Accessibility links

Төреқыз – Салтанат


Темірқұл мен Тұрсынайдың отбасындағы он баланың тұңғышы - Салтанаттың есімін ата-анасы ешқашан тура атамай «Төреқыз» деп еркелетіп кеткен екен. Оның себебі үлкен әулеттегі ұл баладан көрген алғашқы немере болғандықтан, Темірбек ақсақалдан бастап, Салтанатқа деген мейірім шексіз еді. Сөйтіп бір әулеттегі он баланың ең үлкені кішкентайынан Төреқыз деп төрге шығарған, Салтанат ес білгеннен бергі ғұмырында орнын тек төрден тауып келеді десе болады.

Мұндай дәрежеге қабілетім мен білімім, үлкен шаңырақта алған тәрбием мен өмірлік жарымның қолдаушы, тірекші болуы арқасында жеттім деп ойлаймын дейді ол.

1982 жылы ауылдағы орыс орта мектебін Алтын медалмен бітірген Салтанат Алматыдағы Ауыл шаруашылық институтына түсіп, оқып жүргенде танысып, өмірлік жар болуға бел байласқан жолдасы Төлеутай екеуі де осы институтты 1987 жылы Қызыл дипломмен аяқтап, инженер-механик мамандығын алып шығады.

Бұдан әрі білімді тағы да толықтыра түсу мақсатында Мәскеуге аттанған жас жұбайлар Ауыл шарушалығын электрлендіру деп аталатын сол кездегі Бүкілодақтық институттың аспирантурасына түседі. Осында оқып жүрген жылдары-ақ ақжарқын мінезіне қоса алғырлығы мен мақсаткерлігі, қолына алған қандай істі де аяғына жеткізбей қоймайтын бірбеткей, табандылығымен көзге түскен Салтанатқа ғылыми жетекшілері Усаковкий: «Салтанат, сен іскер шаруашылық басшысы боласың, ал Төлеутай ғылым адамы, ол үлкен ғалым болады» дейді екен. Міне енді сол ұстаздың айтқаны айнымай келгендей.

1991 жылы Мәскеуден қол ұстасып оралған Салтанат пен Төлеутай Рахымбековтарды Жезқазған құшақ жая қарсы алды. Бір жылдай Жезқазған тәрізді шағын қаладағы универсалды биржада тәжірибе жинақтаған Салтанат пен Төлеутай аймақтағы шағын кәсіпкерлікті бастаған тұңғыш қарлығаштар еді. Тоқсаныншы жылдардың басы Қазақстанда нарықтық экономика енді ғана ене бастаған, өз ісін бастап жатқан адамдарға білім жетісе бермейтін еді, міне Салтанат осы алдымен олқылықтың орнын толтыруды ойлаған еді.

-1992 жылдан бастап екеуміз бірнеше шағын кәсіпорынды ұйымдастырдық. Ол кез қоғамда нарық жаңадан келе бастаған кез ғой. Содан мен қаладағы тәжіирбесі бар бухгалтерлерді шақырып, сіздер оқытып, үйрете аласыздар ма, ол үшін, әрине, ақша төленеді дедім. Сөйтіп біз жаңадан бастаған көптеген кәсіпкерге көмек жасадық, - деп еске алады Салтанат.

1993 жылы Қазақстанда Үкіметтің қаулысымен әр облыста шағын кәсіпкерлік орталықтары ашылды. Бұл орталықтардың атқарар міндеттері мен мақсаты жұмысты жаңа бастаған кәсіпкерлерге ақыл-кеңес беріп, оларды жаңа іске жұмылдыру еді. Салтанат жолдасы екеуі бұл орталық қандай болу керек деген тұрғыда өздерінің жеке жобасын жасап ұсынады да, ұсыныс тиісті қолдау табады. Сөйтіп, Салтанат Жезқазғандағы шағын кәсіпкерлік орталығын екі жыл басқарды. Кәсіпкерлерге өзіндік көмек-қолдау көрсететін орталықты жай ғана басқарып қоймай, Салтанат мұнда шетелден Бейбітшілік корпусынан волонтерлерді шақырып, олардың ауылшаруашылық саласындағы фермерлерге процентсіз қаржылай көмек берумен қатар, алғашқы кәсіпкерлердің шетелдерге шығып, білім алып, тәжірибе алмасып қайтуларына жағдай туғызады. Сол шаралардың арқасында бірер жылдың көлемінде 75 фермер өз шаруашылығын өркендетуге нақты көмек мүмкіндік алды.

Кәсіпкерлік ісін дамыта жүріп, Салтанат кездескен қиындықтар мен түрлі бақылау орындарының, атқарушы биліктің кедергілерімен әр кәсіпкер жекелей емес, бірлесіп күресу керек деген тоқтамға келеді. Сол себепті де аймақта бірінші болып, 1997 жылы Жезқазған кәсіпкерлерінің ассоциациясы деген қоғамдық ұйымды құрған да Салтанат еді. Осы ассоциация Салық кодексі және басқа да кәсіпкерлік саласында қабылданған заңнамалық 23 құжатқа өз ұсыныстарын беріп, олардың көпшілігі қолдау табады:

- Нарық заманы келген кезде көп адамдар жұмыссыз қалды ғой, содан біз саудамен айналыса бастаған адамдарға жұмыс орындарын аштық. Көптеген фермерлеріміз шетелдерге барып, тәжірибе алмасып келді. Жұмысты бастадық, тәуекел деп. Әрине, бұл жұмыстар кезінде көп қиындықтар болды, салық орындары бізді тексеріп, бір жылдары жауып тастаған кездері болды. Ол қиыншылықтар тек менің басымда болған жоқ, көптеген әріптестеріміз де соларды басынан кешті. Соның бәрін қоғамдық істер арқылы жеңу мүмкін болды. Біз сондықтан заңнамалар жөнінде өз пікірлерімізді айтып, оларды депутаттармен талқылап, тиімді деген ұсыныстарымызды өткізе алдық.

Салтанат Рахымбекова 1997 жылы Жаңарқа ауданында бес жыл бойына тоқтап қалған сүт зауытын аукционда сатып алған еді. Ауылда сүт зауытының өнімдерін тұтынушы жоқ, олар тек қалада ғана. Салтанат бұл ретте де өзіндік шешім тапты. Аудан басындағы зауытты ауыл адамдарынан сүт қабылдайтын шағын цех етіп қайта құрып, осы сүтті өңдеп, одан айран, қатық, ірімшік, иогурт әзірлейтін зауытты Жезқазғанның өз басында ашты. Қазір Салтанат негізін қалаған зауытта күніне 5-7 тоннаға дейін сүт қабылданып, өңделеді, онда 80 адам жұмыс істейді. Сөйтіп, өндірісті қаладағы барлық дүкендерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ал Жаңарқадағы цехта 20 адам еңбек етеді. Бұл зауыттың жұмысын енді Салтанаттың өзі дайындаған менеджерлер мен кәсіпкерлер атқарып отыр, өйткені Салтанат Рахымбекова қазір Қарағанды облысындағы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту департаментін басқарады.

- Олар білуі керек - бүгін бір заводты алдаса, екінші завод оны алмайтынын, сол үшін сүт тапсырғаннан кейін оны сапалы етіп тапсыру керек, міне осы мәселелердің бәрін бірлесе шешетін, 20 заводтың басын қосатын үлкен қоғам ұйымдастырдық. Соның арқасында заводтардың жұмыс деңгейі жоғарылады, - дейді Салтанат.

Жезқазғанда жұмыс істеген сегіз-ақ жылдың ішінде іскерлігімен танылып, белсенділігімен көзге түскен Салтанат Рахымбекова 1999 жылы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына сайлауға түседі. Облыстық мәслихатқа Жезқазған аймағынан үш депутат сайлану керек болса, әр кандидатқа қаладағы 100 мың тұрғынның 33 мыңы жақтап дауыс беруі керек еді. Міне, Салтанат сондай қолдауға ие болып, төрт жыл мәслихат депутаты мәртебесінде сайлаушылар мен шағын кәсіпкерлердің мүддесін биік мінберлерден қорғады.

- Тәңірімнің қолдағаны ма, жоқ халықтың жалпы мүддесінен шыққаннан кейін бе, 1999 жылдан 2003 жылға дейін Облыстық мәслихаттың депутаты болдым, - дейді Салтанат.

Депутат Рахымбекованы 2003 жылы облыс әкімі кәсіпкерлермен жұмыс жөніндегі өзінің кеңесшісі қызметіне шақырып, бір жылдан кейін Қарағанды облыстық Бас экономика басқармасына басшылық етуге ұсыныс жасалады, ол қазір кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі облыстық департамент деп аталады.

- Менің алдыма әкім мәселелер қойды, кәсіпкерлікпен айналысып жүргенде қоғамдық негізде көп ұсыныстар бергенімді еске алған әкім, енді менен сол ұсыныстарды үкімет деңгейінде жүзеге асырып, дамытуды күтетінін айтты, - дейді Салтанат.

Департаменттің қазір атқарып жатқан шаралары ұшан-теңіз, негізінен ауылды жерлердегі шағын кәсіппен айналысатын адамдардың жеңілдікпен несие алуларының мүмкіндіктерін, жеңілдіктерін қарастыратын бағдарламалар жасау.

- Біздің Қарағанды облысында 9 ауылшаруашылық ауданы болатын болса, біз солардың жетеуінде қазір сол ауылшаруашылық несие ұйымдарын ұйымдастырдық. Соларға мемлекет тарапынан 300 миллион теңге берілген, бірақ соның 30 процентін ғана алып, қалғанын игере алмай отыр. Оның себебі - олар бизнес-жоспар жасай алмайды, біз сондай шараларға көмектесеміз, - дейді Салтанат.

Салтанаттың уақытының көпшілігі қызметте, кеңседе өтеді. Бүгінде техника ғылымының докторы Төлеутай екеуінің отбасында Әлия, Айбота есімді екі қыз өсіп келеді. Үлкен қыздары Алматыдағы Экономика және Менеджмент институтының студенті, ал Айбота гимназияда оқиды.

Салтанат отбасында өткізетін бос уақыттар өте аз екенін айтады.

- Ондай сәттер бола қалғанда отағасыммен, қыздармен шүйіркелесіп отырғанды ұнатамын. Менің қандай бір жеткен жетістігім болса, алдымен әке-шешемнің тәрбиесі, сосын ерімнің көмегі мен қолдауының арқасы. Мен ойлаймын, менің бірінші бағым - мен Қазақстан еліндемін. Әке-шешеме рахмет, мені бетімнен қақпай, ерке етіп өсірді. Мен институтта 90 процент ер балалар арасында оқыдым. Екінші бағым - ерімнің мені түсінгені, көмектескені деп ойлаймын, соның адамгершілігінің арқасы, - дейді Салтанат.

Ал жалпы Қазақстанда әйелдердің қоғамдағы өз орнын табуына, іскерлік қабілетін дамытып, елге пайдасын тигізуіне мүмкіндіктер жасалған тек әйелдің өз қалауы, ынтасы мен ұмтылысы болса болды дейді Салтанат:

- Мысалы, Қарағанды облысына келсек, көптеген басшылық орындарда әйелдер бар, бір аудан әкімі әйел, ал әйел орынбасарлар, сондай-ақ депутаттық корпуста да әйелдер жеткілікті. Бұл бізде гендерлік саясаттың дұрыс жүргізілуінің нәтижесі. Әйелдердің жұмысқа деген қабілеті, олардың іскерлігі ескеріліп отыр. Жалпы, бәрі де әйелдің өзіне байланысты, өз алдына мақсат қойып, елімнің дамуына үлес қосам деген әйел адамға бар мүмкіншілік жасалған деп білемін.
XS
SM
MD
LG