Accessibility links

Палестин сайлауларында «Хамас» тобы жеңіске жетіп отыр


Сәрсенбі күні болған Палестин Парламенттік сайлауларында исламшыл Хамас тобы жеңіске жеткен тәрізді. Палестин үкімет басы Ахмед Қурей өз үкіметінің енді биліктен кететінін айтып, жаңа палестин үкіметін Хамас құруы керек деп мәлімдеді. Талдаушы мамандардың айтуынша, Палестин сайлауларының нәтижесі палестиндықтардың Израильмен арадағы байланыстарын одан әрі күрделендірмек, ал Таяу Шығыстағы бейбітшілік келіссөздерін әзірге тығырыққа тіремек.

Сәрсенбі күні өткен сайлаулардың ресми нәтижесін Палестин Орталық Сайлау комиссиясы бейсенбінің кешінде, жергілікті уақыт бойынша кешкі жетіде (Астана уақыты бойынша түнгі 11-де) жариялауы тиіс. Алайда, ресми нәтиже жарияланбай тұрып-ақ, Палестин үкімет басы Ахмед Қурей өз үкіметінің биліктен кеткенін мәлімдеп үлгерді.

"Президентке өз отставкам туралы өтінішті жолдадым, оның жаңа үкімет басын таңдауына мүмкіндігі бар,"- деді Ахмед Қурей.

Палестин Президенті Махмуд Аббас өз кезегінде үкіметтің қызметтен кету жөніндегі өтінішін қанағаттандырды.

Бейсенбі күні таңертең жасаған мәлімдеемсінде Израиль үкімет басы қызметін атқарушы Эхуд Олмерт құрамында Хамас бар палестин үкіметін еврей мемлекеті қабыл ала алмайды деген еді.

Хамас тобының ресми уәкілдері, сондай-ақ, билік басында болып келген Фатах тобы жетекшілері мен Палестин сайлау комиссиясы мүшелері таратқан хабарларға қарағанда, Хамас тобы Палестин Парламентіндегі 132 депутаттық орынның басым көпшілігін жеңіп алған.

Хамас-тың баспасөз уәкілі Сами Абу Зухрин Газа қаласында жасаған мәлімдемесінде былай деді:

"Сайлаудың алдын ала нәтижелеріне қарағанда, Хамас парламентте 75-тей орынға ие болды. Осыны назарға ала отырып Хамас саяси партиялармен, Президент Махмуд Аббаспен және Фатахтағы ағайымдарымызбен саяси сахнадағы ендігі ынтымақтастық мәселесіне орай кеңес өткізбек. Біздің қалайтынымыз тәуелсіз саяси көзқарас ұстанған партия атаулының басын қосатын палестиндық парламент құру".

Палестин сайлауларына қатысу құқығы бар 1,4 миллион халықтың дауыс беру белсенділігі жоғары болған. Талдаушылардың айтуынша, қарапайым халықтың көпшілік бөлігінің Хамасты қолдап шығуына бұған дейін билік басында болып келген Фатах тобындағы жемқорлық себеп болған. Мұның үстіне, Хамас тобы қарапайым халыққа қайырымдылық жәрдем берумен тығыз айналысқан.

АҚШ, Европа Одағы және Израиль Хамасты террорлық топ деп біледі. Әзірге Палестин сайлауларының нәтижесіне АҚШ және басқа да алып елдер өз ресми көзқарастарын білдіріп үлгермеді.

Бұған дейін АҚШ 2000 жылдан бері 60 жанкешті шабуылын ұйымдастырған Хамас тобымен келіссөзге бармайтынын айтқан болатын. Палестиндықтарға ең көп қаржылай жәрдем көрсетіп келген Европа Одағы да Израиль мемлекетінің көзін жоюды өз мақсаты етіп қойған Хамас тобы сайлауда жеңіске жететін болса, палестиндықтарға көрсетіліп отырған жәрдем мәселесін қайта қарауы мүмкін екенін бұған дейін ескерткен еді. Алайда, Европа Одағының сыртқы байланыстар жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Валднер ханым бейсенбі күнгі мәлімдемесінде Таяу Шығыстағы жанжалды бейбіт жолмен шешуге ынталанған кез келген палестин үкіметімен Европа Одағы бірге жұмыс істеуге әзір деп атап өтті.

Әзірге халықаралық деңгейде Палестин сайлауларының нәтижесіне байланысты білдірілген көзқарас шектеулі болып отыр. Өз көзқарасын білдіргендердің бірі – Италия үкімет басы Сильвио Берлускони, мәселен, палестин сайлауларының нәтижесін "өте, өте, өте нашар нәтиже" деп атапты.

Алайда, «Азаттық» радиосы әңгімеге тартқан Израильдегі араб қауымдастығы үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Әмір Махуль халықаралық қауымдастықтың сайлау нәтижелерін мойындаудан басқа шарасы жоқ деп есептейді.

«Менің ойымша, халықаралық қауымдастық сайлау нәтижелерін қолдап шығуы тиіс, сол Хамаспен, Фатахпен байланыс орнатып, жұмыс істеуге тырысуы керек. Мәселе ол нәтижелерді қабылдау, немесе оны жоққа шығару сияқты тым қарапайым емес. Бұл нәтиже басқыншылық астындағы палестин халқының таңдау-тілегін көрсетіп отыр. Басқадай жағдайда нәтиже де мүлде басқаша болуы да мүмкін», - дейді Израильдегі араб қауымдастығы үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Әмір Махуль.
XS
SM
MD
LG