Accessibility links

«Экстремизммен күрес туралы» заң жобасы адам құқығын қорғаушылардың алаңдаушылығын тудыруда


«2004-ші жылы Қазақстан өкіметі сайлау заңын жетілдіру, оппозициялық партияларды тіркеу, БАҚ туралы заңды конституцияға сай емес деп табу, өлім жазасына мораторийді күшінде қалдыру, қылмыстық атқару жүйесін игілендіру бойынша оң қадамдар жасады. Алайда, биылғы жылы біз еркін ел ретінде көріне алған жоқпыз»,- деді Халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

- Оған парламент сайлауының халықаралық талаптарға сай өтпеуі, сөз бостандығы мен еркі жүріп-тұру құқығының сақталмауы, азаптау тәсілінің жан-жақты қолданылуы, сыбайластық пен жемқорлықтың белең алуы, сот пен құқық қорғау орындарындағы заңдылықтың сақталмауы мысал айғақ бола алады.

Сондай-ақ заңдық тұрғыда да кемшіліктер бар дегенді айтты Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының заңгері Амангелді Шорманбаев.

- Мысалы, президент жыл басында адам құқықтары жөніндегі пактіге қол қойды. Бірақ оған қосымша екі хаттама бар. Соған қосылмай ма деген күдік бар. Әзірге адам құқығы бойынша мемлекет тарапынан нақты істер атқарылмай отыр.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай жағдай Қазақстанда бірнеше жыл бойы өзгермеуде. Алайда, соңғы кезде тағы бір көрініс белең алған. Яғни, адам құқығы біртіндеп артқа ысырылып, алға ұлттық қауіпсіздікті сақтау мәселесі шықты дейді Адам құқығы бойынша Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина.

- Мәселен, Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Экстремизммен күрес туралы» заң жобасы діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да ұйымдар құқығын шектеуге бағытталған. Айталық, заң жобасында бұқаралық акциялар кезінде экстремистік әрекетке тиым салынып, мұндай жиындар өткізуге рұқсат алуда айырықша тәртіп енеді делінген. Сонда бұқаралық акция деген не, митингілер мен жиындар ма? Ондағы экстремистік әрекет дегенді қалай түсінуге болады?

Егер Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы бұл заң жобасын «ешқандай қажет жоқ, бос құжат» деп қабылдаса, адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис «Экстермистік қызметпен күрес туралы» заң жобасы қоғамды қорқытып-үрткітуге арналған» дейді.

Дегенмен, Парламент Сенатаның халықаралық қауіпсіздік пен қорғаныс комитетінің төрағасы әрі ҚР президенті жанындағы адам құқығы бойынша комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин:

- Мұндай заң Қазақстан үшін өте қажет. Өзіңіз білесіз, діннің атын жамылып бүлік, лаң салғысы келетіндер бар. Немесе біздің саяси жүйеге, жеріміздің тұтастығына, саяси тұрақтылыққа шабуыл жасағысы келетіндер бар. Оларды шектемесе, біздің мемлекетімізге, елімізге қауіп төнуі мүмкін.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев:

- Заң жобасында нақты экстремистік ұйымдарға тиым салу механизмдері көрсетілген. Сондықтан, Елбасы қол қойғаннан кейін біз заңға сәйкес сот арқылы жекелеген экстремистік ұйымдардың Қазақстан ауқымындағы қызметіне қатаң тиым саламыз.

Әзірге «Экстремистік қызмет туралы» заң жобасын Сенат 20-дан аса өзгерістермен парламенттің төменгі палатасының қайтарған.
XS
SM
MD
LG