Accessibility links

Қайта шапқан Заманбек Нұрқаділов президент Назарбаевты орнынан кетіруге тағы ұмтылды


Биылғы жылғы наурыз айының 11-күні Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың атына ашық хат жолдап, елдегі қалыптастып отырған саяси-экономикалық ахуалға өзіндік баға беріп, президент Н.Назарбаев пен оның отбасы мүшелерін сынағаннан кейін көп ұзамай Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметінен жедел босатылған Заманбек Нұрқаділов мамыр айының орта шенінен бастап жұртшылық назарынан тыс, тым-тырыс қалған еді.

Шілденің 13-күні "Азаттық" радиосына берген сұхбатында З.Нұрқаділов Қазақстан президентінің сайлауына түсетінін мәлімдеді. Біз З.Нұрқаділовтен соңғы екі айға жуық уақыт үнсіздіктің сыры неде екенін сұрадық. Мұның себебін Заманбек мырза биылғы жылғы мамыр айының 20-күні, соның алдында ғана өзі сынға алып, ақпарат құралдары арқылы ашық сауалдар жолдап жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жолыққанын, сол кездесуде екеуара келісімнің болғанымен түсіндірді. Бірақ қазір З.Нұрқаділов әлгі үнсіздікті бұзып, ол кездесуде айтылған әңгіменің шет жағасын «Азаттық» радиосына былай деп жеткізді:

- Сол жерде әңгіме болды, мен сұрақ қойдым: «Құрметті президент, сіз болашақ туралы ойлайсыз ба? Міне президент сайлауына да екі жыл қалды. 2006 жылы сіз 67 жасқа келеді екенсіз. Алдыңызда былай сынап, байқап, өсіріп, тәрбиелейтін адамдарыңыз бар ма? Не ойлағаныңыз бар?» деп. Бірақ ол өз ойын айтпады.

«Азаттық» радиосы:

- Сонда екеуіңіздің араңызда қандай сөз болды?

Заманбек Нұрқаділов:

- Менің президентке екі принциптік сұрағым болды. Бірінші, мен оған айттым: «кезінде демократияны таратып жіберген мен едім. Сондықтан да демократияны қайтадан қалпына келтіру үшін, мен орталық сайлау комиссиясының төрағасы болайын, сайлауды ашық өткізейін, халық қалағандарын сайласын, сонан кейін 2006 жылда cіздің президентіңізге де ашық сайлауды ұйымдастырайын» деп.

«Азаттық» радиосы:

- Оған президент қандай жауап айтты?

Заманбек Нұрқаділов:

- Оған президент келіспеді. Оның айтқаны: «Бізде сайлау туралы жаңа заң бар, орталық сайлау комиссиясы құрамындағының барлығы профессионалды, тұрақты адамдар, сондықтан да біз жақсы, ашық, дұрыс сайлау өткіземіз» деді. Екінші мәселе, болашақта ол өзінің орнына кімді тәрбиелейді. Сол туралы әңгіме болған.

«Азаттық» радиосы:

- Жаңағы президенттің мұрагері жөнінде. Бұл кісінің аты-жөнін атады ма сізге?

Заманбек Нұрқаділов:

- Жоқ, мұрагері туралы «мен ойланып жүрмін» деп қана айтты. Бұл кездесу жайлы екеуіміз ешкімге айтпаймыз, сөзімізде тұрамыз деп келістік. Мен сөзімде тұрып ешкімге айтқаным жоқ, Бірақ, құдай салмасын, мен туралы небір өсектер тарап кетті. Мені Оңтүстік Қазақстанға әкім етіп сайлап қойды, үйіме Ұлттық қауіпсіздік комитетін де, прокурорын да түсіріп қойды, ананы да, мынаны да жасады, өсек бойынша. Мен бір жауап күттім, тағы да бір кездесетін шығармын осы сайлаудың алдында деген үмітпен. Бірақ, міне екі ай болып қалды, менімен қайта кездескен жоқ. Өзі Алтынбекті министр етіп қойды да, демалысқа кетіп қалыпты. Сондықтан да мен әлгі «ауыз бекіткеннен» шықтым, өйткені мені шығаруға мәжбүр етті.

«Азаттық» радиосы:

- Ал сіз президентпен қанша уақытқа «ауыз бекітуге» келісіп едіңіздер?

Заманбек Нұрқаділов:

- Ондай мерзім алғанымыз жоқ. Сол жолы президент маған айтқан, «осы Заманбек екеуіміз бұрын жиі кездесіп тұрушы едік, сол жиі кездеспегеніміз екеуміздің арамызда жанжал шығуына негіз шығар» деп. Мен келістім, мүмкін негізі сол шығар деп. Жиі кездесіп тұрайық дедік. Бірақ, мына екі айдың ішінде екі рет пе, үш рет пе Алматыға келсе де, бір рет те менімен кездесуге талпынған жоқ. Мен сонан кейін, осындай мәлімдеме жасап «мен бармын» дедім.

Бұл жолы Заманбек Нұрқаділов алдағы президент сайлауына өзінің түсуге ниеті бар екенін мәлімдеді және жалғыз өзі емес, басқа да бірқатар адамдарды президент сайлауына түсуге шақырып отыр. Биыл көктемде «Азаттық» радиосына берген сұхбатында ол Қазақстанда президент Н.Назарбаевқа балама болатын тұлғаның бар екенін айтқанымен, оның есімін ашып айтпаған еді. Бұл жолы Зәкең еш бүкпесіз ол адамның және басқалардың да есімдерін атады:

- Менің ойлап жүрген әлгі бір адамым бар дедім ғой, ол адам Олжас Сүлейменов болатын. Сөйтсем бұлар Олжас Сүлейменовтың артына бір былық істі тізіп қойыпты ғой. Содан Олжас қорқып жүрген көрінеді. Бірақ Олжас осы күнге дейін қазақ ішіндегі ең басты, беделді кандидат деп есептеймін. Егер Олжас Сүлейменов Франциядан келіп, «мен демократияны басқарайын, президенттікке кандидат болуға келісімімді беремін» десе, мен Олжасты қолдаймын деп айтамын. Оған мен дайынмын. Сондай-ақ, Жармахан Тұяқбайдың неменесі кем президент болуға? Қасымжомарт Тоқаев премьер болып істеді, қазір сыртқы істер министрлігінде жүр мінеки. Өте байсалды, халыққа көп шыға бермейді, артық сөзі жоқ , артында былық ісі жоқ - ол неге болмаса? Әйтпесе Аслан Мусинді алайық, жап-жақсы әкім, сол секілді анау Төлен Тоқтасыновтың президент болудан несі кем, мысалы.

«Азаттық» радиосы:

- Зәке, сіз міне күнібұрын президенттікке түсемін деп отырсыз, әлі ерте деп санамайсыз ба?

Заманбек Нұрқаділов:

- Менің ең басты ұсынып отырғаным, мен прецендент жасайын деп отырмын. Назарбаев 2006 жылы емес, ол сайлауды, мысалы, осы көктемде, не болмаса алдағы жаңа жылға дейін жасап жіберуі мүмкін. Ондай «сюрприз» болады деп ойламайсың ба? Сондықтан да мен Назарбаевтың мінезін білетін болғандықтан, әлгіндей «сюрпризге» дайын болғаным дұрыс. Екі жарым жыл мен «Ойбай, кандидатпын! Мен президент боламын!» деп айғайлап бүкіл Қазақстанды шалатын жағдайым жоқ, айналайын. Мен елге, жұртқа, азаматтарға үлкен ой салып отырмын: ей, айналайындар, ойланыңдар! Назарбаев та Брежнев сияқты аузы салпылдап, қолы-басы дірілдеп, қолтығынан ұстап жүретін шаққа келеді. Жалғыз Назарбаев, Назарбаев деп қатып отырамыз ба?!

Сонымен, осыған дейін президент болуға құлқым жоқ деп келген Заманбек Нұрқаділов мырза енді ол пікірін өзгертіп, президент сайлауына түсемін деп мәлімдеп отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG