Accessibility links

Ирақ қауымдастықтарының жетекшілері Қайырда елдегі қайта құру мен тұрақтылықтың баяу жүруіне себеп болып отырған келіспеушіліктерді талқылап, бір мәмілеге келу үшін келіссөзге жиналды


Сунниттер мен шииттер және күрд жетекшілері Мысыр астанасында орналасқан Араб елдері лигасының қолдауымен бас қосты. Араб лигасының бас хатшсы Әмір Мұса Ирақтың 100-ге тарта жетекшілерін осы жиынға шақырған болатын.

Келіссөзге қатысушылар қатарында Араб елдерінің сегіз сыртқы істер министрі, Ирақта жұмыс істеп жатқан арнайы топтардың мүшелері, сондай-ақ АҚШ, Европа, Иран және БҰҰ-ның да дипломаттары мен өкілдері болды. Бұл кездесу Ирақ саясаткерлері үшін бірлесе отырып бірқатар мәселелерді талқылаудың жақсы мүмкіндігі болғалы тұр. Лондондағы экономикалық мектептің талдаушысы Яхия Саид Араб лигасының Ирақтағы қайта құру процесіне араласуға ұмтылуы өте маңызды деп атап көрсетеді:

- Бұның өзі Араб лигасының Ирақпен бірлесе отырып, оның маңызды деген мәселелерін шешу ісіне араласуға ниеті болмаған бұған дейінгі кезеңге қарағанда, енді лига тарапынан жасалып отырған жақсы міндеттеме, оң қадам деуге болады. Дегенмен де, әрине, мұндай кез-келген келісімдер соңында билік басында отырғандар мен жетекшіліктегілердің бір мәмілеге келуіне ықпал ету болады.

Десек те, бұл жиында бәрі бірдей жақсы деп айтуға оншалықты келіңкіремейді. Келіссөзге келгендердің қатарында Ирақтың басты шиит партиясының жетекшісі Абдел Азиз әл-Хаким мен шииттердің радикалды көсемі Мохтада ас-Садр көрінген жоқ. Абдел Азиз әл-Хаким шағын ғана құраммен делегация жіберіпті. Талдаушы Саид мұның өзі Каирдағы бас қосуда барлық мәселеде бірдей келісім мен мәмілеге қол жеткізіле қоймайтындығының көрінісі дегенді айтқан:

- Егер ол тиімді болатын болса, конференцияның ең соңғы нәтижесі - билік басындағылардың аздаған болса да, келісімдер жасай алуы, бірақ олар оған соншалықты бір құлықты емес сияқты көрінеді. Сондықтан да энтузиазм жетіспей жатыр. Оларға жеткілікті қысым жасалмаған, олар мәмілеге келу керектігін сезінбейді. Олар сайлау мен Конституцияда қол жеткізгеніміз біздің табыстарымыз деп ойлайды.

Үш күнге жалғасатын келіссөзде 2006 жылдың басында болатын Ирақ конференциясына дайындық мәселелері жан-жақты сөз болады. Ирақ премьер-министрі Ибрахим әл-Жаафари сунниттер мен шииттер, күрдтер қауымдастықтары жетекшілерінің бірлескен келіссөз өткізуінің өзі Ирақтағы саяси процестің бір бөлігі болып табылады деді.
XS
SM
MD
LG