Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.20.2005 жыл


Қазақстан Республикасында кезекті президент сайлауының мерзіміне қатысты тамыздың 19 күні Конституциялық кеңестің қабылдаған ұйғарымы сенбі күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдардың орталық тақырыбына айналыпты.

«Экспресс К» газеті сенбі күнгі санында «кеше республиканың Конституция кеңесі президент сайлауының мерзімі туралы ұзаққа созылған дау-дамайға соңғы нүкте қойды. Жұртшылыққа жария етілген түсініктемеге сәйкес, сайлау 2005 жылғы желтоқсанның алғашқы жексенбісінде өткізілуі тиіс» деп хабарлапты.

Президент сайлауының мерзімі туралы ақтық байламын жасауға дейін «түйенің етін жегендей ұзақ толғатқан» Конституциялық кеңес сайлау биылғы жылдың желтоқсан айында өтетінін ресми түрде мәлімдеді, ал Ата заңның «бір-бірімен итжығыс түскен екі бабын ары-бері аударып-төңкерген сарапшылар жаңадан сайланатын мемлекет басшысы 2006 жылдың қаңтарында ант қабылдауы керектігін де айтты» деп жазады «Жас Алаш» басылымы. «Сонымен, - деп жазады газет тілшісі Жұлдыз Әбділда, - Нұрсұлтан Әбішұлының өкілеттігін тағы да 11 айға ұзартып бергісі келгендердің аузына құм құйылды», ал олардың қатарында «Әділет министрі Зағипа Балиева мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков те бар» деп атап көрсетеді журналист.

«Айқын» басылымы болса, енді қатардағы сайлаушы үшін «құлақ сарсылтып, күнұзақ маза қашырар күндер» де кеп қалғанын еске салады. «Әрине, нән доданың басталғанын алдағы қыркүйек айының екінші жексенбісіне дейін Парламент Мәжілісі ғана жария етуге құқылы, бірақ енді оны күтіп отыруға ешкімнің құлқы жоқ» екені айтылыпты. Сонымен бірге басылым «бұдан бұрынырақ та үлкен дода келесі жылға қалдырылады екен дегенге сеніп, алданғысы келетін үлкен түгілі, жас баланы табу да қиын еді» деп жазыпты. Бірақ, өз байламдары бойынша президент сайлауы 2006 жылдың соңына қарай өтуі заңды дегенді айтып, өзге жұрттың «шақшадай басын шарадай қылып қойған» әділет министрі З. Балиева мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековке соңынан заң ғылымының қос докторы М.Баймаханов пен З.Кенжалиевтің қосылғанын атап өтіпті.

Конституциялық кеңестің жұма күнгі ұйғарымынан кейін жағдайдың қалай өрбитіні жайлы қазақстандық сарапшылар да сенбі күнгі басылым беттерінен өз ойларымен бөлісіпті. «Литер» газеті «Конституциялық кеңестің президент сайлауын өткізу мерзімі туралы шешімін енді парламентшілер қолдай ма?» деген сауал қойыпты. Бұған Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының жетекшісі, парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Владислав Косарев пен Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов бірауыздан «әрине, қолдайды» деп жауап берсе, тәуелсіз бақылаушылар республикалық жүйесінің президенті Дос Көшім «бәрі де мүмкін, шешуші сөз парламентте. Алайда, біздегі парламентке Конституцияның кез-келген бабын өзгерте салу құқығы берілген» деп, оған мысал ретінде 12 күннің ішінде Ата заңға 19 өзгерту енгізілген 1998 жылғы оқиғаны еске салады.

Ал саясаттанушы Досым Сатпаев Конституциялық кеңестің шешімі Қазақстандағы оппозиция үшін де, қоғамдық зерттеушілер үшін де таңқалатындай жаңалық емес деп санайды. Сарапшының айтуынша, «президент сайлауын өткізу үшін биыл көптеген қолайлы сәттер қалыптасып отыр. Әндіжандағы оқиғалардан кейін халықаралық қауымдастықтың назары Өзбекстанға ауып отыр. Оның үстіне, жалпы алғанда, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай да қазір президент үшін қолайлы. «Ақ жол» партиясындағы жікшілдік пен саяси сахнадан «Қазақстанның Демократиялық Таңдауы» партиясының тайдырылуы оппозицияны әлсіретіп тастады. Бейүкіметтік ұйымдар болса, өз қызметіне қатысты заң өзгерістерінен кейін аяқ-қолы маталып қалды» деп суреттейді Досым Сатпаев. Оның пікірінше, оппозицияда сайлау науқанын тиімді өткізу үшін адам күшін, қаржы қоры мен ақпарат мүмкіндіктерін сауатты түрде бөліп орналастыруға уақыт болған. «Мұның барлығы елде саяси ойын ережесін белгілейтін стратегиялық басымдылық биліктің қолында екенін кезекті мәрте көрсетеді» деген тұжырым жасайды Досым мырза. Оның ойынша, алдағы президент сайлауында формалды түрде шынайы екі үміткер болмақ. «Бір жағында билікті жақтайтын қаптаған партиялардың қолдауына сүйенетін Нұрсұлтан Назарбаев, оған қарсы «Әділетті Қазақстан үшін» демократиялық коалиция таңдау жасап қойған Жармахан Тұяқбай болады, ал қалған кандидаттардың көбі тек қара көбейту үшін ғана түседі» деген болжам жасайды саясаттанушы. Дегенмен, «бұл сайлауда екінші орынды қолдан жасанды кандидаттардың бірі алуы мүмкін, кейбір сарапшылар дәл сол адам президент Назарбаевтың саяси мұрагері ретінде танылуы ықтимал екенін айтады» дейді Досым Сатпаев. Ол алдағы президент сайлауы Қазақстан тарихында ең қымбат сайлау науқаны болғалы тұр деген ойын білдіріпті.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG