Accessibility links

Құқық қорғаушылар Ресейде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдай нашар дейді


Ресейде әр сағат сайын бір әйел күйеуі, жолдасы немес туысы тарапынан жасалған зұлымдықтан құрбан болады. Бұл елде зорлық-зомбылық құрбандарына заңды және психологиялық жәрдем беретін дағдарыс орталықтары өте аз. Егер билік орындары үйде орын алатын зорлық-зомбылықты адам құқықтарының бұзылуы ретінде мойындамаса, онда бұл мәселе ұзақ уақытқа дейін шешілмейді, дейді құқық қорғаушылар.

Отбасылық зорлық-зомбылық әлемнің кез келген елінде орын алады. Мұндай әрекеттерден көбінесе әйелдер мен олардың балалары азап шегеді. Алайда кейбір елдер отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді түрде күреседі. Адам құқықтары бойынша “Амнести Интернэйшнл” ұйымы зұлымдықтың бұл түрін “адам құқықтарына қатысты қазіргі заманның ең үлкен жанжалы” деп атады.

Желтоқсанның 14-і күні аталған ұйым өзінің “Барып шағымданатын жер жоқ” деп аталатын баяндамасын жариялады. Оған сәйкес, Ресейдің билік орындары отбасылық зорлық-зомбылықтан әйелдерді қорғау мәселесіне немқұрайлы қарайды.

“Амнести Интернэйшнл” ұйымының айтуынша, Ресейде тұрмыс құрған келіншектердің 70 пайызы түрлі тұрмыстық, психологиялық және жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болады.

Ресми деректерге қарағанда, 2003-ші жылы Ресейде күйеулері немесе туыстарының зұлымдық әрекеттерінен 9 мың әйел қаза тапқан. Бірақ құқық қорғаушылар 143 миллион адам тұратын бұл елде отбасында соққыға жығылған әйелдердің саны одан да көп болуы мүмкін деп отыр.

Ал 300 миллион халқы бар Америка Құрама Штаттарында жылына 3 мыңға жуық әйел отбасылық зорлық-зомбылықтан құрбан болады. Неге Ресейде зорлық-зомбылықтың бұл түріне қатысты жағдай нашар деп ойлайсыз?

Біріншіден, бұл елде отбасылық зорлық-зомбылық әр үйдің жеке проблемасы ретінде қаралады. Күйеулерінен жәбір көрген әйелдердің көбі қоғамның алдында ұятқа қаламын деп, немесе соққыға жыққандар кек алады деп, бұл мәселені көтеруге қорқады.

Мысалы 10 жыл бойы бұрынғы күйеуі тарапынан азапталған Ресейдің танымал әншісі Валерия “Амнести Интернэйшнл” ұйымына берген сұхбатында былай деген болатын:

“Бұрынғы күйеуі мені ұрған, және отбасымдағы мұндай проблеманы адамдарға айтуға қорқар едім”.

Құқық қорғаушылар Ресейде зорлық-зомбылық құрбандарына заңды және психолигиялық жәрдем беретін дағдарыс орталықтары өте аз дейді. Олардың саны 200-ге әрең жетеді. “Анна” орталығы басшысының орынбасары Андрей Синельниковтың атап көрсетуінше, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы кемейіп барады, сол үшін елдің кейбір дағдарыс орталықтары жабылған. Мәселен Мәскеудің өзінде бұндай орталық жоқ, ең жақыны Мәскеудің шетінде орналасқан. Оның өзіне әкімшілік себептерге байланысты тек сол орталықтың маңайында тұратындар ғана шағымдана алады.

Ресей заңдарына сәйкес, отбасылық зорлық-зомбылықтан жәбірленгендерді қорғау кейде тіпті мүмкін емес, өйткені бюрократиялық мәселелер бар. Кейбір әйелдердің соққыға жыққан күйеулерін сотқа тартуға ақшасы жетпейді.

Алтайдағы әйелдер бірлестігінің мүшесі Елена Шитова Ресей отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты жеке заң қабылдаған Қазақстан мен Қырғызстан елдерінен үлгі алу керек дейді.

Бірақ Қазақстанның өзінде әйелдерге қарсы жасалатын түрлі тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық деңгейі жоғары болып отыр.
XS
SM
MD
LG