Accessibility links

Американдық әскер Германиядан кетеді деген жаңалық кейбір неміс тұрғындарының арасында өкініш туғызып жатыр


АҚШ президенті Джордж Буш дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде алдағы он жылда Еуропа және Азиядан 70 мың әскерімізді шығарамыз деп айтты. Босаған американдық әскерлер терроризм қаупі төнген аймақтарда көбірек орналастырылмақ. Жаңа қоныс мекенінің бірі – Орталық Азия болмақ. Американдық әскер кетіп жатқан елдің бірі – Германия. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері американдық әскерлер немістің бірнеше қаласына экономикалық демеу беріп тұрғаны аян.

Китзинген деген шағын неміс қаласында американдық әскер Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері қоныстаныпты. Мұнда американдық әйгілі Бірінші жаяуәскер дивизиясы орналасқан, американдықтар оны "Биг Ред Уан" деп атайды. Ирақта соғысып жатқан кейбір жасақтар – осы дивизияның құрамындағылар. Китизенген – ширап келе жатқан елді мекен, қала бюджетіне американдық әскерден қомақты үлес түседі. Китзинген қаласында 22 мың халық жасайды, Германия өлшемі бойынша бұл шағын қала. Қала әкімшілігің өкілі Маргит Иллингер американдық әскердің әкетілуі тұрмақ, қысқаруының өзі қала бюджетіне шығын дейді:

- Біздің қаламызда үш мыңдай АҚШ сарбазы қоныстанған және олар қаламызға жыл сайын бірнеше миллион евро кіріс әкеледі. Салықтарды және әскер төлейтін басқа төлемдерді есептесек, бұған сарбаздардың және олардың үй-іші жұмсайтын ақшаны қоссақ – мұның барлығы қала бюджетінің шамамен жеті пайызын құрайды.

Еуропада 110 мың американдық сарбаз болса, олардың 73 мыңы Германияда. Олардың 100 мың тума-туыстары да Германия экономикасы үшін кіріс көзі болып табылады. Германия АҚШ әскери құрылымдарының орталығы болып табылады, әуежайлар болсын, әскери ауруханалар болсын олардың көпшілігі осында орналасқан. Енді міне 2006 жылдан бастап, кейбір бұлақтарға қарағанда, американдық әскер шығарыла бастайды. Американдық әскердің кетуіне Германия қорғаныс министрі Петер Штрук мынандай сипаттама айтып отыр:

- Американдықтар қоныстанған Германияның әр жеріндегідей, Германия халқымен АҚШ әскерінің сарбаздары арасында, АҚШ Әуе күштері сарбаздарының арасында тамаша қарым-қатынас болып отыр. Көптеген аймақ үшін американдық әскердің кетуі үлкен шығын, бірақ бұл шешім – президенттің шешімі.

Германия Экономика институты осы аптада есептегендей, американдық әскер кетсе шамамен 80 мың жұмыс орны қысқарады. Сол сияқты американдық әскерлердің маңындағы ауыл мекендерінің экономикасына зақым келмек, себебі сарбаздар ақшасының шамамен 30 пайызын казармалардан тыс жұмсайды. АҚШ әскерінде таяуда жасалған зерттеу сарбаздар неміс дүкендерінде, ресторандарында және ойын-сауық отауларында жыл сайын шамамен 29 миллион евро жұмсайтынын анықтады. Американдық базаларда әскери емес қызметтерде 4660 неміс азаматы жұмыс істесе, АҚШ әскері оларға шамамен 30 миллион евро жалақы төлейді.

Дегенмен, қанша әскері Германиядан қандай мөлшерде шығарылатыны әлі анық емес, АҚШ осы елдегі барлық базаларын жаппайтыны анық. Кейбір базалар Таяу Шығысқа және басқа аймақтарға апаратын жолдағы аялдама бекеті ретінде қала бермек.
XS
SM
MD
LG