Accessibility links

Сыбайласқан жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комитетке қатысты сот процесі басталды


Қаңтардың 20-сы күні Астана экономикалық сотында елдегі Сыбайласқан жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комитеттің қызметіне қатысты алғашқы мәжіліс өтті. Прокуратура қызметкерлері бұл қоғамдық ұйым тексеру, қадағалау, бақылау сияқты мемлекет құзырындағы жұмыстарды өздеріне алғандары заңсыз деп есептейді. Алайда, комитет басшылығы прокуратурамен де, өз арасында да келісімге келе алмай отыр.

Мысалы, прокуратура талабын заңсыз деп есептейтін осы комитеттің атқарушы директоры Талғат Құсдәулетов өзінің бұл процеске жіберілмей отырғанын айтады. Ол бұған комитеттің басқарама басшысы, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланованы кінәлайды. Оның айтуынша, "Ақ жол" партиясы қоғамдық комитетті саяси науқан кезінде пайдаланды, енді оны жапқысы келеді. Алайда, Людмила Жуланова болса керісінше Құсдәулетовтің өзі осы комитеттің жұмысына кедергі келтіріп отыр деп кінәлайды.

Сыбайласқан жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комитетке қатысты прокуратура талабымен осы ұйымның басшылығы келіспейді. Мысалы, комитеттің басқарма бастығы Людмила Жуланова комитетті тіркеу кезінде мемлекеттік органдар бұларға мемлекеттік органдарға тән қызметтерді алып отырсыңдар деген ескертулер айтқан соң, көрсетілген кемшіліктер дер кезінде жойылған дейді.

«Комитет тарапынан біздің заңгеріміз жұмыс істеді. Барлық ескертулер есепке алынды. Содан кейін барып бізді мемлекеттік тіркеуден өткізген. Сондықтан, біз заңды түрде қабылданған комитеттің жарғысы аясында қызмет еттік», - дейді Людмила Жуланова.

Былтырғы жылы Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясына қарасты бұл комитет өзінің тіркеуге берген құжаттарын Әділет министрлігіне өткізген кезде құзырлы мекеме екі мәрте оларды тіркемей қойған еді. Бірақ комитеттің құрылтайшылары бұл туралы арнайы мәлімдеме жасап, ал Әділет министрі Зағипа Бәлиева «қоғамдық комитет те сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күресе алады» дегеннен кейін ғана көп ұзамай тіркеуден өткен болатын. Әйтсе де, бүгінде Астана прокуратурасының қызметкері Думан Қаржасбаев бұл қоғамдық комитеттің ұйымдастырылуы заңсыз деп отыр.

«Біздің анықтағанымыз, олар қоғамдық ұйымдар құзырына жатпайтын, тек мемлекеттік органдар айналысатын өкілеттіліктерді алған. Мысалы, қадағалау, бақылау, тексеру. Олар қоғамдық ұйым емес пе? Мұндай қызметті олар қалай алады?» - дейді прокуратура өкілі.

Қаңтардың 20-сы күні прокуратура талабын Астана экономикалық соты қарап, алғашқы сот мәжілісін өткізді. Онда екі тараптың уәждері айтылған. Ал сот шешімі қаңтардың 23-і күнгі сот отырысында шығарылмақ. Алайда, осы комитеттің атқарушы директоры Талған Құсдәулетов қоғамдық комитеттің басқа құрылтайшыларынің кесірінен бұл процеске өзінің қатыса алмай отырғанын айтады.

«Менің түсінгенім, оларға бұл комитеттің қажеті жоқ. Президент сайлауы болды. Сондықтан, жеке мүделлеріне пайдаланды. Енді комитетті жабуға тырысып жатыр. Мені сотқа жібермесін деп судьяға айтқан. Мен білетін, әлі тексерілмеген ақпарат бар: Ә.Бәйменов билік орындарымен келіссөз жүргізген».

Бірақ, «Ақ жол» партиясының төраға орынбасары әрі сыбайласқан жемқорлыққа қарсы комитеттің басқарма бастығы Людмила Жуланова керісінше, Құсдәулетов комитет жұмысына кедергі келтіріп отыр деп қарсы уәж айтады.

«Ол бұған дейін бірнеше рет осы комитетті жабу үшін шара қабылдайтындығын айтқан. Қазір ол комитеттің облыстық филиалдарын тіркеуге кедергі келтіріп отыр. Егер маусым айына дейін оларды тіркемесе, онда шынымен комитетті жауып тастайды. Себебі, ол құрылтайшылардың барлық құжаттарын жинап алып, бізге бермей ұстап отыр. Ешқандай өтінішімізге құлақ аспайды. Сол себептен, оны комитеттен шығару мәселесін қарайтын шығармыз», - дейді Людмила Жуланова.

Егер комитет өз қызметін тоқтатса, ол құрылтайшысы болып табылатын «Право. Экономика. Политика. Культура» газеті де қоса жабылмақ. Газеттің бөлім редакторы Галина Дырдина болса, барлық қызметті Құсдәулетов атқарып келді, енді одан да, газеттен құтылғылары келеді дейді.

«Құсдәулетов сияқты тәжірибелі адамды неге бұл процестен шығарғылары келеді? Меніңше, Жулановаға бұл комитеттің қажеті жоқ. Олар Құсдәулетов пен біздің газеттен құтылу үшін газетті жауып, популистік қадамдарға арналған басқа комитет ашқылары келетін сияқты», - дейді журналист Г.Дырдина.

Ал Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитеттің құрылтайшылары - «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бұл комитетті ешқашан саяси мақсатқа пайдаланбағандарын айтады.

«Оған бір ғана дәлел: сайлау кезінде комитеттің атын пайдаланып мәлімдеме таратып немесе мені қолдайтындай комитеттің атынан шара жасатқан жоқпыз. Бұл комитет сайлауға дейін съезде құрылған болатын. Қазір комитет жария қылмай-ақ көп іс тындырып жатыр... Бұл комитет қажет! Себебі, қоғамда жемқорлыққа қарсы күресетін одан өзге қоғамдық ұйым жоқ».

Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитеттің құрылатындығы туралы былтырғы жылы көкек айында алғаш Әлихан Бәйменов хабарлаған болатын. Онда ол Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлық деңгейінің өте жоғары екендігін айта отырып, комитет соған қарсы күресіп, қоғамдық бақылау орнататындығын айтқан-ды.
XS
SM
MD
LG