Accessibility links

Өзбекстан билігі АҚШ-тың Қаршы Қанабадтағы әуе базадан әскери күштерін шығаруын талап етті


Өзбекстан билігі Құрама штаттардан елдің оңтүстігіндегі Қаршы-Қанабадтағы әуе базадан әскери күштерін шығаруын сұрап отыр. Өзбекстанның бұндай шешімге келуі - көрші Қырғызстанға бірнеше күн бұрын АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің барып, бұл елдегі Құрама штаттар әуе базасының Қырғызстанда ұзағынан қалуына ресми Бішкектің кепілдігін алып қайтуынан кейін болып отыр. Сөйтіп бұл мәселеге Орта Азияның екі мемлекеті түрлі шешіммен қарап отыр.

Өзбекстандағы Британия елшісі болған Крейг Муррейдің Азаттық радиосына айтуынша, Өзбекстан президенті Ислам Каримов АҚШ-тың әскери жасақтарын әкетуді талап етуде дұрыс шешім жасаған жоқ:

«Ия, менің ойымша, Каримов мүмкін өзін аңғарымпаздық жасадым деп ойлайтын шығар. Бірақ менің пікірімше, біраз уақыттан кейін ол өзінің кәдімгідей қателескенін түсінетін болады, өйткені Құрама штаттар халықаралық аренада көп істер жасап жатыр және ең ақырында Американың өз мақсаттарына жетуде Ресей мен Қытайдан гөрі көбірек мүмкіндігі болады».

Бақылаушылардың сөзіне қарағанда, Өзбек басшыларының К2 деп аталып кеткен Қаршы-Қанабад әуе базасынан әскерді шығару шешімі аса таңқалыс тудырмады. Құрама штаттар мен Өзбекстанның қарым-қатынастары Грузияда болған Раушан төңкерісінен кейін нашарлаған болатын. Онда Каримов Вашингтон биліктен кетірілген президент Едуард Шеварнадзеге қолдау танытады деп сенген еді, алайда олай болмаған соң енді өзі сондай жағдайда қалудан қорқып қалды. Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнараның бұрынғы қаржы кеңесшісі Фарход Иногомбаевтың айтуынша:

«Бұл менің айтайын дегенім, АҚШ-қа қарсы шығу саясаты Әндіжан оқиғаларынан бұрын басталған. Олардың біріншісі, Құрама штаттармен қарым-қатынас бұзылған соң, Ислам Каримов Ресей және Қытаймен достық қарым-қатынасын түзей бастады. Өзбекстан саясатының ол бағыты Әндіжаннан бұрын бірақ, турасы бұрынғы совет елдеріндегі төңкерістерден соң басталған еді. Дегенмен, бұл бет алыс Әндіжан оқиғаларынан кейін шарықтау шегіне жетіп қалды».

Бұған тағы басқа да ықпалды жағдайлар әсер етті. Шілденің басында, Ресей мен Қытай елдерімен қатар Орта Азияның төрт мемлекеті мүше болып табылатын Шанхай Ынтымақтастық ұйымы Құрама Штаттардан аймақтағы әскери жасақтарын шығару мерзімін белгілеуін сұрады. Бұл шешімнің Ресей мен Қытайдың қозғауынан туғаны кеңінен белгілі мәселе болды.

«Кәрімов американдықтарға тікелей қарсы тұруда ұтпайтынын біледі, жалғыз медеу тұтатыны елі -Ресей болып отыр. Және Құрама штаттар күштерінің Орта Азияда орнығуы, Ресейге тиімді емес екені кеңінен белгілі. Каримовтың Америкамен байланысын күрделендірген шешімі - ұзағынан қармап қалу үшінгі күрес. Бұл күресте оның бірінші қолға алған ісі, американ әскерлерін кетіру болып отыр», - дейді Ресейде орналасқан саяси технологиялар орталығының өкілі Сергей Михеев Мәскеуден «Азаттыққа» берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG