Accessibility links

Билл Клинтон Алматыда Қазақстан президенттігіне үміткерлер - Нұрсұлтан Назарбаев және Жармахан Тұяқбаймен кездесті


Сейсенбі күні түнде Алматыға ұшып келген АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. АҚШ-тың экс-президенті Қазақстанға келер алдында Катрин дауылынан зардап шеккен Жаңа Орлеан өңіріндегі көптеген аудандарды аралап шыққандығын және одан зардап шеккендерге арнап қор құрылғандығын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде табиғи апаттан зардап шеккен американдықтарға Қазақстан көмек көрсетеді деді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осымен 8-ші мәрте кездесті. Дегенмен, бұл сапар - АҚШ-тың 42-ші президентінің Қазақстанға алғаш табан тіреуі. Түнде шұғыл келген сапарының, Қазақстан президентімен кездесуінің бұл жолғы басты себебін ол кездесуден кейін баспасөз өкілдеріне арналған қысқа брифингте түсіндірген жоқ. Бірақ, АҚШ экс-президентінің Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевпен уағдаластыққа келгені мәлім болды. Қол қойылған құжаттардың нәтижесінде «Клинтон қоры» консорциумына қосылаған елдер СПИД дерті бойынша дәрі-дәрмектерді бұған дейінгімен салыстырғанда 3 есеге арзанға сатып алатын болады. АҚШ экс-президентінің СПИД-пен күрестегі жұмысын жоғары бағалаған Қазақстан президенті Назарбаев:

«Осы бір қорқынышты зұлымдықпен күресте әлі де аз жұмыстар жасап отырғандаймыз», -деді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті өз кезегінде Қазақстанның қазіргі президентінен күшті әсерде қалғанын жеткізді. Ол елдегі экономикалық жетістіктерді тілге тиек ете отырып, Қазақстан президентінің алдағы президенттік сайлау алдында саяси реформалар туралы айтуын маңызды деді:

«Сонымен қатар Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге өз кандидатурасын ұсынуы да маңызды шешім. Меніңше, сіздердің елдеріңіз үшін мұның уақыты жетті және оған ол дайын».

Алайда, АҚШ-тың бұрынғы президентінің пікірін қазақстандық оппозиция өкілдері түрліше бағалайды. Мәселен, саясаткер Әміржан Қосанов жеке адамның пікірін халықаралық қауымдастықтың пікірі деуге болмайды дейді:

«Бұрынғы президенттерді Қазақстанға шақыруға болады, бірақ Батыстағы бүкіл демократиялық ұйымдардың пікірін сатып алуға болмайды».

Билл Клинтон өз сөзінде Қазақстанға сапары алдында табиғи апаттан зардап шеккен Жаңа Орлеан өңіріндегі аудандарға барғанын жеткізді.

«Менен және президент Буштан апаттан зардап шеккендер үшін қор құрып, оған қаржы жинаумен айналысуымызды өтінді», - деді Билл Клинтон.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда Клинтоннан және АҚШ үкіметінен көмек көрсету туралы өтініш түскенін тілге тиек ете отырып, Қазақстан үкіметінің бұл қорға қаржы аударатындығын айтты. Айта кету керек, АҚШ-тың бұрынғы президенті мен Қазақстанның қазіргі президентінің бірнеше сағатқа созылған кездесуі жабық есік жағдайында өтті. Сондай-ақ, олардың бұқаралық ақпарат құралдары алдында жасаған мәлімдемелері кезінде сұрақ қоюға рұқсат берілген жоқ. Ал Қазақстандағы оппозициялық бағыттағы «Жұма-таймс», «Сеть.kz», «Свобода слова» газеттерінің журналистері, АҚШ елшілігі қызметкерлерінің ықпал етуге тырысқандарына қарамастан, Алматыдағы президент резиденциясында өткен бұл кездесуге жіберілген жоқ.

«Әділетті Қазақстан» үшін қоғамдық қозғалысының баспасөз қызметі, қыркүйектің 7-сі күні Билл Клинтон «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Жармахан ТҰЯҚБАЙМЕН кездескені туралы ақпарат таратты. Онда Қазақстандағы адам құқығына қатысты жағдай, демократиялық процестер жайы сөз болған. Қазақстандық оппозициядан президентікке бірегей үміткер саналатын Ж.Тұяқбай мен Б.Клинтонның кездесуінде, Қазақстанда алда болатын президенттік сайлауға баса назар аударылған.
XS
SM
MD
LG