Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне шығару жөнінде уағдаласып отыр


БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі Иран өзінің ядролық бағдарламасына қатысты сауалдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде жауап беруі тиіс деп келісті. Бұл шешім Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі – АҚШ, Британия, Франция, Ресей және Қытайдың, сондай-ақ Германияның СİМ-лері Лондонда бас қосып, келіссөз өткізгеннен кейін жарияланды. Иран мұндай қадамның заңдық негізі жоқ деп, қазіргі айтысты дипломатиялық жолдармен шешу әрекеттерінен бас тартуы мүмкін екенін ескертті.

Иран Атомдық Энергия Агенттігінің жетекшісі Ғоламреза Ағазаде Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне шығаруға заңдық негіз жоқ деп мәлімдеді.

Сейсенбі күні Иранның Студенттік Ақпарат Агентігіне берген сұхбатында Ағазаде Иранның Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігімен арадағы ынтымақтастығы және бар нәрсені жасырмай ашық өткізуы Европа Одағының мәселені БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне шығаруына бөгет болмақ деді.

Осыған дейін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде вето дауысына ие Ресей және Қытай мәселені ҰҰ-ның аясына шығаруға келіспей келген-тұғын. Алайда, Лондонда Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Британия, Германия СİМ-лері кездескеннен кейін осы аталмыш алты ел мен Европа Одағы атынан жасалған біріккен мәлімдемеде Иран маселесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігінің жетекшілері өткізетін төтенше отырыста қаралуы керек деген шешім жария етілді. Бұл отырыс ақпан айының 2-сінде өтуі тиіс.

Десе де, мәлімдемеде Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір қадамға бармастан бұрын наурыз айында Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігінің жетекшісі Мұхаммед әл-Барадей жасауы тиіс есепті баяндаманы күткені абзал деп ескертіледі.

Лондондағы Стратегиялық Зерттеулер институтының ядролық қаруларды таратпау мәселелері бойынша бас маманы Марк Фитцпатрик-тың айтуынша, Ресей мен Қытайдың Иран мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шығаруға келісуі тегін емес.

"Екі мәселе қамтылып отыр, бір жағынан мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аясына дейін көтеру, екінші жағынан Қауіпсіздік Кеңесінің наурыз айына дейін қандай да бір қадамдарға бармауын қамтамасыз ету. Бұл Иранға өз шешімін өзгертуге тағы да қосымша уақыт бермек", - дейді Лондондағы Стратегиялық Зерттеулер институтының ядролық қаруларды таратпау мәселелері бойынша бас маманы Марк Фитцпатрик.

Иран өз кезегінде мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жеткізудің заңдық негізі жоқ деп мәлімдеп, қазіргі айтысты дипломатиялық жолдармен шешу әрекеттерінен бас тартуы мүмкін екенін ескертті.

Алайда, Шотландиядағы Абердин Университетінің профессоры, Иран бойынша маман Реза Тағизаденің айтуынша:

"Иран, қысқа мерзімді есепке алар болсақ, бұл хабарға теріс көзқарасын білдіріп, өз ескертулерін айтуы мүмкін. Алайда, арада тек бір жарым ай ғана уақыт қалғанын ескерсек, Иранға қысым күшейіп, ол Қытай, Ресей, тіпті Үндістанның толық қолдауына ие болу үмітінен айрылса, онда Иран бірте-бірте ымраға барып, келіссөз есігін ашатын болады", - дейді Шотландиядағы Абердин Университетінің профессоры, Иран бойынша маман Реза Тағизаде.
XS
SM
MD
LG