Accessibility links

Диапазон газетінің құрылтайшысы Владимир Михаилов облыстық сот үкімі шығарған 12 сағаттық қоғамдық жұмыстың 4 сағатында ішкі істер басқармасының маңын сыпырды.


Азаттық радиосынан осыған дейін хабарланғандай, Ақтөбелік кәсіпкер Марал Итеғұлов, саясаттанушы Жасарал Қуанышәлі, Диапазон газетінің құрылтайшысы Владимир Михаилов пен Ақтөбедегі қалалық кооператив колледжінің директоры Рабиға Тасыбаева Ақтөбе облысының әкімі Ермек Имантаевтың дереу қызметінен кетуін талап етіп, республика басшылығы мен жұртшылығына үндеу жолдаған болатын. Соңғы хабарларға қарағанда, енді бұл азаматтарға жергілікті билік тарапынан қысым-қудалаулар күшейе бастаған. Үндеу жолдаушылар Алматыда баспасөз маслихатын өткізген күні кешкісін Ақтөбедегі сот үкімін орындаушылар баспадан шығып жатқан Диапазон газетін тәркілемекші болған. Ал, дүйсенбі күні Диапазон газетінің құрылтайшысы Владимир Михаиловқа облыстық сот үкімі шығарған 12 сағаттық қоғамдық жұмысты атқаруын талап етіп, қалалық ішкі істер басқармасы орналасқан көшені сыпыруды міндеттеген. Маусымның 29 күні, Ақтөбедегі Шығыс базарында облыстық әкім орнынан кетсін деген үндеуге дауыс жинаушыларды бірнеше жігіт тарқаңдар деп қуып, арашалауға келген базар күзетшісін соққыға жыққан.

Ақтөбедегі Диапазон газетінің құрылтайшысы Владимир Михайлов облыс әкімі қызметінен кетсін деген үндеу таратқан қоғамдық комитетпен Алматыда баспасөз маслихатын өткізген соң, құқық қорғау қызметкерлері Диапазон газеті мен Владимир Михайловтың соңына қайта түсе бастады деп хабарлайды Диапазон газетіндегі қазақша бөлімнің сарапшысы Абат Қаратаев.

Негізі, Диапазон газетінің құрылтайшысы В.Михайлов осыған дейін сотқа тартылып, сот шешімімен 180 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуға міндеттелген, кейін оның 42 күн абақтыда отырғаны ескеріліп, оған 12 сағаттық қоғамдық жұмысты атқару міндеті жүктелген. Диапазонның бас сарапшысы Марина Васильева Владимир Михайловты Алматыда үндеу таратқан күні ертеңіне қайтадан іздей бастағанын айтады.

Сөйтіп, сот үкімін орындаушылар Диапазон газетінің бас құрылтайшысы Владимир Михайловты қалалық ішкі істер басқармасының алдындағы көшені сыпыруға міндеттеген, ал газет редакторы Марина Васильеваның хабарлауынша, газет ұжымы өз басшыларына қолдау білдіріп, бірге көше сыпырған. Осы мәселеге орай, соттың шешімін орындаған облыстық Атқару жүйесі басқармасының бастығы Ибрагим Құдайбергенов, өздерінің тек заң жүзінде әрекет еткендерін алға тартады.

Диапазон газеті ұжымының хабарлауынша, газет құрылтайшысы В.Михайловқа шығарылған сот шешімі Михайловтың Ермек Имантаев орнынан кетсін деген үндеу жолдағаннан кейін орындала бастаған. Осы мәселеге байланысты облыс әкімі Ермек Имантаевқа хабарласып едік, оның хатшысы әкімнің әлі жиналыстан шықпағанын айтты.

Ал, Владимир Михайловтың өзі жұмысында болған жоқ, Марина Васильеваның айтуынша, оның денсаулығы нашарлап үйінде жатыр.
XS
SM
MD
LG