Ғалия Әженова, «Әділ сөз» ұйымының жанындағы сараптама орталығының өкілі: - Бұл енді елде оппозициялық басылымдар мен пікірталас болмайды, яғни өзге пікірілер мен көзқарастар айтылмайды деген сөз. Бұл ҚР Конституциясында көрсетілген 20-бапқа қарсы әрекет.
Ермұрат Бәпи, журналист, сот шешімімен жабылып қалған «Солдат» газетінің редакторы: - Бұл жердегі мәселе - мына алдағы сайлауға демократиялық қауымдастықтан түсіп жатқан үміткерлер сайлау науқанын пайдаланып, «Қазақгейт» туралы ақпаратты бүкіл халыққа таратады. Соны жария ететін санаулы газеттің бірі осы «Ассанди-таймс» еді, енді мынау биылғы қазан айына белгіленіп отырған АҚШ-тағы сол сотқа дейін газетті жауып, құртудың амалы.
Сейтқазы Матаев, Қазақстан журналистері одағының төрағасы: - Енді бұл осы газет жабылды деген сөз. Бұрын біздің президенттің әкімшілігінен бұндай іс-қадамдар болмаған еді. Бұл енді сайлау басталды деген сөз, турасын айтсақ.
«Ассанди-таймс» газетінің кезекті саны жұма, шілденің 16-сы күні шығуы тиіс болатын. Кейбір сарапшылар мен журналистер бұл осы газеттің жарыққа шыққан соңғы саны болуы мүмкін дегенді айтып отыр.