Accessibility links

Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық туризм саласының дамуына да кері әсер етуде


Қырғызстанда биылғы жазғы туристік маусым көңіл толтырарлықтай болған жоқ. Бұл ретте статистикалық қандай да бір нақты дерек-мәліметтер айтылмады, алайда елдегі саяси тұрақсыздықтың туризм саласына өзіндік әсер еткені анық. Орта Азиядағы кедейліктің шегіне жеткен бұл елде туризмді дамытып, оған қолдау көрсету үшін не істеу қажет? Жақында Қырғызстанды аралап көрген тілшіміз міне осы тақырыпты зерттеп қайтқан еді.

Біздің тілшіміз кездесіп әңгімелескен жандардың бірі Соня Ұметалиева есімді келіншек, президент Асқар Ақаевты биліктен тайдырған наурыз төңкерісінен бері де өзінің бірден бақытты болып кете қоймағанын айтыпты. Бұл келіншек өз отбасыларының шағын киіз үйін соңғы үш жылдан бері жаз айларында Ыстықкөлдің жағасына тігіп қойып, мұнда демалуға келген туристерге орын дайындап, сол арқылы отбасын асырап отырғандардың бірі. Ұметалиева осы жылдың шілде айында өткен сайлауда президент болып сайланған Құрманбек Бакиев өзінің берген уәделерін орындап, елде тыныштық пен алға басушылыққа қол жеткізеді деп үміттенеді. Бірақ та, дейді екі баланың анасы, үкімет елдегі жаңа дамып келе жатқан туризм саласына басты көңіл бөлуі қажет, мұнда шешілмеген мәселелер өте көп дегенді айтады:

- Біз сансыз көп салық төлейміз, салық орындарына және экология үшін, санэпидемстанциядан біреулер келсе оларға да бірдеме төлейміз.

Оның бұл айтқандарымен Верещагин де келіседі. Бішкектің сыртындағы үлкен үйінде отырып, ол бізбен әңгімелескенде мынандай ойларын ортаға салды. Ол Қырғызстан Үкіметі бұл елдің халқы өз табиғатының байлығы мен демалыс орындарының пайдасын көру үшін бірқатар шараларды атқарып, өз еліне көмектесуі керек дегенді айтады.

- Біріншіден, ең бастысы туристік операторларға кеңірек мүмкіндіктер беру қажет, біздің турситік саланы негізінен Қазақстан мен Ресейдің туроператорлары жайлап алған, ал біздің адамдар түрлі салықпен шырмалып, кең құлаш жая алмайды, - дейді ол.

Десек те, бұл елде шетелдік кәсіпкерлердің алдынан шығатын проблемалар да аз емес. Бішкектегі «Жібек жолы» қонақ үйінің басқарушысы, ағылшындық Жан Клэйтор деген азамат мұндай жан-жақты деген керемет қонақ үйді салуға рұхсат алу үшін 18 ай уақыт кетті дегенді айтады.

Ол мұнымен қатар, бұл елдегі бюрократиялық кедергілер, өте жоғары салық жүйесі, виза алу мәселесіндегі күрделіліктер мен қиындықтар - міне мұның барлығы да Қырғызстанды жан-жақтан тонап, халықаралық деңгейдегі заңды туризм орны болу мәртебесінен айырып отыр деп атап көрсетеді:

- Бұнда талай нәрсе бар, таулар мен өзендер, көшпелілердің дәстүрі мен салты, барлық қажетті негіздер: су мен күннің көзі, сусыған құм, міне мұның бәрі Ыстықкөл жағалауынан табылады.

Қырғызстандағы туризммен байланысты болған әркімдей-ақ Клэйтор да бұл елдегі саяси тұрақсыздықтың өз ісіне кері әсері жеткілікті болғандығын айтады. Әрине, ол тек қана наурыз төңкерісі емес. Клэйтор оңтүстіктегі Баткен аймағында 1999 жылғы болған Өзбек Ислам қозғалысының шабуылдарын, сондай-ақ 2001 жылы Ақсыдағы шерулер кезінде бейбіт адамдарың оққа ұшқан оқиғаларын өкінішпен еске алады.

Сондай-ақ Қырғызстаннан алыс аймақтардағы, мәселен 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылы, 2003 жылы әлемнің көп елдерін жайлаған САРС - өкпенің ерекше қабынуы сияқты эпидемиялар да туризмнің оң дамуына әсерлерін тигізбей қалған жоқ. Десек те, Қырғызстан концепциясы бағыты деп аталатын ең бір үлкен туристік компанияның президенті Емил Ұметалиев алғы күнге үлкен үмітпен қарайды. Ол мұнда биылғы жылы бизнес көп дами қойған жоқ деп атап көрсете келіп, биылғы саяси тұрақсыздықтар қорыта келгенде Қырғызстанды жаңа дәрежеде танытты деген болатын:

- Әдетте біз басқа жақтарға туристік сапармен шыққан кезде әркім-ақ Қырғызстан деген қайда деп сұраушы еді. Осыдан бір ай бұрын мен Гонконгта болдым, сонда көп жұрт маған білеміз, Қырғызстан деген, әлгі революция болған жер ғой деп айтып жатты, қалай болғанда да бұл жаман емес. Бұл дегеніңіз Қырғызстан өз тарихында бірінші рет әлемдік деңгейде жарнамаланды, аты шықты, менің ойымша бұл жаман ақпарат емес.

Алайда, Ұметалиев қаншалықты саяси тұрақсыздықтың мұндай жақсы деген жақтарын атағанымен де, ондай тұрақсыздық жалғасын таба беретін болса, одан жақсылық іздеу де қиын болар дейді. Осында бірер апта бұрын, 21 қыркүйекте Қырғыз парламентінің депутаты Байаман Еркінбаев атып өлтірілді, бұл осымен маусым айынан бері қастандық құрбаны болған екінші депутат.

Ендігі жерде туризм саласында шаруаларын жүргізе алмаған қырғыз кәсіпкерлер пайда табудың басқа жолын іздеуі мүмкін, тіпті кейбіреулері заңсыз ақша табудың жолдарын іздестіруі ықтимал. Билік басылары биылғы жылы мұнда Ыстықкөл сияқты демалыс аймағының маңайында марихуананың етек алуының арасында қандай бір байланыс жоқ дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG