Accessibility links

Сапармұрад Ниязовтың Ашхабадта қолдан көл жасаймын дегені көршілес елдердің мазасын алып отыр


Қазақстан және Өзбекстан экологтары "Азаттық" радиосына берген сұхбаттарында Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязовтың ел астанасы Ашхабадта қолдан көл жасаймын деген жобасына сыни көзқарастарын білдіріп отыр. Орталық Азияда су мәселесін қоздырып қойған жобалар бұрында көп болған, құрып бара жатқан Арал теңізі – соның ең үлкен күәсі. Ондай болса Сапармұрад Ниязовтың жаңа бастамасының қандай экологиялық салдарлары болуы мүмкін?

Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязовтың шөл далада көл жасаймын, Ашхабадта өзен қылып су ағызамын дегені көршілес елдер тарапынан сынға ұшырап жатыр. Арал теңізінің апатына Сырдария және Амудария ұлы өзендері бойындағы түрлі жобалар себепші болғаны аз болған ба, дейді эколог мамандар. Өзбекстан экологы Садық Мұминов "Азаттық" радиосына берген сұхбатында былай дейді:

- Суды шөл құмға қую деген шаруа жөнінде өте мұқият ойлануымыз керек. Судың өте көп мөлшері құмға сіңіп кетеді. Сондықтан бұл жоба өте көп суды қажет ететін болады.

Арал теңізің тарылғанына 1960-шы жылдары Қарақұм каналының салынғаны да әсер еткен. Түркіменстан пайдаланып отырған судың 90 пайызы бүгінде осы Қарақұм каналы арқылы Амудариядан алынады. Қарақұм жасанды өзені салынбай тұрып Арал теңізі дүниежүзі бойынша төртінші көл деп есептелді. Қазір Арал теңізі оныншы орынға түсіп қалды осы өлшемде.

Арал теңізінің тартылғанынан әсіресе Қарақалпақстан және Түркіменстан солтүстігіндегі Дашауыз аймағы көп зардап шегіп отыр. Қазақстанның жақын аймақтары да Аралдың зардабын тартып келеді. Эколог-маман Мэлс Елеусизов Аралдан ұшқан тұзды топырақ жүздеген километрге тарап, ел денсаулығын және құнарлы жерді құртып жатыр дейді. Аймақ жұрты туберкулез ауруына, басқада дем ауруларына көбірек шалдығады деген баяндамалар соның айғағы. Ұлттық географиялық қоғам жақында жасаған зерттеу Арал аймағында рак аурулары неге кеңінен тарап отырғананда көрсетті. Алматыда орналасқан "Табиғат" қоғамының төрағасы Мэлс Елеусизов Түркіменстан президенті көтерген бастаманы шытырман деп сипаттайды:

- Өзің отырған бұтаққа балта шаппа дейді орыстар. Бұл жобаны жасаушылар Орталық Азия экологиясына үлкен зиян әкеледі, себебі Арал теңізі онсызда құрып жатыр. Амудариядан көбірек су аламыз деп олар біздің жағдайымызды одан сайын қиындатады. Мұндай кез-келген істі шытырман іс деп білемін, Түркіменстан президентінің жауапсыздығы деп білемін.

Түркіменстан ресми өкілдері болса жобаның егжей-тегжейлі тұстарын ашпай отыр. Қалай және қандай есеп жасалды екен? Жасанды көлге диқаншылық егістерден шығатын қанша су құйылмақ? Олардың құрамындағы тыңайтқыш заттар қалай залалсыздандырылмақ? Шөлдің қақ ортасындағы жасанды көлден қанша су бу болып ұшып кетпек? Түркіменстан Амудариядан белгіленген мөлшерден артық су алып қоймайды дегенді қалай қадағаласа болады?

Өзбекстандық тағы бір маманды тыңдап көрсек, ол Түркіменстан жобасы ең алдымен Арал теңізінің апатын одан сайын арттырады дейді. Өзбекстан табиғат қорғау комитетінің маманы Сайдазим Мирзаев жобаның құны қаншаға түседі екен деп күмән келтіріп отыр: - Мұны жасау мүмкін емес, себебі су құмға сіңіп кетеді. Суды ұстап тұру үшін олар табанына бетон салу керек, көптеген шаршы метр бетон салу қажет, су ағып кетпесін деп полиуретан салу керек. Бұған аса үлкен сома ақша қажет, түптің түбінде экономикалық жағынан қарағанда мұның пайдасы бола ма?

Сарапшылар Түркіменстан жобасының іске асуына күмәнді. Жасанды өзен салынсада Түркіменстанның су мәселесі шешіле қоймас, су ысырап болып, далаға ағып кетеді дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG