Accessibility links

Орталық Азия мұсылмандарының қажылыққа еркін баруына көптеген шектеу қойылған


Биылғы қажылық 8 қаңтарда басталады. Сауыд Арабиясында орналасқан қасиетті Мекке және Мәдине қалаларына 160-тан астам елден шамамен екі жарым миллион зияратшы келеді деп күтіліп отыр. Мұсылмандықтың ең үлкен парызын орындаймын дейтіндердің арасында Орталық Азия елдерінің азаматтары да көп. Алайда, бір қатар жергілікті үкімет мұсылмандардың қасиетті сапарына кедергі жасауды жаман әдетке айналдырған. Әсіресе Өзбекстан мен Түркіменстан мұсылмандарының қажылыққа еркін баруына көптеген шектеу қойылады.

Қажылық істерімен айналысатын Сауыд Арабия министрлігі әр елге қажылыққа келетіндердің санына шектеу қойған. Әр бір миллион мұсылманнан бір мың зияратшы ғана келе алады, одан артық зияратшыны қабылдау аса қиынға соғады. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан квоталарын толық пайдаланады. Өзбекстан халқы 26 миллион болса да өзбек үкіметі қажылыққа баруға тек бес мың мұсылманға рұқсат беріп отыр биыл. Түркіменстаннан қажылыққа биыл тек 200 шақты адам аттанды. Олардың тізімдерін ел президенті Сапармұрад Ниязов өзі бекітеді. Түркіменстанда адамдардың жеке бостандықтары қатты шектелген. Тәжікстанннан Мекке және Мәдине қалаларына шамамен алты мың адам сапар шегіп отыр.

Ортаазиялық көптеген елде зияратшылардың сапарларына көптеген қаржылай кедергі, қатаң бақылау қойылған. Мәселен, Тәжікстанда үкімет қажылық сапарларын ұйымдастыруға жеке компаниялар мен туристік компанияларға тиым салған, бұл іспен тек Дін істері бойынша мемлекеттік комитет айналысады. Қажы боламын дегендерді Сауыд Арабияға апаруға тек мемлекеттік әуе компаниясы құқылы, басқа көлік компаниялары бұл істен алыстатылған. Қажылыққа бару құны Тәжікстанда биыл 2300 долларды құрады, былтырғы бағамен салыстырғанда бұл 500 долларға қымбат. Билік орындары бағаның ұлғаюына жанар-жағармайдың қымбаттауы себеп дейді.

Қажы боламын дегендердің әрекетіне Өзбекстанда да қатаң бақылау қойылған. Тәжікстандағыдай зияратшылар тек мемлекеттік қадағалау комитеті мен мемлекеттік әуе компаниясының қолдарынан өтеді. Өзбекстан Дін істері бойынша мемлекеттік комитеттің өкілі Шұхрат Исмайылов мемлекет қадағалауынан зияратшылар тек пайда көреді дейді:

- Бұл жайында мақтанып отырған жоқпын, бірақ бүкіл Орталық Азия елдеріне қарағанда қажылық сапарлары тек Өзбекстанда жақсы ұйымдастырылады, зияратшылардың барлық сұраныстарына біз ғана нақты көңіл бұрамыз. Өзбекстанда биыл бес мың адам қажылыққа барып отыр. Олармен бірге жүз шақты топ басшысы, 30 дәрігер, қызмет тобының 40 шақты мүшесі барады. Олардың арасында бірнеше аспаз бар, себебі тамақ жағынан өзбектер өте талғампаз және өзбектер шайды көп ішеді.

Шұхрат Исмайыловтың айтуына қарағанда, қажылық сапарларын ұйымдастыруға ішкі істер министрлігі мен көлік министрлігі де тартылады. Қажылыққа барамын деген Өзбекстан мұсылмандары биыл екі жарым мың доллардан аса ақша жұмсаулары керек. Мұндай көп ақшаны жинай алмай, көптеген азамат Өзбекстанда қажылықтан құр қалды. Оның үстіне Өзбекстанда қажылыққа барамын дегендер емтихан тапсыруға міндеттелген, олар Ислам қағидалары, Құран қағидалары, қажылық туралы сұрақтарға жауап беруге тиіс.

Мекке және Мәдине қалаларына жеткен Өзбекстан зияратшыларын өзбек тыңшылары тағы қадағалап жүреді. Ташкент әуежайының мына қызметкері айтқандай, зияратшылар арасында Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік мекемесі мен полиция офицерлері болады. Олар зияратшылардың жүріс-тұрыстарын бақылайды, зияратшылардың қауіпсіздігін қамтиды делінеді.

Қажылыққа барамын дегендер Қырғызстанда да көп кедергі көреді. Қажылыққа баруға жеті мыңдай азамат өтініш түсірсе де, қасиетті сапарға биыл тек төрт жарым мыңдай Қырғызстан мұсылманы аттанып отыр. Бара алмай қалғандардың біразы не паспорттарын, не төлеп қойған ақшаларын қайтара алмай жүр. Мұндай бір топ азамат өткен аптада Ош қаласында Ислам орталығының алдында наразылық демонстрациясын өткізді.
XS
SM
MD
LG