Accessibility links

Алматы облысы Алакөл ауданында белгісіз себептермен жабайы құстар қырылды


Алматы облысы Алакөл ауданы Алакөл ауылы маңында оннан астам үйрек кенеттен өліп, ол маң қазір оқшауландырылған. Бұл жайында «Азаттық» радиосына жұма күні Алматы облысының Төтенше жағдайлар бойынша басқармасынан келіп түсті. Құс өлігін тексерген облыстық зертхана мамандары олардан құс тұмауының белгісі байқалған жоқ деп отыр. Бүгінде құстардың қаны республикалық сараптама орталығынан жөнелтілген. Ал бұл уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қазақстанның 96 дәрігер, ғалымдарымен құс тұмауына қатысты арнайы кеңес өткізген. Дәрігерлер құс тұмауы жаңа вирустың пайда болуына түрткі бола ма деген қауіп білдіріп отыр.

Алматы облысы Алакөл ауданында оншақты үйрек кенеттен қырылып қалғандықтан, ол маң оқшауланды. Қауіпсіздік шаралары қолға алынып, «саятшылық құруға, бұл аумаққа кіруге тыйым салынады» деген арнаулы қағаз тақтайша ілінді деп хабарлады «Азаттық» радиосына Алматы облысы төтенше жағдайлар бойынша комитеттің кезекші қызметкері ПОНОМАРЕВ жұма күні.

Ал Алакөл аудандық аулышаруашылығы басқарма бастығының орынбасары Арман ҚАБАЕВТЫҢ айтуынша, бейсенбі күні облыстық аулышарушалығы басқармасының зертхана мамандары келіп, өлген құстарды тексерген. Алдын-ала жасалған зерттеу нәтижелері оның құс тұмауымен байланысы жоқ деп тапқан:

«Мыңдаған құс бар онда. 10-15 шақты құстың өлгені қорқынышты емес. Бірақ, қауіпсіздік үшін зертхана қызметкерлерін шақыртып, тексерттік. Ол ауылдан 4 шақырым жерде. Бүгін барып келдік, ешқандай басқа өлген құс жоқ».

Оқиға болған жерге барып, тексеру жүргізген өзінің аты-жөнін жариялаудан бас тартқан облыстық ауылшарушылық басқармасының зертхана қызметкері өлген құстардың нақты саны 12 және оларға қазір «пастереллез» деген диагноз қойылып отырғанын айтты. Сонымен қатар құстардың уланып өлуі де жоққа шығарылмайды дейді:

«Мен басына барып келдім ғой. 12 бас өлген құс. Чирок және қасқалдақ деген құстар. Үйректің түрлері. Біз бейсенбі күні барғаннан кейін сол жерде құстардың «мазогын» алып, тексердік. Алдын-ала «пастереллез» деген диагноз қойылып отыр. Бірақ толық тексерілмейінше ауруды нақты айту қиын. Әйтсе де, аурудың сипатына қарағанда, құс тұмауының белгісі жоқ. Жұма күні құстың қаны Алматыға жөнелтілді».

Мамандар белгісіз дерттен өлген құстар бойынша сараптама қорытынды қашан шығатынын білмей отыр. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарама қызметкерлері бұл жұма күні кешке дейін мәлім болуы тиіс десе, облыстық зертхана мамандары тек енді 10 күннен кейін ғана нақты қорытындыны жария етуге болады дейді.

Бұл уақытта «Азаттық» радиосы сауалнмасына қатысқан қатардағы алматылықтар құс тұмауы сияқты жаңа дерттің таралуына байланысты өз алаңдаушылықтарын білдіреді:

- Шығыс Азия елдерінде осы дерттің салдарынан қаншама адамдар мен жан-жануарлар жапа шекті. Бұл аурудың біздің елімізге келгені өте қауіпті деймін. Сондықтан, мемлекет болып қарсы тұруымыз керек. Бірақ, жайбырақаттылық байқалады.

- Қауіпті ме деймін, себебі, бізге бір адамдар осы аурудан қайтыс болды деген сыбыс жетіп отыр. Сондықтан, бұған немқұрайлы қарамай, үлкен көңіл бөлу керек.

- Бұл ауру Қытайдан келген ғой. Шекара дұрыс тексерілмейді. Ақша берсең, өткізе салады. Сондықтан, осындай ауру біздің елімізге келіп отыр. Онымен қазіргі күрес шараларына көңілім толмайды.

Ал бейсенбі күні Қазақстан Денсаулық сақтау министірлігі жанында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларымен құс тұмауына қарсы арнайы кеңес өтізілді, деп хабарлады «Азаттық» радиосына республиканың бас санитарлық дәрігері Кеңес ОСПАНОВ:

«Халықаралық сарапшылар Бернандус Гантер мен Ланс Дженинксон республиканың 96 дәрігер ғалымдарымен қалай және не істейміз деген ашық әңгіме өткізді. Олардың айтуынша да, бұл ауруға қарсы вакцина әлі жоқ. Қытайларда бұл ауру басталған кезде оны қандай жолмен тоқтатты? Тек құстарды құрту арқылы. Ал бұл экономикаға үлкен зиян. Сондықтан, құстарды осы аурудан алдын-ала сақтау керек. Бұл орайда зертханаларымызды күшейтіп жатырмыз».

Оның айтуынша, әзірге Қазақстанда құс тұмауымен ауырған бірде-бір адам жоқ. Бірақ, дәрігерлер құс тұмауымен байланысты жаңа вирустың пайда болу мүмкіндігіне қауіптеніп отыр екен:

«Құстардың тұмауы мен адамдар арасында болатын тұмау қосылып, бір вирус пайда бола ма деп қауіптеніп отырмыз. Сондықтан, қазірден бастап Қазақстанда тарап жүрген барлық тұмау түрлерінің қоздырғыштарын тексеруіміз керек. Бұл – үлкен ғылыми жұмыс».

Оның айтуынша, биыл Қазақстанда құс тұмауымен күрес мақсатында жаңа жабдықтар алу үшін 5 миллион теңгеден астам қаржы бюджеттен бөлінген. Сонымен бірге құс тұмауымен күресетін дәрігер мамандарды шетелде оқыту көзделген. Ал қазіргі таңда құс тұмауы дерті Қазақстанның 4 облысында 7 елді-мекенінде тіркелген.
XS
SM
MD
LG