше “ұлттық қозғалыс, ұлттық түлеу мемлекеттің дамуына да белгілі бір дәрежеде серпін береді” деген ойда. “Ақ жол” партиясының теңтөрғасы Әлихан Байменов болса, “өкінішке орай, билік басында отырған кейбір саясаткерлер қазақ ұлтының мүддесі жайлы еш жерде айтылмаса екен деп жұмыс жасап жатыр”, - дейді. “Екіншіден, кезінде президенттің өзі Қазақстан халықтары ассамблеясында түрлі саяси науқандар кезінде ұлтаралық қарым-қатынас тақырыбын ұпай жинаудың құралына айналдымау керектігін айтқан еді. Билік өкілдері болса, президенттің сол сөзіне кереғар, қарсы жұмыс жасап жатқан сияқты”, - деген пікір білдіреді.

“Жас алаш” газетінің өзі алда сайлау бар екендігін, соған сәйкес түрлі арандату әрекеттері бой көтеруі мүмкін екендігін тілге тиек ете отырып, “алдағы уақытта редакцияға түсетін хаттар мен мақалаларға сергектікпен қарайтындықтарынан” оқырмандарын құлағдар етіпті.
XS
SM
MD
LG