Accessibility links

Үш алып ел - Ресей, АҚШ және Қытай Орта Азия елдеріне ықпалды болғысы келеді


Совет дәуірі кезінде Мәскеудің Орталық Азия елдеріне ықпалды болғаны даусыз еді. Бірақ, 1991 жылы Орта Азияның бес мемлекеті тәуелсіздік алғанда, бұл аймаққа өз ықпалын танытуға үміт артушы Ресейге бәсекелес тағы екі алып ел - Қытай мен Құрама штаттар қосылған. Мәскеу, Бейжин және Уашингтон үшеуі де Орта Азия елдеріне экономикалық, саяси және әскери себептер арқылы ықпал еткісі келеді.

Орталық Азия елдері 1991 жылы Совет Одағы ыдырағаннан кейін маңызды стратегиялық аймаққа айналып отыр. Өйткені әлемдегі мұнай компанияларының аймақтағы мұнай мен газ саласы үшін бәсекелестігі туындады. Осыған дейін Ресей ол бағыттардың бәрін өз бақылауында алып келген болса, Совет одағы құлағаннан соң, Америка компаниялары бұл жарыста басты ойыншыға айналып, Орта Азиядағы мұнай кеніштерінде мұнай-газ өнімдерін дамыта бастады. Одан кейін таяуда бұл аймаққа ақырындап қытайлық нысандар да орныға бастады.

Швецияда орын тепкен Орталық Азия және Кавказ деген журналдың бас сарашысы Мурад Есеновтың айтуынша, алып елдер - АҚШ, Ресей және Қытай мемлекеттері Орталық Азияға ықпал ету жолында үш жақты үлкен бәсекелес күшке айналып отыр.

«Онда бақталастық АҚШ, Ресей мен Қытай арасында болып отыр. Бұл қалыпты құбылыс, өйткені ол елдердің бәрінің Орта Азияда өз мүдделері бар, әсіресе энергетикалық ресурстарға байланысты», - дейді М.Есенов.

Бірақ, Бішкектегі аймақтық зерттеулер институтының аға зерттеушісі Анара Табышалиева, бұл аймақтағы энергетикалық табиғи байлықтар экономикалық бәсекелестіктің тек бір ғана аспектісі екенін айтады.

«Егер сіз Орта Азия елдеріндегі қандай да бір базарға кірсеңіз, сіз ондағы тауарлардың Ресей мен Қытайдан екенін көресіз. Сондықтан бұл екі елдің де Орта Азияда сауда саласында болсын өз мүддесі бар», - дейді А.Табышалиева.

Экономикалық және сауда саласындағы мүдделерімен қоса бәсекелес елдер түрлі қарым-қатынастарында құбылып тұрған аймақта әскери және саяси байланыстарын да нықтап алуға тырысып жатыр. Әр түрлі жолдармен Ресей, Қытай және Америка елдерінің мүдделері тұрақтылық пен террорға қарсы күресте біріккен болатын. Үш алып ел де ғаламдық терроризмнің барлық жерге де қауіп төндіріп тұрғанымен келіседі. Десе де, Мәскеу мен Бейжин бірігіп АҚШ-тың Орта Азияда өз әскерлерін қалдырып отырғанына қарсы шықты. Американың террорға қарсы күресінің желеуімен Орта Азия елдеріндегі әскери базаларда АҚШ жасақтарының қатары көбейгені мәлім.

Анара Табышалиева, Ресей мен Қытай елі құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері бар Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының отырысында Орта Азиядағы Америка жасақтарының саны өсіп отырғанына назар аударғанын айтады.

«АҚШ-тың аймақта орналасуын теңдестіру үшін Ресей мен Қытай бірлесіп отыр. Олар Орта Азияда Америка әскерлерінің кең орнығуын тоқтату үшін мысалға Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын пайдаланды» - дейді А.Табышалиева.

Орта Азия елдерінде әскери базалар құрып, әскери ықпалын асыру үшін Ресей мен АҚШ кей кездері тістесіп қалған сәттері де болды. Оған мысал екі жылдың ішінде Құрама штаттар мен Ресей күштері Қырғызстанда екі бірдей әскери әуе базасын ашты. Сонымен қатар, жақында Ресей мен Қытай екеуі бірлесіп Орта Азия елдерімен әскери жаттығулар өткізді. Бірақ, егер ұлы державалар бірлесе Орта Азияда осындай бірдей шаралар атқарғанымен, олардың бұл аймақтың биліктеріне қатысты ұстанымы әрқалай болып келеді. Бейжин мен Мәскеуге қарағанда, Уашингтон Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне демократиялық реформалар жасап, адам құқықтарын қорғауды алға тартады. Бұл талаптар аймақтағы мемлекет басшыларының кейде ашуын келтіреді.

Шілде айында ресми Ташкент Құрама штаттардың Қаршы-Қанабадтағы әуе базадан әскерін шығаруын сұрады. Оған түрткі болған мәселе - Уашингтон мамыр айындағы Әндіжандағы көтерілісті әскери күшпен жанжып басып тастаған оқиғаға тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап еткендер қатарына қосылған болатын.

Сөйтіп, Орта Азияда ықпалын күшейту үшін алып елдер күресіп жатқанымен, сарапшылар бүгінгі таңда Ресей Орта Азияның ең үлкен әріптесі болып отыр дейді. Бұл тұрғыда Лондонда орналасқан “Jane's Country Risk” басылымының Еуразия бойынша бас сарашысы Алекс Ватанка былай дейді:

«Әндіжан қақтығысынан бері Өзбекстанда орыстар мен қытайлар әсері арта түскендей. Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің режимі де өздерінің ұзақ мерзімді стратегиялық одақтасы Ресей екенін айтты. Сіз Тәжікстанда да Американың қатыстылығын аз да болса байқайсыз бірақ ол Ресейдің ықпалын алмастыра алатында мықты жол емес».
XS
SM
MD
LG