Accessibility links

Иранда босқындықта жүрген өзбектер жат елдегі өздерінің аса ауыр тіршіліктері туралы әңгімелейді


1997 жылы Өзбекстан астанасында және өзге аймақтарда болған террорлық жарылыстар үшін ресми үкімет елдегі діни ұйымдарды қуғындап, жеке азаматтарды негізсіз айыптап, абақтыға салып азаптап, түрмеде барынша қинай бастағанда өзбекстандық ондаған азамат атамекенін тастап, шетелдерден баспана іздеп қашып шыққан болатын. Оларға терроршылар, тиым салынған Өзбекстан Ислам қозғалысының мүшелері деген үрейлі айып тағылды. Солардың бір тобы Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан арқылы Иранға дейін жетіп, 8 жылдан бері босқындық жағдайында ауыр ахуалда өмір сүріп жүр.

Наманған тұрғыны, 42-жастағы Бобур мен оның зайыбы, жасы 35-тегі Мастура ресми органдар қысымынан қашып, екі баласын алып, алдымен Тәжікстанға өтеді. Ал ол арада 1992-1997 жылдары азаматтық соғыс қайнап тұрған болатын. Бобур қарулы топқа қосылдым, бірақ соғыс шайқасына ешқашан қатысқан емеспін, дейді.

«Үйленгендер ауыл-қыстақтарда тұрды. Мен аспаз болып істедім. Ол ең жақсы жұмыс болатын. Мен ешқандай шабуыл операцияларына қатысқан емеспін. Олар соғыс, шабуылдарға бойдақтарды, яғни муджараттарды ғана жіберетін еді», - дейді Бобур.

Бірнеше айдан кейін ол Өзбекстан Ислам қозғалысы жетекшілерінің бірі Жұма Намангониді көргендігін мойындайды.

«Мен, Ислам қозғалысының жетекшісі Тохирді көрген емеспін, себебі ол Ауғанстанда болған. Бірақ, Жұма Намангони Тәжікстанға келіп, бір-екі рет сөз сөйледі. Ол: біз Өзбекстанды азат еткеннен кейін ол жерде өмір сүретін боламыз, дейтін еді. Ол қысқа сөйлейтін. Не айтатынын білетін. Оны екі рет көрдім. Кейін бізді Ауғанстандағы базаға апарып салды», - дейді Бобур.

1999-2000 жылдары Өзбекстанның оңтүстігі мен Қырғызстанға шабуыл жасағаннан кейін АҚШ мемлекеттік департаменті ол ұйымды терроршы ұйымдар тізіміне енгізген болатын.

Бобур мен Мастура алғаш Мазари-Шариф, кейін Қабулда тұрады. 2001-жылы АҚШ-тың Ауғанстандағы шабуылына дейін Бобур көлік жөндеумен болады. Бомба шабуылынан әупірімде аман қалады.

«Бомба шабуылы басталғанда біз мәшинемен қаштық. Екі-үш күндей жүріп, Пәкістан шекарасына жеттік. Ол жердегілер бізді ауған босқындары деп қалды. Бізге де керегі сол еді. Біз өзімізді ауғанстандық өзбекпіз деп, аман қалдық. Олар бізді шекарадан өткізіп жіберді», - дейді Бобур.

Пәкістанда олар 4 жылдай тұрады. Ал өткен жылы көктемде Иранға өтеді. Иранға арнайы барып, Захиданда өзбек босқындарымен кездескен оштық журналист Әлішер Саиповтың айтуынша, Иранда 90 шақты өзбек, қырғыз, тәжік босқыны бар екен.

«Олардың жағдайы өте ауыр, тыржалаңаш тақыр кедей. Тозығы жеткен көне үйлерде тұрады. Бірқатары тіленшілік етіп жан бағады. Кейбіреулері ғана құрылысшы, бояушы, сылаушы, кілемші болып жұмыс істейді. Ал әр отбасында кемінде 3-4 бала бар. Әйел-қыздар үйде отырады, ал балалары мектептің есігін ашпаған», - дейді Әлішер.

Әндіжан тумасы, 34-жастағы Хотамның өз айтуынша, өзбекстандық ресмилер оны діни наным-сенімі үшін қуғындаған соң, 1997 жылы Тәжікстанға қашқан ол одан әрі Ауғанстаннан баспана табуға мәжбүр болыпты.

«Олар бізді әйел-еркек, қыз-бала демей, бәрімізді Тәжікстаннан Ауған жеріне өткізіп тастады. Арнайы лагерде ұстады. Бір адым сыртқа шығармады, ешкіммен сөйлескізбеді. Лагерді қарулы тәліптер күні-түні қоршап, қарауылдап тұрды, - дейді Хотам.

Хотам да ешқашан әскери соғыста болған емеспін дейді. Міне енді, Ирандағы өзбек босқындарының 40 шақтысы Әндіжан қырғынынан қашқан жерлестерінің Батыстан саяси баспана алғанын естіп, Теһрандағы Голландия, Германия және Италия елшілігіне өтінішпен барып отыр.

«Біз Иранда 3 жарым жылдай болдық. Президент Кәрімовтың кім екендігін Әндіжан қырғынынан кейін бүкіл әлем білгенше, біз Иран үкіметіне барып, өз арызымызды айта алмадық. Мамырдың 13-інен кейін әлем жұрты Кәрімовтың нағыз бет-бейнесін таныды. Содан кейін ғана біз БҰҰ босқындар жөніндегі агенттігіне бардық. Бірақ, олар өтінішімізді орындамағаннан кейін, енді Голландия елшілігіне келіп тұрмыз», - дейді өзбек азаматы.

Олар, ең болмаса, біздің балаларымыз үшін Батыстан баспана алсақ дейді.

«Перзенттерімізге өте қиын болып тұр. Білгенімді үйде үйретемін. Одан қандай білім болсын. Ресми құжатымыз жоқтықтан оларды ауған мектебіне де алмайды. Ұлымның жасы 13-те. Қызым – тоғызда. Ол екеуі де осы кезге дейін мектептің есігін ашып көрген емес», - дейді босқын өзбек әйелі Мастура.

Женевадағы БҰҰ ұйымының босқындар жөніндегі агенттігінің өкілі Колвиллдің «Азаттық» радиосы тілшісіне айтуынша, қазір агенттік Ирандағы бұл өзбек босқындарының мәселесін қарастырып жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG