Accessibility links

АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижелері Қазақстандағы демократиялық процестердің барысына әсер етеді дейді сарапшылар


Америка Құрама Штаттарында президенттік сайлауға республикалық партияның атынан түсіп жатқан үміткер Джордж Буш президент болып қайтара сайланса, бұл Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан тиімді деген пікір білдірді «Азаттық» радиосына берген сұқбатында қазір Индиана штатында ғылыми тәжірибеден өтіп жатқан қазақстандық саясаттанушы Рүстем Қадіржанов Блумингтон қаласынан. - Қазақстандағы экономикалық жағдай мұнайдың бағасына байланысты ғой. Буштың кезінде мұнайдың бағасы үлкен екенін білесіз. Ал егер Керри президент болса, онда мұнайдың бағасы 10%-дан артық төмендейді деген жорамал бар. Сол себептен, Буштың президент болуы Қазақстан үшін жақсы болады ғой деп ойлаймын.

Дегенмен, ол демократтар билікке келсе, ең алдымен демократиялық құндылықтарға баса назар аударылып, демократиялық жағынан артта қалған әлдемдегі басқа елдерге, оның ішінде Қазақстанның ішкі саясатына да зор ықпал етеді деп есептейді: - Егер билікті демократтар алса, онда олар демократиялық емес елдерге қысым жасайды. Мысалы, Қытай, Араб елдері... Соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдерге де қысым жасайды деп ойлаймын.

Бұл пікірді саясаттанушы-журналист Айгүл Омарова да қостайды. Оның ойынша, қазіргі АҚШ президенті Джордж Буш әкімшілігінің дамушы елдердегі, әсіресе тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндегі демократиялық процестердің жедел жүруіне әсері мардымсыз: - Қазіргі Белоруссиядағы, Украинадағы және Ресейде өткен сайлауларды алайық. Буш тұрғандықтан, ол елдерде демократияның жаншылуы жайында айтпайды.

Оның сөзіне қарағанда, 2006-шы Қазақстанда болатын президенттік сайлауға да Америка Құрама Штаттарының жаңа президентінің сөзсіз ықпалы болады: - Буш жеңсе, бізде де Назарбаев қалады. Себебі, Буштың қорғайтын мұнай лоббиі бар екені жасырын емес. Ол лоббидің бұрыннан Қазақстанмен байланысы бар. Сондықтан, оның Назарбаевпен де байланысы бары түсінікті. Буш жеңсе, оған Қазақстанда Назарбаевтың президент ретінде қалғаны керек.

Бірақ республикашыл Джордж Буштың жеңісіне кәміл сенімді саясаткер әрі журналист Сейдахмет Құттықадам АҚШ-тың қазіргі президентінің бұрынғы кеңес одағы елдеріндегі демокартиялық процестерге оң ықпалы болды деп есептейді: - Мысалы, Грузияда Саакашвилиді қойып, демократияны орнатты. Украинада Ющенконың артында Американың тұрғаны мәлім. Ол да үлкен өзгерістер әкелуі мүмкін. Мұның барлығы демократиялық процестермен байланысты. Бірақ оның артында геосаяси мүдде тұруы мүмкін. Оны жасырмау керек. Дегенмен, бізге демократияның пайдасы керек.

Сол себептен, Буштың кезекті жеңісі қазақстандық оппозицияның да ұпайын арттырып, ісіне серпіліс береді деген пікірде: - «Қазақгейт» көтерілуі мүмкін. Содан кейін қазір Ресейдің Қазақстанға ықпалын қайта күшейтіп отыр. Соған қарсы АҚШ күшейеді. Мұның барлығы қазақстанда үлкен саяси күрес болатындығын көрсетеді.

Алайда, Америка Құрама Штаттарында бұғанға дейін өткен президенттік сайлаулар тарихына қарап, билікке кімдердің: республикандықтардың яки демократтардың келгеніне қарамастан, АҚШ саясатының жалғастық сипат алатындығын байқауға болады дегенді айтты Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісінің орынбасары Марк Аскуино «Азаттық» радиосына берген сұқбатында. - Ал Джордж Буштың саясатына келетін болсақ, Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі демократиялық құндылықтар - оның жүргізіп отырған саясатының бір бағыты болатын. Егер Джон Керри президент болса, бұл мәселеде, бәлкім, басқа тәсіл, басқа терминология қолданылатын шығар. Бірақ демократиялық құндылықтар Америка Құрама Штаттарының күн тәртібінен ешқашан түспейді.
XS
SM
MD
LG