Accessibility links

Ирақтың саяси билігінің тізгіні уақытша үкіметтің қолына өтуіне орай әлем елдерінің жетекшілерінен, халықаралық қауымдастықтан құттықтаулар мен түрлі пікір-көзқарастар білдірілуде.


Пікірлер әрине көп ретте жылы лебізді, мақұлдауды байқатқанымен, Ирақтың ендігі тағдырына алаңдайтындар да табылады. Ирақтың саяси билігінің осы елдің уақытша үкіметінің қолына өтуіне байланысты, әрине Ирақ үкіметі ең алдымен құттықтаулар қабылдап жатыр.

Мәселен дүйсенбі күні кешке қарай Стамбулда өтіп жатқан НАТО саммитінде журналистер алдында шығып сөз сөйлеп, өз құттықтауын жолдаған Франция президенті Жак Ширактың айтқандарын келтіре кетсек, осы құттықтау көптеген әлемдік басшылардың пікір- құттықтауларының мазмұнын жеткізеді деп түсінуге болады.

-Біз Ирақтың уақытша үкіметіне табыс тілейміз, Ирақтың экономикалық және саяси жағынан қайта құрылуына көмек-қолдауымызды беретіндігімізге сендіргім келеді. Сондай-ақ Ирақ адамдарының өз тағдырларын өз қолдарына толық сеніммен алуды кешіктірмеулерін тілейміз,-деген өз құттықтау сөзінде Франция президенті Жак Ширак. Дегенмен де, Франция президентінің Ирақтың ең жоғарғы билігі – оның үкіметін құрып, елді билеу тізгінін қолдарына өткізіп беру- Ирақтағы барлық дағдарыс шешілді деген сөз емес деуін де - халықаралық қауымдастықтың көпшілігіне тән пікір- көзқарас деп бағалауға болады:

-Біздің көз алдымызда Ирақ егемендігінің берілуі -өте қажетті шарт, өкінішке қарай Ирақта толық бейбіт өмір орнап, демократия дамуы үшін бұл әлі жеткіліксіз,- деп атап көрсеткен Жак Ширак. Европадағы басты елдің бірі саналатын тағы бір мемлекет- Германия да Бағдадтағы жағдайларға баға беру барысында Ширактан алшақ кеткен жоқ. Германия канцлері Герхард Шредер құттықтай келе:

-Жалпы алғанда бұл құптарлық, оң құбылыс. Біз егемендіктің неғұрлым тезірек берілуін қалаған болатынбыз. БҰҰ-ң қарарына сәйкес, барлық уақытта белгіленген мерзімнің кейінге шегерілмеуін мәлімдеп келдік. Әрине енді биліктің одан бұрын берілгені бұл жақысылықтың нышаны ,-дейді.

Франция да, Германия да Вашингтонның Ираққа байланысты саясатының ең үлкен сыншылары болғандығы белгілі, міне сондықтан да олардың пікір-көзқарастары да сол өткен тарихты аңғартып тұрған аян.

Ал Ирақ жағдайына байланысты АҚШ-ң басты одақтасы болған Британияның премьер-министрі Тони Блэр Стамбулда тілшілер алдында "Мұнда тұрғанымыздың бәріміздің де бірнарсе айтуымыздың аса қажеттілігі жоқ, сіздер жақсы білесіздер, бұған дейінгі келіспеушіліктер түгелдей жойылды" деп айтқан.

Шындығында Ирақтың уақытша үкіметінің БҰҰ-ң шешімімен қолдау тапқаны және НАТО-ң Ирақтың қауіпсіздік күштерін жаттықтырып, оқытып,үйретуге келіскенінің өзі маңызды қадам болды дейді Тони Блэр.

Десек те, Вашингтон дүйсенбі күні Ирақ үкіметінің құрылуы осы елдің өз ішіндегі немесе оның сыртындағы сыншыларға қандай да бір әсер етеді деп күтпейміз деген де ой аңғартығ қалған болатын.

Ирақ егемендігіне деген Таяу шығыстың да өзіндік пікір- көзқарастары сенімді болғанымен, оның қатарында да мұның өзін тек шартты түрде білетіндері бар.

Ирақпен көршілес жатқан Иордания мен Кувейт, Сауд Арабиясы және Түркия да Ирақ билігі оның өз үкіметіне берілгенін құптап, қуанып қарсы алды. Ал АҚШ-ң бұрыннан қарсыластары Иран мен Сирия Ирақтан коалиция күштері кетпейінше, Ирақ үшін ешнарсе де өзгермейтін болады деген көзқарастарында қалып отыр.
XS
SM
MD
LG