Accessibility links

Иранның баскетбол лигасына қосылып жатқан Американдық ойыншылардың саны өсуде


1979 жылы орын алған Ислам төңкерісінен бері Иран мен Америка Құрама Штаттарының арасында ресми дипломатиялық байланыстар болған емес. Алайда соңғы жылдары екі елдің академиктері мен спортсмендері бірнеше рет кездесіп, байланыста болды. Мысалы, Иранның ұлттық баскетбол лигасына қосылып жатқан Американың профессионал ойыншыларының саны өсуде.

Калвин Уарнер – Флоридадағы Джэксонвилл қаласында тұрады. Уарнер Иранда баскетбол ойнап жүрген американдықтардың бірі. АҚШ президенті Джордж Буш Иранды “зұлымдық белдеуінің бөлігі” деп атаған болатын. Ал Иранда үш маусым бойы ойнап жүрген баскетболшы Уарнер “Фарда” радиосына берген сұхбатында былай деген-ді:

“Иранға келсем адамдар мені жылы қарсы алады. Адамдардың барлығы тамаша. Олардың бәрі Ирандағы жақсы нәрселерді көрсеткісі келеді. Сонымен қатар олар Иран туралы жайттардың теледидардағыдай жаман емес екендігін түсіндіргісі келеді. Кейде Иран туралы жаман нәрселерді есітесіз. Бірақ сіз осы елге келмейінше және өз көзімен көрмейінше шындықты білмеуіңіз мүмкін. Сол үшін мен Иранға қайта-қайта келіп жүрмін, өйткені бұл жаман ел емес.”

Осыдан 27 жыл бұрын Иран Ислам республикасына айналған болатын. Содан бері бұл елде мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын демонстрациялар мен түрлі шараларда Америкаға қарсы үндеулер айтылып келеді. Дегенмен қарапайым Ирандықтардың АҚШ-қа көзқарасы жаман емес. Уарнердің айтуынша, баскетбол командасындағы Ирандықтар оны жақсы қабылдаған.

“Ойыншылардың бәрі маған ұнайды. Олар мені де жақсы көреді. Мені, менің ойыным мен идеяларымды қатты құрметтейді. Мен сол үшін өзімді бақытты сезінемін. Мен олардың жақсы баскетболшы болуларына көмектесемін. Иран баскетболшылары қазір жақсы ойнайды деп ойлаймын. Олар американ ойыншыларынан үйреніп жатыр. Адамдар Иранға келіп ойыншыларға жәрдем берсе жақсы болады деп ойлаймын”, - дейді Уарнер.

Ол Ирандағы жұмысын спорт агенттіктері арқылы тапқан. Бірақ бұл елге бірінші рет келгенімде мәдени айырмашылықтар мені таң қалдырды, дейді Уарнер.

“Иран өте тамаша жер. Бұл елдің мәдениеті Америка мәдениетінен өзгеше. Өмірімде әртүрлі тәжірибе алу мен үшін жақсы. Қазір мен Исфаханда тұрамын. Бұл өте әдемі және көне қала”.

Уарнердің айтуынша, бұдан 2 жыл бұрын Иранда Америкадан келген тек қана үш баскетболшы болған, ал қазір олардың саны 20-ға жеткен. Теһрандағы баскетбол командасының бапкері Фарзад Кухиан спорт арқылы түрлі мемлекеттердің қарым-қатынастары жақсарады деп сенеді.

“Мен сіздерге бір мысал келтірейін. Америка ойыншыларының бірі Уайтэри Марш Ирандағы ойыннан кейін АҚШ-қа қайтып барған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол “мен АҚШ-қа қарағанда Иран көшелерінде өзімді еркін сезінемін” деп айтқан. Марштың анасы да баласының Иранда ойнап жүргеніне қауанышты екенін білдірген. Бұл өте жақсы хабар”, - деді ирандық бапкер.
XS
SM
MD
LG