Accessibility links

Балалардың жұқпалы ауруларға шалдығуы жиілеп барады


Қарағандыдағы нөмірі үшінші балалар ауруханасына алғашқыда басқа диагнозбен түскен балалардың ата-аналары балаларының емделу барысында ішек инфекциясының ауыр түрін жұқтырғандығын айтып, дабыл қағуда. Емделуші балалардың ата-аналары мұны ауруханадағы санитарлық жағдайдың нашарлығынан көріп отыр. Ал Қарағанды облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы бастығының орынбасары Баян Рысқұлқызы бұл жерде ата-аналар тарапынан түсінбеушіліктің болғанын айтады. «30-шы қазан күні бір бала стационарға түсті. Оның алдында бір күн бұрын тағы бір бала түскен. Бірінші түскен бала екінші күні түскен баламен бір палатада жатып, ауру жұқтырған. Ол екеуі де қазір балалар ауруханасында емес, жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілді. Сол себептен ауруханада жатқан 70 баланың барлығына сақтану шаралары жүргізілді. Соған ата-аналары бұлардың барлығын неге емдеп жатар, мүмкін барлығы да ауру шығар деп шу көтерген. Біздің дәрігерлер сол жерде жұмыс істеп жатыр, барлық профилактикалық шаралар уақытында жұргізілді, барлық ата-аналар, қызметкерлер тексерістен өтті. Ешкімнен ондай жұқпалы аурудың белгісі табылған жоқ», - дейді Баян Рысқұлқызы.

Соңғы уақытта Қарағанды қаласында балалардың жұқпалы ауруға шалдығу оқиғалары жиі кездесуде. Тіпті, мектеп оқушыларының арасында мерез ауруын жұқтырғандар да кездеседі екен. Қарағанды облыстық тері-венерологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Лариса Сприндис мұндай жағдай тек Қарағандыда ғана емес, республиканың басқа да аймақтарында сирек болса да кездеседі, - дейді.

Ал Батыс Қазақстан облысында биылғы жылдың өзінде 500-ден астам адам мерез ауруын жұқтырған. Облыстық тері-венерологиялық аурулар диспансерінің бөлім меңгерушісі Берік Есенғалиевтің айтуынша, олардың арасында 3-ші сыныптың оқушысы да кездескен. «Бізде «Шапағат» деген қаңғыбас балаларды жинайтын орталықтан түскен балалар болды. Мұндай жұқпалы аурулар көбіне үйлері жоқ немесе үйлерінен қашып кеткен, көше кезіп далада жүретін, ересек балалармен араласатын, таксокоман балалардың арасында кездесіп тұрады. Бізде тіркеуде тұрған балалардың біреуі 7-ші сыныптың, ал екіншісі 3-ші сыныптың оқушысы болу керек. Бірақ 3-ші сынып оқушысы Өзбекстаннан біздің жаққа қаңғып келген бала болып шықты», - дейді Берік Есенғалиев. Кейінгі жылдарда кең тарала бастаған мерез ауруын тұқым қуалау жолымен жұқтыратындардың да саны өсіп келеді. Былтырдан бері 8 нәрестенің анасының құрсағында жатып мерез ауруын жұқтыру оқиғасы да тіркелген. «Егер дер кезінде емделмесе адамның іш құрылысына әсер етеді. Мысалы, бауырына, миына зақым келуі мүмкін. Әсіресе, аяғы ауыр әйелдер ішіндегі баласына жұқтырады, яғни бала өмірге мерез ауруының белгілерімен келеді. Биылғы жылдың өзінде бізде 6 нәресте тіркелді, былтыр осындай екі жағдай тіркелген. Біз ондай балаларды емдеуді бірден қолға аламыз, егер дер кезінде ем қабылдайтын болса, айығып шығады», - дейді Берік Есенғалиев.

Кей кездері бұл аурудың тұрмыстық жағдайда да жұғуы мүмкін. Мамандардың пікірінше, мерез ауруының етек алып кетуіне жұртшылық арасында анайы әдеттерге бой алдырғандардың көбейіп кеткендігі себеп болуда.
XS
SM
MD
LG