Accessibility links

Украина жоғары соттың үкімі шықса да жағдай қалай өрбитіні анық емес


Украина еліндегі текетірестің созылғанына, міне, екі аптадай болып қалды. 21 қараша күні өткен президент сайлауының екінші кезеңі саяси дағдарысқа әкеп соқты. Украина жоғары соты президенттік сайлау нәтижелеріне оппозиция наразылығын қарап, енді үкім шығарып қалар деп күтіліп отыр.

Украина жоғары сотында тараптардың пікірсайысы аяқталды. Сот өз-ара кеңесу үстінде. Сот алдында орталық сайлау комиссиясының өкілдері және президенттікке екі кандидат – Виктор Янукович пен Виктор Ющенколардың өкілдері сөйлеп болды. Бұл жердегі бір дерек – орталық сайлау комиссиясының өкілі Руслан Князевич кешегі мәжілісте екінші турдың қортындыларында бұрмалаушылық болса, бір миллионнан астам бюллетень бас министр Януковичтың пайдасына жалған саналуы мүмкін деп айтты. Сот шешімі бүгін жариялануы мүмкін, Астана мен Киев аралығындағы уақыт айырмашылығын ескерсек – Украинада әлі жұманың түстен кейінгі мезгілі. Оппозиция басшысы Виктор Ющенконы қолдаған жүздеген халық сот ғимарытының сыртында тұр.

Украина президенті Леонид Кучма бейсенбі күні аяқ астынан Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен ақылдасты. Президент Кучма сайлауды жаңадан өткізген жөн, жаңа кандидаттар шықсын деген ұстанымда қазір, Путин Кучманы қолдайтынын танытты:

- Елде нығайту үшін және дағдарыстан шығу үшін жасап жатқан кез-келген шаруаларыңызды қолдайтынымызды айтамын. Ресей әр қашанда Украинамен бірге болғысы келеді, соған сізді сендіргім келеді. Елді тұрақтандыруға бағытталған Украинаның барлық әрекеттерін Ресей әр қашанда қолдап отырады.

Міне, Путинның осы сөздері айтылған тұста Украина жоғары сотының да үкімі шығып қалар. Янукович те, Ющенко да сот үкімін мойындаймыз деп келіскен болатын. Бірақ Украина жоғары соты өз бетімен шынайы үкім шығара ала ма екен? Мәселе осында. Украина заң сарапшысы Володымыр Васыленко 31-шы қазанда болған президенттік сайлаудың бірінші кезеңінен кейінгі шағын шағымдардың соңында жоғары соттың үкімдерінде дәлелдер болмаған дейді. Дегенмен, жоғары соттың үкімі шықса да жағдай қалай өрбитіні анық емес. "Азаттық" радиосының Украина сарапшысы Роман Купчинский сот шешімі заңсыз деп қабылдансада ол қазіргі текетіреске көп ықпал жасамайды дейді.

Қазақстан басшылығы Украинадағы текетіреске, халық толқуларына әлі пәліндей үлкен құлаққағыс таныта қойған жоқ. Қазақстан үкіметі емес, Қазақстан оппозициясы көбірек пікір танытып жатыр, және де "Ақ жол" партиясының басшылары Киевтегі халық ереуілдеріне барып қайтты, сол жерде сөйлеп Украина халқын қолдаймыз, Қазақстанда соңғы парламент сайлаулары әділетсіз өтті, халық алданды, бізде күрес жолындамыз деп мәлімдеген. Қазақстан басшылығына қарағанда Өзбекстан басшылығы тарапынан пікір айтылды. Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов бейсенбі күні Өзбекстан парламентінің мәжілісінде былай деп пікір айтты:

- Ең бастысы бұл іштен шығып отырған наразылық, халықтың, Украина қоғамының әбден көңілі қалғанының белгісі. Олар елдегі қазіргі жағдайға, өмір деңгейіне наразы. Бұл дегеніңіз саяси дағдарыстың белгісі.

"Әр кім арқалай айтады, бірі АҚШ мемлекеттік департаментінің ойыны деп сілтейді, бірі Еуропа Одағын кінәлайды, үшіншісі Ресей былықтырып отыр деп айтады. Бірақ бұл жерде сырттан ықпал бар ма деген мәселе маңызды емес. Бұл дағдарысқа президент Леонид Кучманың тактикалық және стратегиялық қателіктері себеп болды", - дейді Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов.
XS
SM
MD
LG