Accessibility links

Сексуалдық сипаттағы қылмыспен күресу


8 қараша күні Алматы қаласында Еуропадағы Ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының мұрындық болуымен сексуалдық сипаттағы қылмыстарға тергеу жұмыстарын жүргізуге байланысты тұңғыш рет аймақтық семинар-жаттығу өткізілді. Оған шетелдік және қазақстандық сарапшылар қатысып, бұл саладағы қылмыстарды ашу үшін, тергеу жұмысын жүргізуге байланысты жаңа әдістемелерді қолдану қажеттілігі туралы өз ойларын ортаға салды.

Аталмыш шараны ұйымдастырушылар Орта Азия елдері үшін алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай жаттығулар сексуалды сипаттағы қылмыстарды ашу үшін жаңа әдістерді пайдалануды кеңінен енгізу қажеттілігінен туындағандығын айтып отыр. Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік Ұйымының атынан аталмыш шараға сарапшы ретінде қатысқан Реймонд Уайрдың айтуынша, Қазақстан мемлекетінің мұндай сипаттағы қылмыспен күресуге бел буы өте маңызды және бірінші қадам болып табылады.

Ресейдің Омбы Ішкі Істер Академиясының қызметкері, милиция полковинигі Анатолий Васильевич Иващенконың айтуынша, соңғы бес жылда Ресейде сексуалдық сипаттағы кейбір қылмыстар 200 процентке азайған.

“Егер де Ресей аймағындағы сексуалдық сипаттағы қылмыстарды тұтастай алсақ, онда жыл сайын олардың 20 процентке азайып бара жатқандығы аңғарылады. Алайда сексуалдық сипаттағы қылмыстардың барлығы да азайып барады деп айтуға болмайды. Бізде сексуалдық сипаттағы адам өліміне алып келетін ауыр қылмыстардың саны азайғанымен, өкінішке қарай кәмілетке толмаған балаларды азғындық жолға салуға байланысты бұл саладағы қылмыстардың саны кемімей отыр. Сондықтан да ауыр емес жағдайдағы сексуалдық зорлықтар керісінше көбейіп барады” - дейді, Ресейлік милиция полковнигі А.Иващенко.

Қырғызстан Ішкі Істер Министрлігінде тергеуші болып қызмет істейтін Әкім Мамыталиев бұл саладағы қылмыстар өз елінде ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанын айтады. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда сексуалдық сипаттағы зорлықтарды кей жағдайда құқық қорғау орындары қызметкерлерінің өздері жасайтын оқиғалар да кездеседі екен. Біз әңгімеге тартқан Алматыдағы Саин көшесінде жезөкшелік кәсіппен шұғылданып жүрген Динара есімді келіншек, заң орындары қызметкерлерінің кей жағдайда сексуалдық сипаттағы зорлық жасайтындығын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, пара бере алмаған жағдайда заң қызметкерлері оларды төсек қатынасын жасауға мәжбүрлейді екен.

Қазіргі таңда Қазақстандық заң орындары қызметкерлерінің ішінде сексуалдық сипаттағы қылмыс жасайтындардың бар екендігін осы мәселеге орай біз сөзге тартқан, Алматы облысы ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ғазиз Нұрқаев та растады.

Статистикалық деректерге жүгінсек, қылмыстың бұл түрінде, әсіресе зорлау әдістері жиі кездеседі. Алайда, сарапшылардың айтуынша, жәбір көргендердің көбі қылмыстық оқиғаның жұртшылыққа жария болып кетуінен сескеніп, шағымдануға бара бермейтіндіктен, сексуалдық сипатта қанша қылмыс жасалатындығы туралы мәлімет нақты жағдайға сай емес.
XS
SM
MD
LG