«Үркітіп-қорқытып, милиция әкелеміз деп осындай әрекетке барды. Түнде үй-үйді аралап, қорқытып, жас балалар мен жетім-жесір әйелдерді шығарып, жұмыс жүргізуге тырысып жатыр. Ал біздің аналарымыз осы уақытта темір жолды жабамыз деп көтеріліп жатыр. Олар рельске отырып, жолды бөгейміз дейді».
Бұл уақытта республиканы йодталған тұзбен қамтамасыз ететін «Аралтұз» кәсіпорнының барлық цехтары қарқынды жұмыс істер тұр деп хабарлады, тамыздың 19-күні «Азаттық» тілшісіне телефон арқылы сұхбат берген кәсіпорын президенті Оңталап АХМЕТОВ:
«Ия, кәсіпорын бір күн жұмыс істемеді. Себебі, үгіт жүргізушілер оларды жұмыстан жолда күтіп алып, қорқытып-үркітіп, намыстарына тиетін түрлі жаман сөздер айтқан: егер біз аштық жариялап жатқанда сен жұмысқа барсаң, сондайсың, деп. Бірақ, біз де үгіт жұмысын жүргізіп, үй-үйлерді араладық. Онда әке-шешелеріне айттық: ертең балаң жұмысқа шықпаса, мен өндірісті тоқтатпау үшін сырттан жұмысшы күшін әкелемін. Ал жұмыссыз қалған адамның 4-5 баласын кім асырайды?!»
Бұған дейін хабарлағанымыздай, аштық жариялаушылар «Аралтұз» кәсіпорны заңсыз жолмен жекешелендірілді, сол себептен, қайта мемлекет қарауына берілуі тиіс, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жақсаруы керек деген талаптар қойған болатын. Кәсіпорын басшысы болса, соңғы жылдары жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша бірқатар шаралар қабылданды деп отыр.
«Мен, керісінше, олардың орташа айлықтарын қазан айында 10 пайыз, сәуірде 15 пайызға көтердім. Енді президент жолдауына сәйкес тағы көтеріледі. Қазір кәсіпорында орташа жалақы 17 мың теңге болса, алдағы уақытта 20 мың теңге болады. Жұмысшылар тұрақты түрде демалысқа шығып тұрады», - дейді «Аралтұз» президенті.
Ахметовтың айтуынша, жекешелендіру жылдары дағдарыста тұрған «Аралтұз» кәсіпорны 2003-ші жылдан бері айтарлықтай кіріс бере бастаған. Соңғы жылдары озық технологиялармен жабдықталып, республикадағы алдыңғы қатарлы кәсіпорынға айнала бастаған соң, оған қызығушылар саны да арта түсті, дейді Оңталап Ахметов.
«2002-ге дейін нарықтың өтпелі кезеңінде бізде қиындықтар болды. Айлықтарды дұрыс бере алмадық. Өндіріс арасында тұрып қалып жүрді. Салық пен басқа төлемдерді дұрыс төлей алмай қалдық. Ал биыл Украинадан жаңа технология алдырдым - 55 мың долларға. Петербордан 22 миллион теңгеге жоғары деңгейдегі автоматты қондырғы алып қойдым. Енді сондай кәсіпорынды біреу алғысы келіп отырған шығар, түрлі арандатушылық жасап. Өйткені, олардың қойып отырған талаптары түсініксіз. «Аралтұздың» акциясын халыққа қайтар дейді. Мұның өзі үкімет қаулысына қарсы емес пе? Өйткені, үкіметтің өзі бұл кәсіпорынды жекешелендіру үшін аукционға қойып, сатылған», - дейді О.Ахметов.
Мұндай болжамды Жақсықылыш қыстағының әкімі Нағашыбай ӘУЕЗХАН да қолдайды. Оның айтуынша, соңғы кезде ауылда жаңа инвесторлар төбе көрсете бастаған:
«Осының артында бір күш бар сияқты. Біз де заң мекемелеріне табыңыз деп отырмыз. Сол бір қалталы адамдар қайта-қайта түрткілеп, жұмысына кедергі жасап, сатып жіберсе деп тұрған сияқты. Кеше олар қытай кәсіпкерлерімен бірігіп, бір ортақ тұз өңдейтін фабрика саламыз деген, енді сол шетелдіктер «Бәрін сат!» деп айтады екен».
Бұл кезде бірнеше күн қатарынан аштық жариялап жатқандардың ахуалы нашарлай түсуде дейді Жомарт Қартбаев:
«Халдері нашар. Себебі, міне 14-ші күн болды біздің аналар аш жатыр. Күннің 40 градус ыстығы өлтіріп барады. 2 әйел ауырып қалды».
Мұның барлығына кінәлі оқиғаны ушықтырып отырған – билік деген пікір білдіреді наразы топқа қолдау көрсетіп отырған оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының Қызылорда облысындағы жетекшісі Сағат ЖҮСІП:
«Бұл кісілер ереуіл емес, аштық жариялаған. Ал аштық жариялауға ешқандай заңда тиым салынбаған. Мен мұны жергілікті биліктің басбұзарлығы деп санаймын».
Ол бұл аштық акциясының артында экономикалық мүдде бар дегенмен келіспейді:
«Мұның бәрі - бекер, мұның бәрі – қулық. Сылтау таппаған соң сөйтіп, бәскелестер ығыстырғысы келеді деген еш қисынға келмейтін әңгіме айтады».
Ал «Аралтұз» кәсіпорын басшысы әзірге аттары белгісіз бәсекелестерінен қорғану мақсатында аштық жариялап жатқан 12 адамды сотқа бергенін айтты.
Наразы топ тамыздың 18-і күні облыс әкіміне хат жолдаған. Онда егер жақын 3 күннің ішінде наразылық шарасына қатысқаны үшін қазірде сот шешімімен қамауда жатқан 9 адам бостандыққа шығарылмаса, наразылық акциясы аудан орталығында саяси талаптармен жалғасады деп көрсетілген.
Естеріңізге салай кетейік, Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш қыстағы маңындағы «Аралтұз» кәсіпорны алдында аштық жариялаған 21 адамды полиция ұстап әкетіп, сейсенбі күні аудандық соттың шешімі бойынша 9 ер адам 5 тәуліктен 9 күнге дейін қамауға алынып, 12 әйелге айыппұл салынған болатын.