Accessibility links

Алматы қаласында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған Өзбекстаннан келетін жезөкшелер саны артып отыр


Алматы қаласындағы СПИД орталығында тіркелген, жыныстық қызмет көрсетуді кәсіп еткен 47 ВИЧ дертін жұқтырған әйелдің 17-сі Өзбекстаннан келген. Дәрігер-эпидемиологтар соңғы 2 жылда Өзбекстаннан келетін науқастар саны күрт өскеніне алаңдаушылық танытып отыр. Жалпы, жақын шетелден келіп, ВИЧ-инфекциясын жұқтырғанын анықтаған 113 адамның 61-ін тағы да өзбекстандықтар құраған.

Диана ЮЛДАШЕВА Өзбекстаннан табыс табу үшін Қазақстанға келген жастардың бірі. Оны Ташкенттегі Фатима Гаджиева есімді танысы косметика сатудың менеджері боласың деп алып келіпті.

- Маған айына 150-200 доллар табыс табасың деді. Бұл Өзбекстан үшін үлкен ақша! Сондықтан, біз Катя деген құрбым екеуіміз келістік. Сосын жалдамалы үйге алып келді. Онда барлығы 9 қыз тұрдық. Басында даяшы етіп орналастырды. Бірақ жұмыс көп, ақша аз болды. Сосын ол маған аптасына 70 мың теңге табасың деді. Солай басталып кетті. Құжаттарымды алып алды. Күніне бірнеше клиентке қызмет еттік. Барлық ақшаны Гаджиева өзі алып отырды. Егер қарсы шықсақ, ұрып-соғатын. Ал үйімізді полицейлер қарауылдай бастаған кезде ол екі-үш қызды алып, тайып тұрды, - дейді өзбекстандық Диана Юлдашева.

Жалпы, Қазақстанға келіп, жезөкшелікпен айналысатындар арасында Өзбекстаннан келетін қыз-келіншектердің көп екендігін полицейлер де аңғарыпты. Олардың арасында ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар да бар. Мысалы, биылғы жылғы қаңтар айында осындай жұқпалы ауруға шалдыққан 18 жастағы өзбекстандық қыз ұсталып, қазір тергеу шаралары жүргізілуде дейді Алматы ішкі істер басқармасының инспекторы Гаухар ҚОРҒАСБЕКОВА:

- Қаңтар айында ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы 1987-ші жылы туған Ирода есімді Өзбекстан азаматшасын ұстаған болатын. Аталған азаматша 2005-ші жылдың қараша айынан бастап, Алматы қаласында СПИД орталығында тіркеуде тұрған. Бұған дейін ол Қазақстаннан бір рет шығарылған болатын. Алайда, ол 1 ай өткен соң қайтып келген. Алматы қаласында жезөкшелікпен айналысып, жұқпалы дертті таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің арнайы баптарымен жауапқа тартылатын болады. 18 жасқа толған Ироданың айтуынша, ол Ташкентте ата-анасы, бауырларымен тұрады екен. Алматыға келгендегі мақсаты – жеңіл жолмен, яғни, тән сату арқылы ақша табу.

Соңғы жылдары Қазақстанда ВИЧ-инфекциясын жұқтырған өзбекстандық әйелдер саны арта түскен. Алматы СПИД орталығында тіркеуде тұрған, жезөкшелікке салынған 20 бойжеткеннің 17-сі өзбекстандық дейді СПИД-орталығының дәрігер-эпидемиологы Диляра ВАРИСОВА:

- Соңғы екі жылда, яғни, 2004-2005-ші жылдары біз Өзбекстаннан келген қыздармен жұмыс жүргізе бастадық. Сонда анықтағанымыз: ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар легі Өзбекстаннан ағылған. Бүгінгі күні бізде Өзбекстаннан келген 17 қыз тіркелген. Мен олардан бұл жаққа қалай келгендерін сұрағанымда, олардың басым бөлігі секс қызмет көрсету саласына өз еріктерімен келгендерін айтты, - дейді дәрігер Диляра Варисова.

СПИД орталығының деректеріне қарағанда, науқастардың 82 пайызға жуығы ВИЧ-инфекциясын ине салу арқылы, тек 14 пайыздан астамы жыныстық жолмен жұқтырған. Адамдар жыныстық жолмен ауруды жұқтыруы мүмкін екендігін көп жағдайда ескере бермейді дейді дәрігер-эпидемилог Дәмет ӘНЕСҚЫЗЫ:

- Жастардың көпшілігі бұл ауруға негізінен есірткі тұтынушылар, инъекция пайдаланатындар зақымдалады деп түсінеді екен. Мысалы, бір 15 жастағы қыз бала келді. Өзі жүкті екен. Сонда қан тапсырғанда, оның ВИЧ-инфекция жұқтырғаны анықталды. Сонда біз: «Бұл аурудың жыныстық жолмен де берілетінін білесің ғой» дегенімізде, ол: «Жұқтыратындардың 80 пайызы нашақорлар емес пе?!» - дейді. Ал науқастардың 14 пайызы бұл дертті жыныстық қатынас арқылы жұқтыратынын ол аз деп, қабылдамаған.

Полиция қызметкері Гауһар Қорғасбекова бүгінде жезөкшелікке тосқауыл қоятын ешқандай заң нормалары жоқтығын алға тартады:

- Жезөкшелікке қарсы Қазақстанда ешқандай заң нормалары жоқ. Біз тек осындай СПИД сияқты жұқпалы аурулар таратқан кезде, құжаттары дұрыс болмағанда, делдалдардың үстінен жәбірленушілерден шағым түскенде іс қозғалады. Бірақ жезөкшелікке емес, басқа жағынан. Егер оларға ең құрығанда әкімшілік жаза, айыппұл салу қолданылса, бұлай алысқа кетпес пе еді?!

Ал керісінше жезөкшелік заңдастырлып, арнайы зинақорлар үйі ашылса, бірқатар мәселелердің шешілетіндігіне меңзейді дәрігер Диляра Варисова:

- Егер бізде зинақорлар үйі ашылса, онда оларды қорғау оңай болады. Өйткені, көшеде тұрғандар көптеген қауіпке ұшырауы мүмкін. Олардың денсаулығына ғана емес, өміріне де қатер төнуі ықтимал. Егер арнайы ондай үйлер болса, ондағыларды қамту, тексеру, зерттеу жүргізу, семинарлар өткізу жеңіл болар еді. Бірақ, ол қыздардың өздері ондай жерлерге бара қояр ма екен?!

Бұл уақытта ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар саны жыл сайын жылдам артып отыр. Егер 1987-ші жылдан 2006-шы жылдың 1-ші қаңтарына дейін Алматы СПИД орталығында барлығы 892 науқас тіркелсе, тек былтырғы жылы ғана 323 адамның «ғасыр дерті» аталып кеткен қатерлі дертті жұқтырғаны анықталған. Олардың 54 пайызын 14-29 жас аралығындағы жас азаматтар құрайды.
XS
SM
MD
LG