Accessibility links

Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдардың бетінде сайлау тақырыбына арналған мақалалар көбірек орын алып, кейбір үміткерлердің не себептен жеңіске жете алмағандығы сөз болыпты.


“Мегаполис” апталығының 7 қазан күнгі санында жарық көрген Артур Меркуловтың мақаласында, 3 қазан күнгі өткен сайлау нәтижесіне байланысты талдау жасалыныпты. Алматы қаласындағы қайтадан сайлау өткен екі аймақта, Күләш Ағатаева мен Сергей Киселевтің жеңіске жеткендігі белгілі. Мақала авторы, осы орын алған оқиға Қазақстанда жалпы қоғамға ықпал жасауға тырысатын әрекеттердің өміршең емес екендігін дәлелдеп берді деп пайымдайды. Газет тілшісінің айтуынша, сол себептен де Ораз Жандосов пен Ғани Қасымов елдің арасында кеңінен танымал болғандығына қарамастан, сайлауда жеңіліске ұшыраған. Сонымен қатар Артур Меркулов өз мақаласында саяси партиялардың сайлау науқаны қарсаңында жүргізген үгіт-насихатының Қазақстандағы азаматтарға қалай әсер еткендігіне және кейбір партиялардың жіберген кемшіліктеріне де тоқталып өтіпті. Мақала авторы, сайлау кезінде “Отан” партиясы жеңіске жетіп, Парламент мәжілісінен 70 процент дауыс алғандықтан, келешекте Парламентте осы партияның құрылтайында айтылған ұсыныстар қарастырыла бастайды деп есептейді. Бейсенбі күнгі “Время” апталығының кезекті санында Виктор Верктің өткен сайлауға қатысты ой-толғамы жарық көріпті. Виктор Верктің айтуынша, осы жолғы Мәжіліс парламентіне сайланғандардың қатарында, билікке қарсы сөз айта алатын бірде-бір депутат жоқ. Мақала авторы, алдағы уақытта билік дәлізінде қандай коррупциялық істер жасалып жатса да, Парламент депутаттары ештеңені байқамаған болып отыра береді деп пайымдайды. “Ендігі уақытта ешкім де үкіметтен кәсіпкер Болат Әбілов секілді “Шеврон” компаниясымен жасалған келісім-шарттардың толық мәтінін талап ете алмайды. Немесе ешкім де үкіметке зейнетақыны көбейтуге немесе жалақыны көтеруге қатысты талап қоя алмайды” дейді мақала авторы. Мақала авторы, егер де келешекте билік бүкіл партияларды таратып жіберетін заң талап етсе, Парламент ондай заңды еш қиналмай-ақ қолдай салады деп пайымдайды. Сондай-ақ “Время” газеті арқылы депутаттыққа үміткер болған кандидат Ораз Жандосов, сайлау кезінде өзін қолдаған азаматтардың бәріне де алғыс сезімін білдіріпті. “Сөз” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосовты екінші турдан өткізбеу үшін билік тарапынан неше түрлі әрекеттердің қолданылғандығы тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, кейбір сайлау учаскелерінде Ораз Жандосовтың бақылаушыларына ашықтан-ашық қысым көрсетілген. Ораз Жандосовты өткізбеу үшін Алматыға жақын ауылдың адамдарын автобуспен әкеліп, Күләш Ағатаева үшін дауыс бергізген. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сайлау кезінде билік тарапынан ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін еңбекшілердің бәріне де сайлау учаскесіне барып, Күләш Ағатаева үшін дауыс беруге бұйрық берілген. Дауыс бермеген жұмысшылардың жұмыстан босатылатындығы қатаң ескертілген. Сондай-ақ мақала авторы Ағатаева үшін дауыс берген Панфилов пен Жароков көшесінің тұрғындарына мың теңгеден үлестірілгендігі туралы деректі де мысалға келтіріпті. “Түркістан” басылымының бейсенбілік санында үшінші қазан күні өткен сайлауда кімдердің депутат болғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл жолғы сайлауда Парламент мәжілісінің қазіргі құрамының жартсына жуығы өз орындарын сақтап қалған. Жаңадан сайланған депутаттардың көпшілігі “Отанның” мүшелері. Қайта сайлау өткізілген жиырма екі округ бойынша депутаттыққа сайланғандардың оны өзін-өзі ұсынғандар, тоғызы “Отаннан”, ал, “Асар”, “Қазақстан демократиялық партиясы”, “Аист” блогынан бір-бір адамнан сайланған” дейді мақала авторы. “Московский комсомолец в Казахстане” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген Әлия Нысанбаеваның мақаласында жаңадан сайланған Парламенттің құрамына айрықша назар аударылыпты. Осы тақырыпқа айрықша назар аударған “Айқын” газетінің тілшісі Ораз Әлімбековтың мақаласында Мәжілістің жаңа құрамында “Отаннан” 42, “Аистан” 11, “Асардан” 4, “Ақ жолдан” 1 және “Қазақстанның демократиялық партиясынан 1 адамның депутат болғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, “Отан” партиясы тек 42 адаммен шектелмейді, өзін-өзі ұсынған он сегіз депутаттың басым бөлігі осы партияның мүшелері көрінеді. “Экспресс К” және “Литер” басылымдарының бейсенбілік санында “Табиғат” экологиялық қоғамының басшысы Мэлс Елеусізовтың “бұрынғы кандидаттардың клубын” құру туралы бастама көтергендігін хабарлапты. “Литер” басылымының хабарлауынша, тоғыз рет депутаттыққа өте алмаған “Табиғат” экологиялық қоғамының басшысы Мәлс Елеусізов осылайша ресми билікке наразылық білдіруді көздеп отыр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сайлаудың нәтижесіне риза болмаған депутатыққа үміткерлердің көбісі осы клубтың мүшесі болған. Бұл клуб әлі тіркеле қоймаса да, оны құрушылар клубтың тіркелуіне кедіргі болмайтындығына сенімді көрінеді. Мэлс Елеусізовтың айтуынша, аталмыш клубтың мүшелері сайланған депуаттардың өз уәделерін қалай орындап жатқандығын бақылауды және жұмыс істеп жатқан депутаттар арқылы өз ұсыныстарын Парламентке жолдап отыруды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG