Accessibility links

Грузия, Украина, Румыния, Балтық жағалауы және Шығыс Еуропа елдері жаңа аймақтық одақ құрып жатыр


Украина астанасы Киевте осы күндері жаңа аймақтық одақ дүниеге келіп жатыр. Бұл – Демократиялық Таңдау Қауымдастығы болмақ. Жаңа одақта Грузия, Украина, Румыния, Балтық жағалауы және Шығыс Еуропа елдері бірігіп жатыр. Кейбір саяси сарапшылар Демократиялық Таңдау Қауымдастығы көптеген бұрынғы совет елдерді біріктірген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына балама құруы мүмкін дейді.

Жаңа одақтың құрылуының алдында Украина төңірегінде үлкен оқиға орын алды. Бейсенбі күні Киевте Украина мен Еуропа Одағының саммиті өтті, онда Украина нарық экономикасын құрған ел деп танылды. Бұл екі арадағы экономикалық және басқа қатыныстарды арттыруға жол ашады. Украина және Грузия президенттері Демократиялық Таңдау Қауымдастығының негізін тамыз айында қалаған болатын, олар Боржоми қаласында кездесіп, Демократиялық Таңдау Қауымдастығының негізгі принциптерін мақұлдаған, Боржоми декларациясын қабылдаған. Онда олар жаңа одақтың мақсаты – аймақта демократия мен еркіндікті қорғау, демократияны басшылыққа алатын көршілес мемлекеттерді біріктіру деп мәлімдеген.

Киевте жұма күні жаңа ұйымның тұсауын кеседі деп күтіліп отырған жиналысқа Украина, Грузия, Эстония, Литва, Латвия, Македония, Румыния, Молдова және Словения президенттері қатысады. Әзірбайжан, Болгария, Чехия, Польша және Венгрия үкімет делегацияларын жолдады. Жиналыста БҰҰ, АҚШ және Еуропа ұйымдарының өкілдері қатыспақ. Ресей президенті Владимир Путин белгісіз себептен Киевке келуден бас тартыпты, деп хабарлайды Грузия бұқаралық ақпарат құралдары.

Демократиялық Таңдау Қауымдастығының бағыт-бағдары, өміршеңдігі қандай болуы мүмкін? Боржоми декларациясында ұйым мақсаты – Балтық теңізі-Қара теңіз арасындағы кеңістікте аймақтық қатынастарды арттыру, адам құқықтарын бұзуға төтеп беру, текетірестердің кез-келген себептерін залалсыздандыру делінеді. Грузиялық саяси сарапшы Рамаз Сакварелидзе "Новости-Грузия" агенттігіне берген сұхбатында Демократиялық Таңдау Қауымдастығы 1991 жылы құрылған ТМД одағына балама құруы мүмкін дейді. Грузия президенті әкімшілігінің бастығы Георгий Арвеладзе Демократиялық Таңдау Қауымдастығы Ресейдің ықпалында бұдан былай қалғысы келмейтін елдерді жұмылдырады деп сипаттады. Украина президенті Ющенко "Татар-информ" агенттігіне берген сұхбатында Демократиялық Таңдау Қауымдастығы не Ресейге, не ТМД-ға қарсы қызмет етпейді деді. Грузия стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорының вице-президенті Теймур Икобашвили "Азаттық" радиосына берген сұхбатында жаңа ұйым – Еуропа Одағы мен Шаңқай Ынтымақтастығы Ұйымы арасында елдерді одақтастырып отыр дейді:

- Біз куә болып отырған құбылысты өтпелі кезең үстіндегі екі идеяның радикаландырылуы, соның бір түрі деп айтар едім. Бір жағымызда - Еуропа Одағы бар, оның мүшелері ортақ конституцияны қабылдай алмай, біраз тартымдығын жоғалтса да, басқа елдерді өзіне тартып отыр. Екінші жағымызда - Шаңқай Ынтымақтастық Ұйымы сияқты күшейіп келе жатқан тағы бір орталық бар. Демократиялық Таңдау Қауымдастығының құрылуы осы екі үлкен топтың арасында қалып қалған елдерді өзіне тартпақ деймін. Бірақ жаңа ұйымның бағыты - демократия және батыс елдері болмақ.

Дегенмен, Демократиялық Таңдау Қауымдастығының өміршеңдігіне күмән келтіретін сарапшылар да бар. Грузиялық саяси сарапшы Рамаз Сакварелидзе мақсатына жете алмаған ГУАМ аймақтық одағын мысалға келтіріп отыр. Бұл ұйым шеңберінде Грузия, Украина, Әзірбайжан және Молдова экономикалық серіктестік арттырмақ болатын. Грузияның бұрынғы президентінің кеңесшісі Шалва Ричкадзе Демократиялық Таңдау Қауымдастығында бірігіп жатқан елдерде демократия тапшы, бұл кедергі келтіруі мүмкін дейді:

- Демократиялық Таңдау Қауымдастығының өміршең болуы үшін алдымен оның мүшелері өздері демократия құрса жөн. Олар демократиялық ел болмаған соң сан алуан аймақтық одақ құра алады, бірақ бұдан түк өзгермейді. Қазіргі таңда Грузияда нақты демократия көрмей отырмын.

Міне, тұсауы кесіліп жатқан Демократиялық Таңдау Қауымдастығының өміршеңдігі жайында пікір әр түрлі. Грузия сыртқы істер министрлігі болса жаңа ұйымның келесі мәжілісі келесі жылы наурыз айында Румынияда өтеді, одан кейінгі басқосулар Литва және Грузияда өтеді деп өткен аптада жариялап қойды.
XS
SM
MD
LG