«Бұл мәселеде Батыс палестиндықтарға әділетсіздікпен, Израильдың басқыншылығына түсіністікпен қарап отыр. Мұндай шешім сәтті түрде демократияны жүзеге асрғаны үшін біздің халыққа қолданылған жаза болмақ. Сондықтан, біз Батыс қоғамынан өз көзқарасын қайта қарауын сұраймыз», - деді «Хамас» тобының баспасөз уәкілі Сами Абу Зухрин.
Осының қарсаңында Лондонда өткен кездесуінде Таяу Шығыс "Төрттігі" аталған бейбіт келіссөздердегі негізгі ара ағайын тараптар Палестин әкімшілігіне алдағы уақытта көрсетілетін қаржылық жәрдем мәселесі «Хамас» жетекшілігіндегі жаңа үкіметтің зорлық атаулыдан бас тартуға, Израильды мойындауға, сондай-ақ Израиль-Палестин бейбіт келіссөздерін қабыл алуға дайындығына байланысты деп мәлімдеген еді.
2000 жылдан бері 60-қа тарта жанкешті шабуылын ұйымдастырған «Хамас» тобы Израильды мойындамай келеді.
«Хамастың» басқа да жетекшілері АҚШ, Ресей, Европа Одағы және БҰҰ-н қаржылық жәрдемді доғару жөніндегі ескертуді қайта қарауға шақырып отыр.
Кеше Газа қаласында жасаған мәлімдемесінде «Хамас» уәкілі Исмаил Хание халықаралық қауымдастықтан түсіп жатқан қаржы тек үкіметтік шығындарды жабуға ғана жұмсалатынын айтты:
«Бұл қаражат тек үкіметтік қызметкерлердің жалақысын төлеуге және инфрақұрылым мен күнделікті шығындарға ғана жұмсалатынына сендіргіміз келеді», - деді «Хамас» уәкілі Исмаил Хание.
Дүйсенбі күні Брюссельде сөйлеген сөзінде Австрия СİМ Плассник ханым Таяу Шығыс "Төрттігі"-нің талаптарына байланысты былай деді:
«Зорлық пен террор демократияға жат. Міне сондықтан да, біз «Хамас» және басқа да тараптарды зорлық атаулыдан бас тартуға, Израильды мойындауға және қарусыздануға үндеп отырмыз».
Австрия қазір Европа Одағындағы кезек бойынша ауысып отыратын төрағалыққа ие боп отыр. Европа Одағы болса, Палестин әкімшілігіне ірі көлемде қаржылай жәрдем көрсетіп келеді. Өткен жылы Европа Одағы Палестин акімшілігіне 600 миллионнан астам доллар қаржылай жәрдем көрсеткен.
АҚШ «Хамасқа» байланысты қатаңырақ көзқарас танытып отыр. «Хамас» тобын АҚШ та, Европа Одағы да террорлық топ ретінде қарастырады.