Accessibility links

Қазақстандағы «Орыс қауымдастығы» Нұрсұлтан Назарбаевты президенттікке үміткер ретінде ұсынды


Қазақстандағы «Орыс қауымдастығы» ұйымы алдағы президенттік сайлауға қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандитурасын ұсынды. Мұндай шешім жұма күні Алматыда өткен орыс қауымдастығының кезектен тыс 11-ші съезінде қабылданды. Сайлау қарсаңында олар Назарбаевты қолдайтын 100 мың дауыс жинайтындықтарын айтты. Ұйым жетекшісі Юрий Бунаковтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы ұлтаралық қатынас мәселесіне назар салып, орыс тілінің жағдайын жақсартуға ат салысты. Алайда, адам құқығын қорғаушы, журналист Сергей Дуванов «орыс қауымдастығы ұйымы тікелей Ресей және Қазақстан үкіметімен тығыз байланысты, сондықтан, солардың тапсырыстарымен жұмыс істейді» дегенді алға тартады.

Қазақстандағы орыстар қауымдастығының 11-ші кезектен тыс съезі алдында орыс әуені ойнатылып, жиын дұға оқуымен ашылды. Орыс қауымдастығы – Қазақстандағы үлкен этникалық топтардың бірі - орыс ұлтының мүддесін қорғайтын бірлестік. Бүгінде бұл ұйым «Лад» және Казактар одағымен бірігіп, алда келе жатқан президенттік сайлауға қатысты үйлесітіру кеңесін құрған. Ал қыркүйектің 8-і күні кеңес өкілдері тікелей Қазақстан президентімен кездесті дейді Орыс қауымдастығының жетекшісі Юрий БУНАКОВ осы ұйымның кезектен тыс 11-ші съезінде.

«Президент өз сөзінде орыс тілінің ресми тіл ретінде мәртебесін кеміту бойынша ешқандай кері кету болмайтындығын айтты. Тіл саясаты біртіндеп жүезеге асуы тиіс деді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев 50 пайыздан астам орыс тілді тұрғыны бар Алматы қаласының іс-қағаздарын мемлкеттік тілге көшіру бойынша жеделдету болмайтындығын айтты. Мұндай саясатты мемлекеттің болашақта да ұстанатындығы сөз болды», - деді Юрий Бунаков.

Ал керісінше оппозиция бізді керек қылып отырған жоқ деді съезде келесі кезекте сөз алған «Руский мир» журналының бас редакторы Ирина УТЕШОВА:

«Олар бізді тең серіктес көрмейді. Біз олар үшін – бос орынбыз. Олар ешқашан Қазақстандағы ұлттар және олардың қарым-қатынасы туралы мәселені көтерген емес. Ал тіл туралы тіпті айтпайды».

Алайда, адам құқығын қорғаушы Сергей ДУВАНОВ бұл ұйымның соңғы уақытта саясатының түбегейлі өзгергендігіне таңданыс білдіре отырып, мұны сайлау алды пиар-акция деп бағалады.

«Мәселен, егер сіздер олардың бір жыл бұрынғы мәлімдемелерін қарасаңыздар, онда олар Қазақстандағы орыстардың құқығының жиі бұзылуына Назарбаев режімі кінәлі деп айтады. Бұл орайда көптеген фактілер келтіреді. Ал енді бүгін басқаша сөйлеуінің себебі – мұндай ұйым жетекшілері екі жақты сүзгіден өткен. Бір жағынан олар Қазақстан үкіметімен ымыраласса, екінші жағынан олардың Ресеймен жақсы қарым-қатынаста екендігі жасырын емес. Ал Ресей түрлі-түсті төңкерісті болдыртпауда Қазақстанмен бірге», - дейді Сергей Дуванов.

Грузия, Украина, Қырғызстанда болған жағдайлар - съезде көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Орыстар қауымдастының жетекшісі Юрий Бунаков бұл оқиғаларға, әсіресе көрші Қырғызстанда болған жағдайға Қазақстандағы орыстардың алаңдаулы екендігін білдіре отырып, «мұндай оқиғаларды болдыртау үшін қазіргі президентті қолдау мақсатында біз бірігуіміз керек», - деді.

Бүгінде Қазақстандағы орыс ұлтының мүддесін қорғайтын 3 ұйым қазан айында ортақ съез өткізбек. Ондағы басты мәселе – алдағы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау болмақ. Олар қазірдің өзінде бұл мақсатта 840 мың дауыс жинағандарын айтса, Сергей Дуванов Қазақстан орыстарының көпшілігі Назарбаевтың бағасын біледі, сондықтан, оған дауыс беруге бармайды дейді.

Ал қазақстандық саясаттанушы Андрей ЧЕБОТАРЕВ олай айтуға болмайды. Орыстардың бір бөлігі Назарабевты жақтайтыны рас, бірақ олардың басым бөлігі оны қолдайды деп айтқан да объективті болмайды», - дейді. Оның пікірінше, бұл жерде жөнсіз ұлттық мәселені көтеру арқылы біреулер саяси ұпай жинағысы келеді.

Орыс ұлты – Қазақстандағы 15 миллион халықтың шамамен 4 миллионын құрайды. Ал олардың мүддесін көздейміз деген орыс қауымдастығының 58 делегаты съезд қорытындысында Нұрсұлтан Назарабевты бірауыздан биыл желтоқсанның 4-інде өтетін президент сайлауына үміткер ретінде ұсынды. Үміткердің өзі бұл съезге қатысқан жоқ.
XS
SM
MD
LG