Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды шенеунігі Қазақстан президентін шынайы президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін тудыруға шақырып отыр


АҚШ-тың Европа және Евразия істері министрі орынбасарының көмекшісі Мэтью Брайзе бейсенбі күні алдағы айдың басында Қазақстанда заңды сайлау өтетін болса, ол Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынастарының әріптестігін жақындата түседі деп атап көрсеткен. Брайзе және осы талқылауларға қатысқан басқа сарапшылар егер президенттік сайлау әділ өтетін болса, ол Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мүмкіндігін кеңейте түседі деп атап көрсеткен.

Мэтью Брайзе Вашингтон Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 4-желтоқсанда еркін де ашық сайлаудың өтуіне мүмкіндік жасайды деп үміттенеді дегенді айтты. Брайзе Қазақстанда шынайы сайлаудың болуы елдің ішіндегі ұзақ мерзімді тұрақтылыққа кепілдік береді дейді:

- Біздің Қазақстанның архитектуралық құрылымы турасындағы үлкен үмітіміз, осы сайлауға тікелей байланысты және одан кейінгі айлар мен жылдарда саяси реформалардың қалай алға басқаны мен Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық етудегі талпыныстары елді Орта Азиядағы демократиялық реформалар жолындағы басшы елге көтеріп, ол қауіпсіздік саласындағы жетекшілікке лайықты бола ала ма дегенге тіреледі.

Мұндай ойларын Брайзе Вашингтондағы саяси орталықтағы Гудзон институтының қаржыландырылуымен Қазақстандағы президенттік сайлау туралы ұйымдастырылған пікірталаста ортаға салған. Бұдан бұрын, өткен аптада, Европа одағы жақындап қалған сайлау алдында Қазақстанды оппозиция үміткерлері мен БАҚ-дарының еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырып, Европа одағының ресмилері Қазақстандағы оппозициялық партиялар мен журналистерге жасалып отырған қысымға өз алаңдаушылығын білдірген еді.

Ал енді оппозиция тарапынан естіліп қалған ең соңғы шағымдарға құлақ асар болсақ, "Әділетті Қазақстан үшін" коалициясы бейсенбі күні "Нағыз Ақ жол" партиясының тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбаевтың немере інісі мен жиенінің соққыға жығылғаны турасында мәлімдеді.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ешқашанда Қазақстандағы сайлауды еркін де әділетті болды деп баға берген емес. Брайзе өз сөзінде Қазақстанда жақында ОБСЕ-нің Демократиялық институттар кеңсесі мен Адам хұқтары топтарының болғандығын және олардың мұнда сайлау реформаларын әлі де жетілдіре түсу керек деп айтқанын еске алды.

Брайзе, сондай-ақ, өткен айда Қазақстан сапарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райспен бірге болған еді, ол осы жолы Қазақстан президенті Н.Назарбаев демократиялық реформалар жайында көз жеткізетіндей, сендіріп айтады деп суреттейді.

Брайзе Қазақстандағы президент сайлауы айналадағының бәрі де сайлауға дейін де, сайлаудан кейін саяси еркіндік, ашықтықтың болуын, қалыптасуын талап етеді деп атап көрсетеді.

- Мен бүгін сіздерге бұл жерде тұрып, бұл жайттардың бәрі де алға басты ма, жоқ па деп айта алмаймын, өйткені оны анықтайтын мен емес. Біз мұны Қазақстан елінің көзқарасы мен реакциясынан көріп білеміз және шындығында сайлаудың халықаралық талаптарға сай болғаны турасында ОБСЕ мен Халықаралық адам хұқтары ұйымдарының бағалауларынан білетін боламыз және сол ойлағанымыздай болады деп үміттенеміз.

Пікірталасқа қатысушылар ОБСЕ ұйымы келесі жылы қарап шешуге тиісті 2009 жылы Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық етуге ұмтылып отырғаны жөніндегі ұсыныс президенттік сайлауда заңсыздықтарды шектеуге көмектесер еді деген ұсыныстарын да айтты. Бұл ретте сәйкестікті қараңыз, Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалығы мәселесі алдағы айда ОБСЕ министрлерінің Словениядағы бас қосуында талқылануы тиіс. "Джеймстаун қорының" Евразиялық сарапшысы Влад Сокор бұл Қазақстан үшін ұлттық намыс мәселесі деп атап көрсетті:

- Мұның өзі Қазақстанның азиялық мемлекет қана емес, Еуразиялық ел екендігін де бекіте түсіп, оның географиялық жағынан алғанда шығыста жатқанына қарамастан, Батыс пен Шығысты байланыстырар еді. Қазақстан үшін ОБСЕ-ге жетекшілік ету алдымен ондағы демократиялық дамуларды жалғастыра беруге деген стимул деп ойлаймын.

Бұл күндері Украинада сапарда жүрген Қазақстан президенті Н.Назарбаев бейсенбі күні тіркелген басқа төрт кандидаттың теледебатына қатыса алған жоқ. Оның бәсекелестері Назарбаевқа мұнай келісім-шарттары үшін американдық кәсіпкер көп көлемді ақша төлеп, пара берген деген дауға байланысты мәселені көтерді. Бұл жанжалды мәселе АҚШ сотында тергеліп-тексерілуде.
XS
SM
MD
LG