Accessibility links

АҚШ ғарыш агенттігі Плутонды зерттеу үшін адамы жоқ кемесін ғарышқа ұшырмақшы


АҚШ ғарыш агенттігі Плутон планетасын зерттеу үшін “Жаңа горизонттар” атты адамы жоқ кемесін Канаверал мүйісінен сейсенбі күні ғарышқа ұшырмақшы. Бұл кеме Жерден ұшырылған соң тез жылдамдықпен 9 сағаттың ішінде айдың тұсынан өтеді. Бірақ бұған қарамастан Плутон планетасын айналып, осы жұмбақ планетаны жақыннан зерттеп шығуы үшін оған 9 жыл уақыт керек болады.

Плутон Күн жүйесінің сырты құрсауында орналасқан планета. Жерден 5 миллиард километр қашықтықта болған бұл планетаны осыған дейін ешкім әлі зерттемеген. Бірақ енді бұл жұмбақ планетаны зерттеу үшін АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі өзінің адамы жоқ кемесін ғарышқа ұшыруға дайындалып жатыр. Осылайшы ғалымдар осы кеме арқылы Плутон жайлы керекті мәліметтерді ала алады. Ғалымдардың айтуынша, бұл өте маңызды тәжірибе, өйткені Плутон планетасы қатты мұздатылған және ол Күн жүйесі пайда болған кезеңнен бері еш өзгермеген.

Бұл жобаға 500 миллион доллар жұмсалып отыр. Осы тәжірибені жүзеге асырып отырған ғалым Алан Стерн. Ол Колорадодағы зерттеу институында жұмыс істейді.

“Бұл - планеталарды зерттеудегі ең маңызды тәжірибе. Біз планетаның жаңа түрін зерттеу үшін Күн жүйесінің ең шетіне жақындамақшымыз”, - деді Стерн.

Стерннің командасы қаңтардың 17-сіне кеменің ұшырылатынына сенімдіміз дейді. Алайда қандайда бір себептермен ол сол күні ұшырылмаса, онда кемшіліктерді түзеп, кемені ақпан айының басында ұшырамыз дейді. Өйткені дәл сол уақытта, ғалымдардың пікірінше, Юпитер планетасы арқылы “Жаңа горизонттар” атты кеменің жылдамдығы тездетіледі. Юпитердің қосымша итеруісіз кеменің Плутонға жетуі бұдан да ұзақ уақытқа, яғни 14 жылға созылуы мүмкін. Ал ол кезде атмосфераның өзгеруіне байланысты Плутонды зерттеу қиынырақ болады екен.

Ұлыбританияда орналасқан ғарышты зерттеу университетінде жұмыс істейтін ғалым Андрю Коатес:

“Жер және басқа планеталар туралы көбірек білгіміз келсе, біз зерттеу жұмыстарымызды жүзеге асыруымыз керек. Плутон планетасы Күн жүйесіндегі басқа планеталарға ұқсамайды. Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун құрамында газы бар үлкен планеталар. Ал Плутон мұздатылған және ол мүлдем басқаша”.

Плутон осыдан 75 жыл бұрын табылған.
XS
SM
MD
LG