Accessibility links

Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттағаны байқалады


Қазақстан Республикасының статистикалық агенттігі маусым айында азық-түлік өнімдері бағаларының 0,1 процентке қымбаттағандығын хабарлады. Олардың айтуынша маусым айында қант 7,3, күріш 1,7 ал ет өнімдері 0,6 процентке көтерілген.

Өткен жылғымен салыстырғанда азық-түлік өнімдері бағасының қаншалықты қымбаттағандығын білу үшін біз Алматы қаласындағы ең ірі сауда орындарының бірі болып саналатын көк базарға келдік. Көк базардың кіре берісіндегі есіктің жанында асатаяқ сатып тұрған Ұлы Отан соғысының ардагері, 85 жастағы Ахмет есімді ақсақалды әңгімеге тартқанымызда, ол кейбір азық-түлік өнімдері бағасының бұрынғымен салыстырғанда екі есеге дейін қымбаттағанын айтты.

Ал, осы базарға арзан азық-түлік сатып алу үшін келетін ерлі-зайыпты Мұса мен Халида да көк базардағы бағалардың тым қатты қымбаттап кеткендігін айтты. Сондай-ақ, олар азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына биылғы шілде айнан бастап өз зейнетақыларына қосылған 3 мың теңгенің тұрмыс-тіршіліктерінің жақсаруына ықпалын тигізе алмағандығын да сөз қылды.

Біз азық-түлік өнімдерінің не себептен қымбаттағаны жайлы көк базарда сауда жасайтын саудагерлерден де сұраған едік. Базарда сүт сатып тұрған Шолпан есімді келіншек сүттің бағасын көк базардағы төлейтін орындарының қымбаттап кеткендігіне орай көтеруге тура келгендігімен түсіндірді. Ал, көк базарға азық-түлік сатып алу үшін келген Әлима есімді әйел жаз мезгілі болғанына қарамастан еттің бағасының арзандамай отырғандығын айтып берді. Ақлима есімді келесі бір әйелдің айтуынша, азық-түлік өнімдерінен басқа тауарлар да қымбаттап кеткен. Осы сөздеріне дәлел ретінде ол былтыр бағасы 500-600 теңге тұрған сыр бояудың биыл 800 теңгеден төмендемей тұрғандығын мысалға келтірді.

Қазақстан Республикасы статистикалық агенттігінің мәліметтеріне жүгінсек, 2004 жылғымен салыстырғанда азық-түлік өнімдерінің бағасы 9,1 процентке көтерілген. Ал, көк базарға азық-түлік сатып алуға келген кейбір адамдар ондай мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтіндігін айтып, азық-түлік өнімдері бағасының 50, кейбіреуінің тіпті 60-70 процентке дейін көтерілгендігін тілге тиек етті. Кейбір сарапшылардың айтуынша, азық-түлік өнімдерінің бағасы алдағы тамыз айында да қымбаттауы ықтимал.
XS
SM
MD
LG