Accessibility links

"Қазақгейт" ісі бойынша сот тағы кейінге қалдырылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты атышулы "Қазақгейт" ісі бойынша америкалық сот тағы кейінге қалдырылды. Сот осымен төртінші рет кейінге ысырылды, енді келесі жылы көкек айының 24-інде басталмақ. Нью-Йорк сотының төрешісі Уильям Паулей қазан айындағы соңғы мәжілісте соттың қайта-қайта кейінге қалдырылуы астыртын ойын себебінен болып отыр деп тұспалдады. Іс бойынша АҚШ азаматы Джеймс Гиффен айыпталып отыр, ол президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және бұрынғы бас министр Нұрлан Балғымбаевқа 84 миллион доллар пара берген деп айыпталады.

"Қазақгейт" сотының іс жүзіндегі барысын айтсақ – қазанның 27-сінде Нью-Йоркте алдын-ала сот мәжілісі өтті. Бұл енді тергеу аяқталып, істің АҚШ федералдық сотында қарала басталғаны. Ал негізгі сот тергеуі енді көкек айында басталмақ. "Азаттық" радиосының тілшісі Никола Крастев Нью-Йорктен хабарлап отырғандай, төреші Уильям Паулей бұл іс сотта әйтеуір бір қаралады, ақырзаманға шейін қаралады деп айтыпты. Дегенмен, төреші Уильям Паулей "менім қызметім қылмыс істерін ақырзаман келгенше тергеу, ақырзаманды күтпей тергеу" дейді.

Джеймс Гиффеннің адвокаттары Назарбаевқа "пара" емес, "құнды заттар" берілді деген бір уәжін алға тартып отыр. Және дейді Гиффенның адвокаттары, бұл "құнды заттарды" Гиффен Назарбаевқа АҚШ барлау мекемелерінің астыртын келісімімен берді, Гиффен АҚШ мемлекеттік мүддесіне қызмет етті деп отыр. Прокуратураның пайымдауынша, Гиффен Назарбаевқа пара берген, және параға бола президент Назарбаев пен бұрынғы бас министр Нұрлан Балғымбаев америкалық мұнай компанияларына аса пайдалы контрактілерді берген, яғни мұнай бизнестеріне бәсекесіз төте жол ашып берген. Назарбаев та, Балғымбаев та – АҚШ прокуратурасының сөздерін жала деп қабылдайды. Назарбаевқа "пара" емес, "құнды заттар" берілді деп табылса – Гиффен АҚШ заңын бұзбаған болып шығады. Істі бұлай бұру мақсатымен Гифеннің адвокаттары АҚШ барлау мекемелерінің іске қатысты құжаттары ашылсын деп сұрап отыр. Прокуратура мұндай құжаттар ашық сотта жарияланса АҚШ ұлттық қауіпсіздігінің мүддесіне зақым келеді дейді.

Бұрынғы бас министр Әкежан Қажыгелдиннің адвокаты болған америкалық заңгер Чарльз Бот соттың кейінге ысырылуынан Джеймс Гиффен тікелей ұтып отыр, бұл арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та пайдасын көріп отыр дейді:

- Соттын кейінге қалдырылуы Гиффен Назарбаевқа пара берді ме, жоқ па деген сауалды жауапсыз қалдырып отыр. Мұның әлі де болса жауабы жоқ, себебі сот кейінге жылжытылды. Сотта осы мәселе анықталу керек. Сот бір мақсатқа қол жеткізу мақсатымен Гиффен Назарбаевқа ақша берді деп тапса – онда ең кемінде бұл елде сот алқасы шақырылу керек, Назарбаевтың Гиффеннен құнды бір нәрселерді алған-алмағаны анықталу керек, АҚШ федералды заңы бұзылды ма, жоқ па деген мәселе анықталу керек.

Гиффен "Шетелдерде коррупциялық қылмыс жасау" деген АҚШ заңы бойынша айыпталып отырғаны аян. Бұл заң бойынша АҚШ азаматтарына шетелдерде жүрсе де коррупциялық қылмыс жасауға тиым салынған. Бірақ бұл заңда АҚШ азаматтарынан пара алды деген шетел ресми өкілдерінің жауапкершілігі көрсетілмеген. Америкалық заңгер Чарльз Бот айтып отырғандай, Гиффен Назарбаевқа пара берді деп табылса да – Назарбаев америкалық сотқа тартыла қоймас.

"Орталық Азия демократиясын қолдау жөніндегі Германия қоғамының" басшысы Михаель Лаубш "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Назарбаев іс бойынша айыпталмаса да АҚШ заң мекемелеріне келу бұйрығын алуым мүмкін деп сескенеді дейді:

- Назарбаевтың алдындағы проблема – ол Америка Құрама Штаттарына тіпті барудан қалды, себебі ол АҚШ заң мекемелеріне шақырылуым мүмкін деп қорқады. Сондықтан болар, Назарбаев қыркүйек айында Нью-Йоркке Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының жиналасына бармады. Себебі, Назарбаев Америка Құрама Штаттарының кез-келген заң мекемесінен қорқып отыр.

Гифеннің адвокаттары іске қатысы бар ресми мекемелердің құжаттары ашылсын деп отыр, олар Назарбаевқа "пара" емес, "құнды заттар" берілді дейді, және бұл қимылды Орталық барлау агенттігі, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі және сыртқы істер министрлігі мақұлдаған дейді. Ресми құжаттар ашылсын деген адвокаттардың талабының бір бөлігін төреші шілде айында қабылдаған болатын. Прокуратура бұған үзілді-кесілді қарсы. Америкалық заңгер Чарльз Бот Гифеннің адвокаттары прокуратураның өзін тұйыққа тіреп отыр, ресми құжаттарды ашық сотта жариялағысы келмейтін прокуратура бара-бара істі мүлдем тоқтатуды қарастыруы мүмкін дейді:

- Үкімет адвокаттарының бұл үшін қатты күресіп жатқандарына қарағанда, бұл мынандай келесі сценарийді қалыптастыруы ықтимал: прокуратура ұтылса - олар тергеу ісін тұтастай тоқтатуға бұрылуы мүмкін. Гиффен және оның адвокаттары бар тәуекелдерін салып, істі осы жаққа бұрып жатыр.

Бұл пікір – заңгер Чарльз Боттың пікірі. Ол кезінде бұрынғы бас министр Әкежан Қажыгелдинның адвокаты болған. "Қазақгейт" мәселесін Қазақстан оппозициясы қазіргі президенттік сайлау науқанында қатты көтеріп жатыр. Қазақстан үкіметі болса "Қазақгейт" ісі – америкалық соттың ісі, америкалық азаматтың үстінен өтіп жатқан сот, Қазақстанға еш қатысы жоқ деп келеді.
XS
SM
MD
LG