Accessibility links

Бейсенбі күні таңертеңгісін Индонезияның астанасы- Джакарта қаласындағы Австралия елшілігі жанында бомба жарылысы болған


Бүгін таңертеңгісін Индонезияның астанасы Джакарта қаласының орталығындағы Австралия елшілігінің жанында қуатты бомба жарылысы болған. Соңғы деректерге қарағанда ең кемінде 8 адам қаза тапқан, тағы да 100-ге тарта адам жараланған. Иә, өкінішке қарай әр күн сайын дөңгеленген дүниенің бірде мына бұрышында, бірде ана түкпірінде бомба жарылды, ұшақтар құлап, адамдар опат болып, ғимараттар қирап жатыр деген хабарлар соңғы кездері жиі естілетін болып кетті. Бұл аптаның бейсенбісінің таңы әлем назарын Индонезияның астанасы Джакартаға аударды. Біздің Азаттық радиосының тілшісі Джакартада бомба жарылған жерден мынандай дыбыс таспасын жолдаған екен. Бірден дабыл қаққыш машиналар жүйткіп, көшедегі жұрттың азан-қазан, у-шу болып жатқанын естіуге болады бұл таспадан.

Қаза болғандардың ішінде үшеуі полиция қызметкері екен. Опат болғандар тізімінде шетелдіктер жоқ көрінеді. Австралия елшілігінің қызметкерлері дін-аман деген ақпарат бар.

Индонезиядан жеткен дабылды ақпардан кейін Австралияның премер-министрі Джон Ховард Мелбурнда шұғыл өткізген баспасөз- мәслихатында былай деген:

-Біз бірден нақты айта алмаймыз, бірақ дәлел-деректерге қарағанда, машинаға қойылған бомба жарылған.

Әлемнің ақпарат агенттіктері таратып жатқан хабарларға қарағанда, оқиға орнына жедел жеткен полицияның жарылыс көзін анықтап табуына бір сағаттай уақыт кеткен. Негізгі болжамдар бойынша, қопарылғыш бомба Австралия елшілігінің алдына қойылған машинаның ішінде болған. Арнайы қызмет көп жайттарды анықтауға осындағы видеокамералардың көмегі де тиіп болып қалар деген сенімде.

Австралияның сыртқы істер министрі Алекснадр Даунер бұл жарылысты Австралияға қарсы бағытталған террорлық акт болуы мүмкін деп айтқан:

-Біз жарылысқа кім жауапты екендігін білмейміз. Бірақ оны анықтап табуға ұзақ уақыт кетпейді. Біздің күдіктенетініміз әрине Жамия Исламия,-деген Австралияның сыртқы істер министрі.

Жарылыс болған маңайда қазір қираған қабырғалардың мрамор тастары мен терзелердің сынған шыныларынан аяқ алып жүргісіз, жарылған бомбаның жарықшақтары Австралия елшлігінің темір қақпасын тесіп өткен. Жарылыс болған Расун Саид көшесінде Австралияның ғана емес, басқа да бірқатар мемлекеттердің елшілік үйлері орналасқан екен. Ресей елшілігі де жарылыс орнынан 300 метрдей қашықтықта тұрған. Оның ғимаратына да зақым келтірілген.

Австралияның бас министрі Джон Ховард баспасөз-мәслихатында Джакартаға Австралияның бомба эксперттері барады деді:

-Австралияның федералды полициясынан 9 бомба эксперті Австралияның сыртқы істер министрі Даунермен бірге Джакартаға барады деп үміттенемін. Сондай-ақ медициналық әскери қызметкер де, басқа да кеңесшілер баратын болады,-дейді бас министр.

Джакартаның аурухана қызметкерлері жаралы адамдардың көптеп әккелініп жатқанын айтқан. РИА жаңалықтар агенттігі жарылыс болған жерге жақын маңайда тұрған ММС ауруханасына 100 ден астам адам жеткізілген, олардың бірнешеуіне дәрігерлер операция да жасап үлгерді деп хабарлады. Индонезияның сыртқы істер министрі Хассан Уиражуда жарылыстан зардап шеккен жаралы азаматтарды көріп, халдерін білуге ауруханаға барған. Министр жол үстінде, көшеде кетіп бара жатқанда журналистер сауалдарына жауап берген екен:

-Бұл терроризм және террор біздің жауымыз екендігін тағы да көрсетіп берді. Біздің адамдар мұндай проблеманың орын алып тұрғанын білулері тиіс. Ол үшін біз үкімет халықпен бірге террорға қарсы күресуіміз қажет.

Осы жақын күндері ғана Индонезиядағы АҚШ-ң және Австралияның елшіліктеріне терорлық шабуылдар жасалуы ықтимал деген ескерту айтылған екен. Австралия сыртқы істер министрі Александр Даунер бұл ретте былай дейді:

-Біз бірер күн бұрын Дажакартадағы батыстық үлгідегі қонақ үйді нысанаға алатын террорлық шабуыл болуы мүмкін деген хабар алған болатынбыз. Біз бұны ескере отырып сапар маршрутын да өзгерткен болатынбыз.

Индонезияның президенті Мегауото Сукарнопутри Брунейге сапарын қысқартып, Дажкартаға қайтып оралып, жарылыс орнында болды. Президент бомба жарған міндетті түрде қылмыскерлерді тауып, жазалаймыз деп уәде еткен.
XS
SM
MD
LG