Accessibility links

Ресми Вашигтон Чешенстан мәселесінде саяси шешім табу керек деген ұстанымына берік


Ресей президенті Владимир Путин Беслан дағдарысынан соң чешен сепаратистеріне қарсы бағытталған науқанын одан сайын күшейтіп жатыр. Путин терроризмге қатысы бар деген азаматтарды шетелдерден бас сауғалап жүрген жерлерінен кері қайтаруға көбірек күш саламыз деп айтты. Қара тізімнің басында Америка Құрама Штаттарында саяси баспана алған Илияс Ахмадов, бұрынғы чешен президенті Аслан Масхадовтың серіктесі. Америка Құрама Штаттарының ресми орындары Беслан дағдарысынан ел қауіпсіздігі үшін қандай қортынды жасап жатыр екен?

АҚШ мектептерінде қауіпсіздік шараралы 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылдары орын алмай тұрып арттырылған. Оған АҚШ-тың кейбір мектептерінде оқушылар үйлерінен әкелінген мылтықтардан оқ атып, бір қатар адам шығындары болған оқиғалар себеп. Ресей ресми тұлғалары Бесландағы жағдайда дұрыс шара қолданбады деген кейбір сыни пікір айтылып жатқаны белгілі. Егерде осындай жағдай АҚШ-то орын ала қалса, американдық мектепке шабуыл жасалса – қай мекеме басшылыққа шығу керек? Ішкі қауіпсіздік министрі Том Ридж мұндай жағдайда құтқару шараларын Федералды Тергеу бюросы басқарады деп нақтылады. Шабуылдардың алдын алуға арнайы мамандар қажет, қымбат құрал-жабдық қажет деп соңғы күндері көп айтылып жатыр. Ал АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Том Ридж болса қарапайым полиция офицерінің жеке тәжирибесіне мұндай жағдайда көп нәрсе тәуелді дейді.

Ресей президенті Владимир Путин Бесландағы дағдарыстан соң чешен сепаратистерінің мәселесінде Америка Құрама Штаттарын қатты сынады. АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Ричард Баучер Ресейдің чешен сепаратистерімен болып жатқан қақтығысы жайында ресми Вашингтонның ұстанымы өзгерген жоқ деп мәлімдеді. Тәуелсіздікке ұмтылған Чешенстанда Ресейдің бес жыл бойы жүргізіп жатқан соғысын тоқтататын бір қане жол бар – ол саяси келісім деп біледі АҚШ басшылығы. Ричард Баучер сейсенбі күнгі баспасөз-мәслихатында осы ұстанымды тағы қайталады.

Ал Владимир Путин аяқ астынан АҚШ және Британияға лағнет айтып, чешен сепаратистерінің кейбір жетекшілеріне баспана беріп отырсыңдар деп ызысын төкті. Бұрынғы чешен жоғары ресми өкілдірінің бірі Илияс Ахмадов Америка Құрама Штаттарында саяси баспана алса, екінші қайраткер Ахмед Зақаев Ұлыбританияда саяси баспана тапты. АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Ричард Баучер біз терроризмге қатысы бар адамдармен араласпаймыз, бірақ өзгеше саяси көзқарас танытатын саяси жетекшілермен қарым-қатынас құру деген саясатымыз бар деп сипаттады.

АҚШ басшылары көптеген мемлекеттердің жетекшілерімен қатар Беслан дағдарысына өкініш білдіріп, қайғы үстіндегі ресейліктерге көңіл айтты. АҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауелл Ресей президенті Владимр Путинның сөздерін жұмсартуға әрекет жасап, Беслан дағдарысының апатына өкініш айтты, Америка Құрама Штаттары қайғыға ортақтасып отырғанын білдірді:

- Президент Путин бір емес, бірнеше жекелеген кездейсоқ сапарларды айтып отыр деп білемін. Осыдан біршама уақыт бұрын чешен тұлғалары сыртқы істер министрлігінің қызметкерлерімен кездесті, бұл аймақтағы жағдайды жан-жақты бұлақтардан біліп отырайық деген жұмысымыздың реті. Ал біз қазір ортақтасып отырған бағытты айтатын болсам – Беслан деген шағын қалада болған зұлым, өте зұлым қимылға біз бірауыздан сөгіс айтамыз.

Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдте ресейліктердің қайғысына ортақтасты. Бірақ Дональд Рамсфельд Ресейдің қазіргі өз қимылдарын Америка Құрама Штаттарының терроризмге қарсы соғысымен сабақтастыруын орынсыз деп тапты. Бесландағы шабуылға "Әл Қаида" террорлық ұйымының қатысы бар деген ешқандай дәлел көріп отырған жоқпын, деді Дональд Рамсфельд.

Ресей үкіметінің қазіргі қимылдарын айта кетсек – чешен көтерілісшілерін залалсыздандыруға септігін тигізетін ақпаратқа 10 миллион доллар сыйлық сайланды. Бесландағы шабуылға ресми Мәскеу ең алдымен дала қолбасшысы Шәміл Басаевты және Чешенстанның бұрынғы президенті Аслан Масхадовты айыптап отыр. Ресей әскері штабының бастығы генерал Юрий Балюевский террористердің дүниежүзіндегі кез-келген қонысына алдын-ала соққы жасауға дайынбыз деп мәлімдеді сәрсенбі күні.
XS
SM
MD
LG