Accessibility links

Румынияда өзбек босқындар қосында сәби кіндігі кесілді


Әндіжан көтерілісінің бұрқ ете түсіп, күшпен басылғанына жарты жылдан асып кетті. 13 мамыр күні өзбек әскері демонстрацияға шыққан жүздеген бейбіт адамды қырып тастады деп айтылады. Жүздеген адам өзбек үкіметінің қысымына шыдамай тағы босып кетті. Олардың көпшілігі алдымен Қырғызстанда жан сауғалады, сосын Румынияға ауыстырылды. БҰҰ-ның көмегімен көшірілген 439 өзбек одан ары басқа елге тұрақты қоныстануға көшірілмек. Шетелде жан сауғалап жүрген бұл азаматтардың жағдайлары қалай екен?

Өзбек босқындары Румынияның Тимишуара қаласында тұрып жатыр, Румыния үкіметі халықаралық тәртіпке сай босқындарға тиісті тұрмыстық жағдай жасап жатыр. Бұл жерде кішігірім өзбек ауылы пайда болды. 23 қазан күні өзбек босқындарының қосында алғашқы сәби дүниеге келді. Бұл – 19 жасар Рұзия деген келіншектің қаршығадай ұлы Исмоилжон. Рұзия Әндіжанда демонстрацияға оқ атылып жатқанда екі қабат болған, ол көптеген жұрт сияқты елден қашуға мәжбүр. Рұзияның жанында шешесі және енесі қоса қаңғып кеткен. Рұзия Румыния жеріне келгенімде маған жақсы күтім жасалды, ауруханаға жатқызылдым, барлық жұрт маған жақсы ниет білдірді дейді. Рұзияның қайнағасы Исмоилжон Әндіжан қаласының орталық алаңында оққа ілініп қаза тапқан. Міне, сәбиге Исмоилжон есімі беріліп отыр.

Босқындар Румыния иммиграциялық мекемесінің қарауындағы қоста тұрады, кішігірім ауылда бірқабатты үш үйде тұрады. Балалар мен әйелдер, еркек азаматтар бөлек жатады. БҰҰ Босқындары ісі бойынша Жоғары комиссариаты өзбек босқындарын азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Дилшот деген 33-жасар жігіт қазандықтарды құрып алып, өзіміз тамақ пісіреміз дейді. Ет жеп отырмыз, анда-санда қой соямыз, ешқандай проблема жоқ, пана берген румын халқына ризамыз дейді.

Мұндай ілтіпатты босқындардың көпшілігі айтып отыр. Олар Румыния халқына және БҰҰ-на риза. Босқындар тек Өзбекстанда қалып қалған жақын туған-туыстарына алаңдайды. Мәселен, осы Дилшоттың әйелі және үш баласы Әндіжанда қалған. 37-жасар Бахром деген жігітте бес айдан асты үй-ішім туралы түк естіген жоқпын, алды 15 жаста, арты 5 жаста бес балам бар, олардың жағдайы қалай, мектепке барып жүр ме екен деп мазасыз.

Жалпы мұндағы азаматтар уақыт өтіп барады, құр қол отырмыз, масыл болғымыз келмейді, бізге бір іс берілсе дейді. Румынияда жақында таяу су тасқыны өтті, ауылдарға зақым келді. Дилшот құрылыс маманымен, жергілікті үкімет рұқсат беруге уәде айтқан, румындардың құрылыстарына көмектесер едік дейді. Әйелдер бала-шағаны қарап отыр, ер азаматтардың екі қолдарына бір жұмыс болса, - дейді босқын азаматтар. Дегенмен, оларға жұмыс әзірше табылмайтын сияқты. БҰҰ өзбек босқындарын басқа елдерге көшірмек.

Румыниядағы босқындар қосынан қазір 25 өзбек басқа елдерге көшіріліп жатыр. Олар Германия және Голландия сияқты еуропалық елдерде тұрақты саяси баспана алып жатыр. БҰҰ босқындар ұйымының Румыниядағы өкілі Кристина Бунеа қалған босқындардың мәселесі ақпан айына таман шешіліп қалады дейді:

- Босқындарды тұрақты қоныстандыру шаруасы сәл қиындау, әр адамның мәселесі жеке қаралады. Қоныстануға ұсынылған ел әр адамның тілегіне қарай қаралады. Бұл мәселеде барлық жайттар ескеріледі.

Міне, Әндіжан босқындарының қазіргі жағдайы осындай. Босқындар ауылында дүниеге келген сәби - өмір жалғастығының нышаны. Сәбидің анасы Рұзия "Азаттық" радиосы арқылы елде қалған жарына сәлем жолдап отыр. "Ерім тірі ме, жоқ па – хабарсызбын, ерім тірі деп үміттенемін, баласының аман-есен дүниеге келгенін естісе екен", - деп тілейді Рұзия деген 19-жасар өзбек қызы.
XS
SM
MD
LG