Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.26.2005 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдардың негізгі тақырыбы – тамыздың 24 күні телеарналарда тікелей эфирден берілген президент Н.Назарбаевтың жұртшылықпен сұхбатына арналыпты. Сондай-ақ, ресми билік және оппозиция арасындағы жағдайға да назар аударылыпты.

Президент Н.Назарбаевтың телесұхбаты жайлы «Деловая неделя» апталығының редакциялық мақаласы тарихта атышулы Людовик ХIV-нің «Мемлекет дегеніміз - мен» дейтін әйгілі сөзімен аталыпты. «Бас кезінде президент елдің көкейкесті мәселелеріне арналған сауалдарға жауап беретіндей көрінген еді. Алайда, Алматы әуежайына қатысты қойылған алғашы сұраққа президенттің берген жауабынан кейін, Қазақстандағы биліктің қызметін әспеттейтін сұрақтар мен алғыстар ағыла бастады. Одан кейін, неге екені беглісіз, жүргізуші президенттің қандай сыра ішіп, қалай ашығатыны, спорттың қай түрімен шұғылданатыны, қандай кітап оқып, нендей фильм көретіні туралы болмашы сұрақтарды қоя бастады. Студиядағы статистикаға сілтеме жасар болсақ, жұртшылық тарапынан келіп түскен сауалдардың 68 пайызы әлеуметтік, 15 пайызы тұрғын үй және 11 пайызы құқық пен заңға байланысты сұрақтар екен, ал хабарды жүргізген әріптестердің президенттен әлгіндей сауалдарға жауап алуы мүлдем түсініксіз» деп жазады «Деловая неделя» апталығы. «Сәрсенбі күні Президент өткізген тікелей эфир хабары алдағы президент сайлауына байланысты жайттың басын ашып берген жоқ, керісінше, оның қай күні өтетіні одан әрмен түсініксіз болып кетті» деп жазады басылым. Әйткенмен де, газеттің жұма күнгі санының алғашқы бетінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райспен кездесуінен түсірілген суреттің астында: «Нұрсұлтан Назарбаевқа қарағанда Қасымжомарт Тоқаев Қазақстанда президент сайлауы 2005 жылғы желтоқсан айының 4-інде өтетініне сенімді» деген түсініктеме сөз басылыпты.

«Комсомольская правда» газетінің қазақстандық қосымшасында Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мерзімге сайлауға түсетіні оның өз сөзімен беріліпті. «Мен сайлауға түсемін және қазақстандықтар мені қолдайды деп үміттенем. ...Мен сайлауға түсер-түспесімді анықтап алу үшін, өзіме қалай қарайтынын білу мақсатында Қазақстанды шарлап шықтым» дейді президент Н.Назарбаев. Сонымен бірге басылым тікелей эфир кезінде Н.Назарбаев алдағы президент сайлауына байланысты осыған дейін Конституциялық кеңестің шығарған ұйғарымына өзінің «вето қоюға құқығы бар екенін ескерткенін» де атап өтіпті.

«Мемлекет басшысымен өткізілген тікелей эфир елдегі ішкі саяси тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық - қазақстандықтар үшін ең басты басымдылық екенін көрсетті» деп жазады «Экспресс К» газетінің тілшісі Арман Жанов. Оның жазуынша, президентке барлығы 25730 сауалдар мен тілектер келіп түскен, бұл былтырғыдан екі жарым есе көп екен. «Сауалдар әртүрлі және күтпеген тақырыптарды қамтыды – саясат пен экономика, оппозиция мен «түрлі-түсті төңкеріс», коррупция және Ата заңға өзгерістер енгізу мәселесі, президент бос уақытын қалай өткізетіні, спорттың пайдасы мен спирттік ішімдіктің зияндығы туралы...» деп жазады газет тілшісі.

«Президент Н.Назарбаевтың қазақстандықтармен өткізген тікелей эфир сұхбаты елдегі республикалық 10 телеарна мен Қазақ радиосы арқылы берілді» деп жазады «Панорама» апталығы. Оппозиция туралы өз көзқарасы жайлы баяндаған Назарбаев әрбір демократиялық мемлекетте оппозицияның болуы шарт екенін айта келе, «бізде қалыпты оппозиция әлі өсіп жатыр» деген пікірін білдірген.

Ал, оппозициялық бағыттағы «Апта.kz» басылымында журналист Шәріп Құрақбай «бұл эфирді президент әкімшілігінің алдын ала жақсылап дайындағанын, сондықтан оның тамаша ұйымдастырылған шоу-спектакль күйінде өткенін» атап өтіпті. Автор «бұл саяси шоу-спектакль елде президенттік сайлау науқаны басталғанын білдіреді. Осылайша президент алдыңғы күні эфир арқылы сайлау науқаны басталды деп өзінің «старт-батасын» берді» деп пайымдайды. Сонымен бірге, «осы жолы Н.Назарбаев халық пен әділ сайлауды өткен жолғымен салыстырғанда көбірек еске салды. Олай болса алдағы президент сайлауының әділ өтуі үшін Нұрекең өзінің басты қарсыласы болып табылатын Жармахан Тұяқбайға да сондай (тікелей эфир) мүмкіндігін берсе, тіпті қатып кетер еді. Егер президенттің эфирде халыққа, сайлауға, әділдікке қатысты айтқан сөздері мен уәделері рас болса, солай істеуге міндетті де» деп жазады журналист Шәріп Құрақбай.

«Ақ жол» газеті президенттің қолынан «экономиканы басты көзір етіп көрсету келгенімен, саяси сұрақтарға, әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде мүдіріңкіреп қалғанын ...биліктің жемқорлықпен жасап жатқан күресі жайлы ертегіні естігенде елдің күлкісі келгені айтпаса да түсінікті» деп жазыпты

«Эпоха» басылымында, Қазақстан парламенті мәжілісінің алғашқы шақырылымының депутаты болған Владимир Шокарев өзі біршама уақыт мемлекеттік инспектор болып қызмет еткен Қазақстан президентінің Әкімшілігіндегі, былайғы жұртқа белгісіз кейбір жайттарды бетін ашыпты. Автордың жазуынша, президентпен өткізілетін «тікелей эфир» хабарлары президент әкімшілігінің қызметкерлері тыңғылықты дайындайтын сценарий бойынша жүргізіледі екен. «Әрбір облысты қадағалайтын инспекторға күні бұрын президентке қойылатын сұрақты дайындап, тиісті адамдарды табу туралы тапсырма беріледі. Ал олар өз кезегінде облыс әкімдеріне айтып, әлгіндей арнайы адамдар мен оларға жауапты алдын-ала әзірлеп қояды. Мәселен, мүгедек адамға арналған арбаға мұқтаж кембағал жан, я болмаса дербес компьютерге қол жеткізсем деген балалар үйіндегі жетім бала өз арман-тілегін айтып шағымданады, оны естіген президент сол жерде, тікелей эфирден тиісті адамдарға хабарласып, тапсырма береді. Міне осылайша халық алдында әділдік үшін күресетін президенттің бейнесі қолдан жасалады» деп жазады В.Шокарев. «Ал шын мәнінде, президент әкімшілігіне елдің әр түкпірінен өздерінің конституциялық құқықтарының бұзылғанын, шенеуніктердің жемқорлығын, сот-заң жүйесіндегі жүгенсіздік пен полицияның озбырлығын және өзге де көптеген, жанайқайға толы, президенттің атына жазылған хаттар мыңдап келіп жатады. Алайда бұл хаттар, ең жақсы дегенде арыз иесі шағымданып отырған әлгі әкімқараларға жіберіледі, болмаса, ешқандай тексерусіз, құрғақ сырғытпа сөзбен жауап жазылады» деп жазыпты, Қазақстан парламентінің бұрынғы мүшесі, президент әкімшілігіің бұрынғы қызметкері Владимир Шокарев.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG