Accessibility links

Қазақстан уранын Қытай қару-жарақ жасауға пайдалануы мүмкін бе?


Қарашаның 6-сында Пекинде Қазақстанның “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы мен Қытай мемелкеттік ядролық өнеркәсіп копорациясы “Ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік туралы” келісімге жіне атом өнеркәсібі саласындағы 2020 жылға дейінгі жұмыс бағдарламасының жобасына қол қойды.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың есебі бойынша уран өндіруден 2003-ші жылы әлемде төртінші орынға шыққан. Ал Қытай мемлекеттік ядролық өнеркәсіп корпорациясымен жасалған уағдаластық Қазақстанның уран өнімін тұтыну рыногын кеңейтеді деп есептейді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының баспасөз хатшысы Қонақбай Саттаров.

- Себебі, бізде шикізат қоры жеткілікті. Қазір біз уран өндіру жағынан төртінші орында тұрсақ, біртіндеп компанияның ішкі мүмкіндіктерін жетілдіріп, 2010-шы жылға қарай уран өндіру көлемін 15 мың тоннаға жеткізу арқылы бірінші орынға шығуды жоспарлап отыр. Бұған барлық мүмкіндіктер бар деп есептеледі.

Алайда, уранды шамадан тыс көп өндірудің Қазақстан үшін экологиялық зардаптары болуы ықтимал деген пікірде эколог Мэлс Елеусізов.

-

Бізде қазір жүзден аса уран кеніштері бар. Олардың көпшілігі иесіз жатыр. Сондықтан, бұл - үлкен мәселе. Уранды шығарған кезде шаң шығады. Онымен бірге радиация ауаға таралып, сумен шайылады. Оның адамға әсер ету мүмкіншілігі мол.

Егер экологиялық талаптар сақталса, уран қосындыларын өндіруден зиян жоқ дейді Экология-экономика ғылыми-зерттеу институтының ядролық-химиялық технологиялар және жарылғыш заттар кафедрасының меңгерушісі Әбу Меңлібаев.

- Шикізаттан уранның қосындыларын алады.Жақында Шиелідегі кеніштерге барып көрдім. Біздің еліміздегі адамдарға ешқандай зиян келіп жатқан жоқ, барлығы жақсы жұмыс істеп жатыр. Оның қосынды түрінде ешкімге ешқандай зияны жоқ.

Қытай мемлекетімен ядролық өнеркәсіп және атом саласындағы келісім ұзақ уақытты мерзімді қамтитын болады дейді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қызметкері Қонақбай Саттаров.

-

16-15 жылдың ішінде үлкен жұмыстар атқарылады деп күтіліп отыр.

-

Қандай жұмыстар?

-

Ол жөнінде айтуға болмайды. Сондықтан, менің айтуым да қиын.

-

Екі ел арасындағы уағдаластық әскери саладағы өнеркәсіпті де қамти ма, әлде әңгіме тек бейбіт мақсаттағы өнімді пайдалану жайында ма?

-

Кезінде қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартқанын білесіздер. Бұл кезінде үлкен қадам болып бағаланған. Мемлекетіміздің басшылығы сол саясатынан таңған жоқ. Бізде өнідірілетін өнім тек бейбіт мақсатта қолданылады.

Ұлттық компанияның негізгі өнімі – табиғи уран, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, сутас, тантал және тағы басқа сол тектес материалдар. Сондай-ақ бұл кәсіпорын ұзақ жылдар бұрынғы кеңес одағының, қазіргі тәуелсіз елдер достастығының әскери-өнеркәсіп кешініне қарасты кәсіпорындармен тығыз байланыста болған. Ал Қытай республикасы Қазақстанда шығарылатын өнімді қандай мақсатта пайдалануы мүмкін? Бұл сауал төңірегінде қытайтанушы ғалым Камал Бұрханов былай дейді:

- Қытай – үлкен ядролық держава. Ол - қару-жарақ болсын, экономика-саясат болсын дүниежүзінде екінші орындағы мемлекет. Әрине, ол әр түрлі жағдайға қолдануы мүмкін. Өнімді бізден алып қару-жараққа пайдаланатын болса, үлкен халықаралық проблемаға айналуы мүмкін.

Дегенмен, ядролық-химилиялық технологиялар мен жарылғыш заттар кафедрасының меңгерушісі Әбу Меңлібаев болса, Қытай Қазақстаннан сатып алынатын өнімді қайда пайдаланса да, оған біздің қатысымыз жоқ. Олардың қызметін бақылайтын арнайы халықаралық қауымдастықтар бар дейді:

- Дүниежүзіндегі уранның үштен бір бөлігі бізде болған кезде Қытай не істейді, анау не істейді деп, ешкімге бермей, жердің астында жата берсін дейміз бе? Уранды шығарудан мемлекетке үлкен пайда бар.

Қытай республикасының Қазақстандағы елшілігіне хабарласақанымызда, елшіліктің баспасөз хатшысы Чин мырза екі елдің атом саласындағы уағдаластықтары жайлы ақпаратпен таныс еместіктерін жеткізді:

- Кешіріңіз, ондай ақпарат бізде жоқ.

Қалай болғанда да, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының мәліметтеріне қарағанда, екі ел арасындағы бұл үлкен ұзақ мерзімді жобаға Қазақстан үкіметінің алдын-ала келісімі бар. Ал құжатқа мемлекет басшыларының жуық арадағы кездесулерінің бірінде үкіметаралық деңгейде қол қоюлары қарастырылуда.
XS
SM
MD
LG