Accessibility links

Цунами апатына бір жыл толды


Үнді мұхиты маңайындағы елдер 220 мыңға жуық адамды қырған цунами апатының 1-жылдығын атап өтуде. Өткен жылы орын алған цунами апаты Суматра аралындағы аймақтарды бұрын-соңды болмаған зардапқа душар еткен еді.

Осыдан дәл бір жыл бұрын Суматра аралының маңындағы мұхит табанында болған жер сілкінісінен туған алып толқын, яғни цунами, мыңдаған шақырымға ұласып, оның салдарынан 220 мыңға жуық адам қаза тапқан болатын.

Индонезияның Ачех өлкесі 130 мыңнан астам халқы қырылып, цунамидің соққысынан ең ауыр зардап шеккен аймаққа айналды. Бүгін Индонезия президенті Сусило Бамбанг Юдхойоно осы табиғи апаттың бір жылдығын атап өту рәсіміне қатысу үшін Асех провинциясына келген болатын.

Индонезия президенті бұл аймақты жаңадан құрып, қайта қалпына келтіруге өкімет көмектеседі деп уәде берді.

Рәсім барысында балалар өлең айтқан кезде талай адам көзіне жас алды.

Ал Тайландта цунами апатынан 5 мыңдай адам құрбан болған-ды. Қаза тапқандардың арасында шетел азаматтары да болған. Фукет аралында құрбан болғандарды еске алу рәсіміне қатысқан Тайланд туризм министрі Прача Малинонт цунами адамзат тарихындағы ең үлкен апат болды, деді.

“Осы жерге жиналғандар бұл трагедиялық оқиғаны ешқашан ұмытпайды. Өйткені бұл жерде тайландтықтар мен шетелден келген қонақтарымыз өздерінің жақындарын жоғалтты”, деді Тайланд туризм министрі.

Ал Шри Ланкада өткен жылғы табиғи апат салдарынан мыңнан аса адам қаза тапқан және кем дегенде 37 мың халық хабарсыз кеткен, олардың 40 пайызға жуығы – балалар. Шри-Ланкада да трагедияға байланысты арнайы шаралар өткізілді. Рәсімге қатысқандар цунами апатынан құрбан болғандарды 2 минут үнсіздікпен еске алысты.
XS
SM
MD
LG