Accessibility links

Қырғызстан түрмелері көпшілікке - тозақ, кейбіреуіне - жұмақ


Қырғызстан түрмелерінде 19 қазаннан бастап өткен бүлік пен қақтығыстар сотталған азаматтардың тұрмыстық жағдайлары өте мүшкіл екенін көрсетті. Сотталғандар түрмеде тамақ жоқ, түберкулез бен СПИД сияқты жұқпалы аурулардың індеті көп деп шағым айтады. Бірақ жеке сотталған азаматтар өздеріне мамыражай жағдай жасап алғаны анықталды, олар темір торда емес, курортта жатқандай уақыт өткізеді екен.

Қырғызстан түрмелерінде отырған азаматтардың басым көпшілігі өз тамағын өзі табады, жатар төсегіне шейін, киіер киіміне шейін үйлерінен алдырады. Олар ұсақ-түйек тұрмыстық бұйымдарды жасап, соларды түрмеден шығарып сатқызып, күн көреді. Бірақ кейбір сотталған азаматтар Қырғызстанда рахат өмір сүріп жатқандай екен. Бұлар – совет заманынан келе жатқан "вор в законе" түрме дәрежесіндегі қылмыскерлер, қылмыс әлемінің басшылары. Бишкек маңындағы Молдованка түрмесінде жатқан Әзіз Байтұқаев деген "вор в законе" түрмеге әйелі мен келінін алдырып алған екен. Әзіз Байтұқаев өзіне және қызмет көрсететін адамдарына түрме ішінде 16 бөлме алып алған екен. Ол олма, Әзіз Байтұқаев асқазаным науқас деген сылтаумен түрме ішінде үш бие байлап, 15 ешкі ұстаған екен, сөйтіп ауызын аққа салып отырған. Әйелі мен келіні былай тұрсын, Әзіз Байтұқаев сырттан оққағар жалдап ұстаған. Әзіз Байтұқаев сияқты "вор в законе" дәрежесіндегі азаматтар түрмеде автомат пен суық қару ұстайды, мобил телефон мен интернетке қосылған компьютерлерге иелік етеді, аса үлкен сомада доллар және евро ақшаларын қалталарына басып отырады. Ұлты чешен Әзіз Байтұқаев жатқан бөлмеде чешен басшылары Шәміл Басаев пен Аслан Масхадовтардың сүреттері, Ичкерия республикасының туы ілініп тұрған екен. Міне, бүлік басылған Молдовонка түрмесінде осындай ерекше ұя табылды. Әзіз Байтұқаев 1 қараша күні басқа түрмеге ауыстырылды.

Әзіз Байтұқаевтың май-шелпек жеп жатқан мысалы – тамыры сонау Сталин заманындағы ГУЛАГ түрмелерінің дәстүрлерінде жатыр. Қылмыс әлемінің ең жоғары сатысында тұрған "вор в законе" дегендер қылмыс әлемінің бейресми заңдарын қалыптастырып,соларды дәріптейді. Совет заманынын келе жатқан түрме жүйесінде әр сотталған азаматтың түрме әлеміндегі бейресми орны, құқықтары мен міндеттері бекітіледі. "Вор в законе" дегендер көпшілікке бір талап қойса, өздері түрме мекемелерінің басшыларымен астыртын байланыста болады. Түрменің ресми басшылары қылмыс әлемінің серкелеріне ерекше жағдай құруға жол ашады, есесіне "вор в законе" және "авторитеттер" бұқара жұртты тырп еткізбей ұстайды, сотталғандардың арасында айтарлықтай тыныштық сақталуын қадағалайды. Екеуара пайдалы сыбайластық қазіргі таңда нағыз коррупцияға айналған. "Еркіндік" партиясының төрағасы, Асқар Ақаевтың уақытында қудаланып, түрмеде отырған бұрынғы саяси диссидент Топчыбек Тұрғынәлиев Қырғызстандағыдай жағдай Балтық жағалауы елдерінен басқа барлық бұрынғы совет республикаларында бар дейді. Қазіргі таңда түрмелерде есірткі саудасы кеңінен жүреді, "вор в законелер" мен түрме басшыларының дәстүрлі сыбайластығына енді есірткі саудасындағы мүдделері қосылды дейді ол:

- Түрмеде есірткі саудасының екі тасымал жолы бар. Бірі "вор в законе" дегендердің қолында. Екінші жолды түрме әкімшілігі қадағалайды. Әдетте түрме бастығы орынбасарларының бірі осы іспен тікелей айналысады. Олар ай сайын ондаған миллион сом пайда табады.

Түрме ішіндегі есірткі саудасы, міне, қазіргі таңда сыбайластықтың тағы бір түріне жол ашты. Топчыбек Тұрғынәлиев бір грам героиннен кемінде 60 доллар таза пайда шығады дейді. Қырғызстан түрмелерінің басшылары есірткі саудасына қатысымыз жоқ дейді. Дегенмен, Қырғызстан әділет министрінің орынбасары Сергей Зубов өткен апта басында айтқан сөзінде Молдованка түрмесінде Әзіз Байтұқаевтың кішігірім жұмақ жасап алғанын "түрме жүйесіндегі абсолюттік коррупцияның" салдары деп атады.

Жалпы түрмелердегі тұрмыстық жағдай өте мүшкіл. Түрмеде отырған қарапайым азаматтар аштық пен ауыр жағдайға шыдамай көтерілдік дейді. Қақтығыстарда 4 сотталған азамат қаза тапты. "Азаттық" радиосына есімін жариялағысы келмей сұхбат берген азамат жағдайымыз өте мүшкіл деді. Бұрынғы саяси диссидент Топчыбек Тұрғынәлиев түрмелерде, біріншіден, тамақ жоқ, кейбір түрмелерде тамақты аптасына бірақ рет береді, екіншіден, түрмелерде орын жоқ дейді. Топчыбек Тұрғынәлиев түрмелердің тозаққа айналғанына елдің ауыр экономикалық ахуалы үлкен себеп болып тұр дейді. Қырғызстан түрмелері 2002 жылы ішкі істер министрлігінен әділет министрлігіне өткен. Алайда бұдан түк өзгермеді. Үкімет түрме жүйесінде коррупция қалың екенін мойындайды, коррупцияға қарсы күресуге тиеті бар екенін танытты. Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиев түрме жүйесіне 250 мың доллар ақша бөлуге уәде етті.
XS
SM
MD
LG