Accessibility links

"Әл-Қаида" ұйымының Ирақтағы екінші басшысы Абу Аззам өлтірілді


Бағдадта "Әл-Қаида" ұйымының Ирақтағы екінші басшысы Абу Аззам өлтірілді. Абу-Мұсаб Әл Зарқауидың оң қолы Абу Аззам жексенбі күні бірлескен операция барысында өлтірілді. Абу Аззам Бағдадтың іші сыртындағы барлық террорлық іс-қимылдарды басқарған. Ресми өкілдер Абу Аззамның жойылғаны маңызды роль атқарады деп отыр.

"Әл-Қаида" ұйымының Ирақтағы басшысы Абу-Мұсаб Әл Зарқауи қолға түспей жүрген ең үлкен тұлға екені аян. Оның орынбасары Абу Аззам бекінген пәтер жексенбі күні қоршалып, АҚШ және Ирақ сарбаздары оны тірідей қолға түсіруге әрекет жасады. Бірақ бұл мүмкін болмады, Абу Аззам атыста оққа ілініп кетті. Ирақ бас министрі кеңсесінің өкілі Ляйт Құбба көптеген террорлық шабуылдардың артында дәл осы Абу Аззам тұрған деді журналистерге айтқан сипаттамасында:

- Өлтірілген кісі – Ирақ азаматы Абдалла Нәжім Абдалла Әл-Жуари екені анықталды. Абу Аззам деген есіммен белгілі бұл кісі "Әл-Қаиданың" Бағдадтағы бірінші басшысы, Ирақ бойынша екінші басшысы болған. Абу Аззам Бағдадта жасалған аласапыран шабуылдағна, әсіресе шиитерге қарсы жасалған шабуылдарға жауапты. Сондықтан бұл маңызды жаңалық болып отыр.

Интернет сайтында жарияланған мәлімдемесінде "Әл-Қаида" ұйымы оқиғаның маңыздылығын жуып-шаюға әрекет жасады. "Әл-Қаида" ұйымы Абу Аззам "Әл-Қаида" ұйымы бөлімшелірінің бірін ғана басқарған, ол Абу-Мұсаб Әл Зарқауидың орынбасары болмаған деп жазды. "Әл-Қаида" ұйымы тіпті Абу Аззамның өлтірілгеніне күмән келтіріп отыр. АҚШ Біріккен штабының бастығы Ричард Майерс Абу Аззамның ажалы "Әл-Қаида" ұйымының Ирақтағы бөлімшесіне біржолата соққы жасамайтынын мойындады. Абу Аззамның орнына басқа адам табылады, - дейді Ричард Майерс. Бірақ, мәселе қайда, соңғы кезде Абу-Мұсаб Әл Зарқауидың бірнеше жақын адамы не тұтқынға алыну керек, не өлтірілу керек делінген болса - Абу Аззам олардың арасында ең маңызды тұлға, сондықтан Абу-Мұсаб Әл Зарқауи қатты қысымға түсіп отырғанын біледі, - дейді Ричард Майерс.

Абу-Мұсаб Әл Зарқауи – Ирақтағы көтерілістің ең үлкен басшысы. Абу-Мұсаб Әл Зарқауидың тобы Ирақта жасалған қанды шабуылдарды, бірнеше адамды ұрлап кету және олардың бастарын кесу қылмыстарын өз жауапкершіліктеріне алған. Абу-Мұсаб Әл Зарқауиды ұстап беруге көмектескен адамдарға 25 миллион доллар беріледі деп ақы тағайындалса да, ол қолға түспей жүр. Абу-Мұсаб Әл Зарқауидың Ирақтың батыс тұсында Ефрат жазығында бекініп жүрсе керек делінеді. АҚШ қолбасшылығының өкілі Ричард Майерс журналистерге айтқан сұхбатында көтерілісішілер түптің түбінде жеңіледі, бірақ бұған уақыт керек дейді:

- Біз жеңіске жетеміз, Ирақ азаматтарына өз елдерінде жеңіске жетуге көмектесеміз. Бірақ Ирақ ұзақ мерзімді мәселе болатын сияқты. Көтеріліс мәселесін шешуге ұзақ уақыт қажет болады. Бұл шаруада биліктің саяси және экономикалық тетіктері ең басты қызметті атқарады.

Жалпы, Абу-Мұсаб Әл Зарқауидың соңғы үлкен мәлімдемесінде Ирақ шиитеріне жаппай соғыс жариялағаны аян. Абу-Мұсаб Әл Зарқауи – асыра исламшыл бағыттағы сұннит. Шиитер болса Ирақ халқының көпшілігін құрайды, АҚШ қолдайтын Ирақ үкіметінде де шиит өкілдері басқа топтардың өкілдеріне қарағанда көбірек жиналған.
XS
SM
MD
LG