Accessibility links

Президенттің ант беру салтанатында Қазақстанның жаңа әнұраны орындалуы мүмкін


11-қаңтарда Астанада болатын президенттің ант беру салтанатында Қазақстанның жаңа әнұраны орындалуы мүмкін. Өйткені, Парламент депутаттары жаңа жыл мерекесінен кейін, бірден әнұранды өзгертуге кіріспекші. Осы үшін Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов 5-қаңтарға қос палатаның депутаттарын бірлескен отырысқа шақырып отыр. Парламент депутаттарының айтуынша, Қазақстанның жаңа әнұраны Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні болуы мүмкін.

Жеті жастағы Бибарыс Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін үш жасынан бері білетіндігін айтады. Енді ол мектеп табалдырығын аттағаннан бері Қазақстанның қазіргі әнұранын да айтуды үйреніпті. Өйткені сабақ басталар алдында мұғаліммен бірге, орнымыздан тұрып әнұранды айтамыз, дейді Бибарыс. Бірақ ол үш жасында апасы үйреткен «Менің Қазақстаным» әнін орындағанды жақсы көреді екен.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов Қазақстанның қазіргі әнұранын көпшіліктің жатқа біле бермейтіндігін айтады:

– Өзіміз қиналып айта алмай, аузымызды жыбырлатып жүрген әнұран ескіріп қалды, енді басқаша айтуымыз керек, елді тыңдауымыз керек деп, менің естуімше Шәмші ағамыздың бізге тастап кеткен музыкасын әнұран болуы мүмкін, бірақ сөзі де өзгеруі мүмкін, – дейді Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов.

Әнші, сазгер Бекболат Тілеухан қазіргі Қазақстанның әнұраны халықаралық талаптарға сай болғанымен, қазақстандықтардың жүрегінен орын тапқан жоқ дейді:

– Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің шығарған гимні тамаша! Барлық гимнің талаптарына сәйкес келеді. Бірақ, басты бір қажетті дүние жоқ. Ол – халықтың жүрегінен орын табуы. Алмағайып кезеңге келгенде, құдай бетін аулақ қылсын, әртүрлі бір келеңсіз жағдай болсын, сондай кезде гимнді тізесінен қан кешіп тұрған кезде біздің отандастарымыз айта алады ма? Айтпайды. Осының өзі осы гимнің жасамауына жетіп жатыр, – дейді депутат Бекболат Тілеухан.

Сондықтан да Бекболат Тілеухан Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні әнұран болуға лайық дейді:

– Бұл енді гимнің талаптарына сәйкес келмеуі мүмкін. Біріншіден, минорлы. Екіншіден, марш. Үшіншіден біршама қарапайымдау. Бірақ, ең басты бір нәрсе бар. Кеше желтоқсан оқиғасы болған кезде бүкіл қазақ қандай өлеңді айтты. Осы өлеңді айтты. Әр қазақтың, қазақстандықтың көкейінен орын тапқан ән. Ендеше бұл гимн болуға әбден лайық, – дейді Бекболат Тілеухан.

Бірақ Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан «Менің Қазақстаным» әнінің сөзін өзгерту қажет дейді:

– Сөзі өзгеруі қажет. Қанша дегенмен де 1954 жылы жазылған сөз. Ресей Федерациясының құрамында болу деген сөз көтерілген кезде, жоқ бұл менің елім, менің жерім тиіспеңдер деген тарихи астарында үлкен дүние жатыр. Бұл тегіннен тегін шыққан дүние емес. Азаттыққа деген бұлқыныстан шыққан өлеңнің қазір гимн болуы заңды ғой. Бірақ 1954 жылы жазылған сөз қазір сәйкес келмейді және гимн болады деп шығарған жоқ, жәй патриоттық ән ретінде шыққан дүние, – дейді Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.

Алайда Бекболат Тілеуханның әріптесі Серік Әбдірахманов жаңа әнұранның сөзін алдын-ала дайындап қойылғанын да және оның сөзін жазған кім екенін де білетіндігін айтады:

– Сөзі дұрыстау болады дегенді естідім. Сонан кейін дұрыстау адам жазуы мүмкін. Бірақ жақсы кісі, бәріміз сүйетін кісі болуы мүмкін, – дейді Мәжіліс депутаты.

Ал Асқар есімді жас ақын жаңа әнұран халықтың жүрегінен орын табуы үшін Шәмші Қалдаяқовтың әніне өлең жазған Жұмекен Нәжімеденовтің сөздері қалуы керек, дейді.
XS
SM
MD
LG